Қазақтың үш қыраны туралы қызықты мәліметтер

Қазақтың ғарышты бағындырған үш қыраны туралы қызықты мәліметтерді көпшілік назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз. 


Қазақтың үш қыраны туралы қызықты мәліметтер - Фото

12 сәуір – Адамзаттың ғарышты бағындырған күні. Сондықтан, 1968 жылдан бастап Халықаралық авиация федерациясы 12 сәуірді Дүниежүзілік авиация және космонавтика күні деп бекітті.

Сонымен қатар, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы 12 сәуірді - Адамның ғарышқа ұшуының халықаралық күні деп жариялады.

Қазақтың үш қыраны туралы қызықты мәліметтер - Фото

Алғашқы тарихи сәт киелі қазақ жерінде - Байқоңыр ғарыш айлағында тіркелгендіктен, осынау атаулы күннің Қазақстан үшін маңызы зор.

Елімізде ғарышты игеруге қатысты жүргізіліп жатқан ауқымды жобалардың арқасында қазақ халқынан да Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов секілді ғарышкерлер шығып, есімдері Қазақстан тарихы беттеріне алтын әріптермен жазылды.

Бұл мақалада біз қазақтың үш қыраны туралы қызықты мәліметтерді топтастырып, көпшілік назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз. 

Қазақтың үш қыраны туралы қызықты мәліметтер - Фото

Тоқтар Әубәкіров - қазақтың тұңғыш ғарышкері, Талғат Мұсабаев – Тәуелсіз Қазақстаннан шыққан тұңғыш ғарышкер, ал Айдын Айымбетов – ғарышты бағындырған Қазақстанның тұңғыш азаматы (Тоқтар Әубәкіров КСРО азаматы ретінде, ал Талғат Мұсабаев Ресей азаматы ретінде ұшқан болатын).

Тоқтар Әубәкіров  ғарышта 7 күн 22 сағат 13 минутты, Талғат Мұсабаев 341 күн 9 сағ 48 мин, ал Айдын Айымбетов  9 күн 20 сағ 13 мин 51 с болған.
 
Үш қыранға да ғарыш кеңістігін игеруге сіңірген аса зор еңбегі, ғарышқа ұшу кезінде көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін «Халық қаһарманы» атағын берілген.

Сонымен қатар, 1988 жылы 31 қазанда авиация саласындағы ерен еңбегі үшін Тоқтар Әубәкіровке «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілген.

Қазақтың үш қыраны туралы қызықты мәліметтер - Фото

КСРО-ның 72-ші, әлемнің 256-шы ғарышкері Тоқтар Әубәкіров - бірнеше рет рекорд орнатып, Гиннесің рекордтар кітабына да енген тұңғыш қазақ ғарышкері. Оның рекордтары:
- 1988 жылы Кеңес одағында тұңғыш рет әуеде ұшаққа 2 рет жанармай құйдыру арқылы солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен орындады. 8 сағатқа созылған сынақтың мақсаты: ұшақтың солтүстік ендіктегі магниттік аномалияға реакиясын байқау, т.б.;
- 1989 жылы Тоқтар Әубәкіров КСРО-да алғаш болып МиГ-29К истребителін «Тбилиси» крейсерінен истребительге арналған трамплиннің көмегімен алғаш болып ұшырды және асқан шеберлікпен дәл қондырды.

Талғат Мұсабаев та рекорд орнатқан ғарышкер болып саналады. Гиннестің рекордтар кітабында оның бір айдың ішінде 5 рет небары 30 сағат 8 минут ұзақтығымен ашық ғарышқа шыққанны жазылып алынған.

Тоқтар Әубәкіров туралы қызықты мәліметтер:
- әлемде бірінші рет жай ұшақпен , катапульттің көмегінсіз трамплиннен ұшқан ұшқыш (Гиннес рекордтар кітабына енген ерлігі);
- қазақтан шыққан тұңғыш спорт шебері;
- өзінің айтуынша, негізінде Әубәкір әкесі, атасы Оңғарбай. Сонда дұрысы – Оңғарбаев Тоқтар Әубәкірұлы;
- жылына екі рет отбасында «Ашық есік күндерін» өткізеді: 12 сәуір – қазақтың жерінен тұңғыш ғарышқа адам ұшқан күн және 2 қазан – өзі ғарышқа ұшқан күн. Бұл күндері кең дастархан жайылып, үйіне келген қонақтарды шын көңілмен қарсы алып, ерекше мейіріммен күтеді.
- 10 жасында слесарьдың көмекшісі болып жұмыс істеген.

Тоқтар Әубәкіров реактивті ұшақтың 50-ден аса жаңа түрін сынақтан өткізді. Сынақтар өткізу кезінде өмір мен өлім арасында болған аса қауіпті ұшулар да болған. Бұл туралы ұшқыштың өзі былай дейді: «Ұшақты сынақтан өткізу үшін көп уақыт керек. Бұл – бір. Екіншіден, сен сынақтан өткізгелі отырған ұшақ ең соңғы технологиялармен жасалынған. Яғни, кез келген уақытта бір бөлігі істен шығуы мүмкін. Әр ұшақ өзімен бірге ұшқышын алып кетеді. Сынақшы-ұшқыш боп жүргенімде  1977 жылы 17 жолдасымнан айырылдым. Бұл бір жылдың ішіндегі жағдай.  Бүкіл аэродром босап қалды. Солай болған күннің өзінде қалған сынақшы-ұшқыштар  «біз де сол әріптестердің қатарына қосылып кетуіміз мүмкін-ау» демей, ары қарай жұмыстарымызды жалғастыра бердік. Ұшақты кемеге қондырарда жақындаған сайын кеме үлкеймейді, керісінше кішірейе түседі. Табиғаттың заңы бұзылады. Сондықтан тек бір нүктеден көз алмау керек. Көзің тайды екен қона алмайсың, я апатқа ұшырайсың. Кемеге қонған кезде ғана оның үлкен екенін сезінесің.Менің басымнан да бірнеше жағдайлар өтті. Төрт рет «секір» деген бұйрық түсті, ұшып келе жатқанда кенет мотор тоқтап қалған кездер де болды, басқаратын руль қатып қалды және тағы басқалар».




Қазақтың үш қыраны туралы қызықты мәліметтер - Фото

Талғат Мұсабаев туралы қызықты мәліметтер:

Талғат Мұсабаев «Союз-ТМ» ғарыш кемесімен қатарынан үш рет ғарыш әлемін бағындырды. Ол ғарышта ең алғаш рет 1994 ж. 126 тәулік, 1998 ж. Екінші сапарында 208 тәулік және 2001 ж. жасаған соңғы сапарында 8 тәулік болған. Бұл – ғарышта болу ұзақтығы бойынша қазақ ғарышкерлері арасындағы тұңғыш рекордтық көрсеткіш болып саналады.

Сонымен қатар, Талғат Мұсабаев әлемнің ең алғашқы ғарыш туристі Денис Титомен бірге ұшқан экипаж мүшесі ретінде және осылайда әлемде тұңғыш рет ғарышқа туристік сапарға жол ашқан ғарышкер ретінде ғарышты игеру тарихында қалған тұлғалардың бірі.

Талғат Мұсабаев – ашық ғарыш кеңістігіне алғаш шыққан  тұңғыш қазақстандық ғарышкер. Ол ғарыш стансасынан тыс ашық ғалам аясында жалпы мерзімі 41 сағат 21 минут болған. Гиннестің үздік табыстар кітабына бір айдың ішінде 5 рет, барлығы 30 сағат 8 минут ұзақтығымен ашық ғарышқа шыққаны үшін есімі айшықталып жазылған.

Ұшқышпен бірге ғарышта болған әріптесі Юрий Маленченко Талғат Мұсабаевпен ашық ғарышқа шыққанда тура Қазақстанның үстінен өтіп бара жатқандарын байқапты. Сонда Мұсабаев: «Қазақстанның үстінен өтіп бара жатырмыз. Менің Қазақстаным!» – деп айқай салыпты. Ғарышкерлер қатпар-қатпар Алатау сілемдері мен Балқаш көлінің көрінісін ғарыштан көріп тәнті болыпты.   
Ғарышқа сапар кезінде бірнеше рет ажалмен бетпе-бет кездескен ғарышкер бұл оқиғаларды былай деп баяндап берді: «Ғарышта ажалдың аузынан қалған жағдайларым болды. Біреуін ғана айтайын. Ашық ғарышқа шыққан кезімде, мені кемеге бекітіп, ұстап тұратын тетік ажырап кетті. Біртіндеп тұңғиыққа шым батып бара жаттым. Айтары жоқ сұмдық еді. Көз алдымнан жалт-жұлт ойнап, әп-сәтте бүкіл ғұмырым өте шықты. Тірі қалуым мүмкін емес-тін. Бұрын-соңды ескерілмеген, ескерілмек түгіл ойға келмеген хал. Ауа қоры 8 сағатқа жетеді. Одан әрі қапысыз, бұлтартпайтын, жалтартпайтын ажал. Міне, осы сәтте адам айтса нанғысыз таңғажайып оқиға болды. Қайтадан кеменің, зулап бара жатқан ғарыш кемесінің үстінен бір-ақ шықтым. Денеме ештеңе тимей-ақ, жұғысып, итермей-ақ әлдебір құдырет құрдымнан суырып алды. Ешқандай қисынға келмейді, түсінікке сыймайды. Бұл бір емес, осындай жағдай талай рет қайталанды. Үстімізден бақылап, бәрін орын-орнына келтіріп тұрған әлдебір Қорғаушының бар екенін кәміл аңғардық. Бұл сезім менімен әрқашан бірге болады».   






Қазақтың үш қыраны туралы қызықты мәліметтер - Фото


Айдын Айымбетов туралы қызықты мәліметтер

Айдын Айымбетов - ғарышқа ұшқан тұңғыш Қазақстан азаматы. Ол ғарышта жалпы есебі 10 тәулікке жуық уақыт болып, қазақстандық ғылым үшін бірқатар сынақ жүргізіп, соның ішінде радиацияның миға әсерін зерттегенін.  Сонымен қатар, ғарыш кемесі Жерді қалай тез айналып ұшып бара жатқанын да таспаға түсіріп үлгеріпті. «1 секундта Жердің үстіндегі 1,66 шақырымға шақ келетін қашықтықты ұшып өтемін. Мен оқтан 10 есе жылдам ұшып барамын. Ұшу биіктігі 402 шақырым», - деп жазған.   

Айдын Айымбетов - ғарышта қазақтың ұлттық киімдері мен тағамдарын дәріптеген тұлға. Бұған оның ғарышқа сапары барысында Твиттер әлеуметтік желісінде жариялаған жазбалары куә болады.

Осы орайда, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ студенті, «Тұлғатану» қоғамдық жобасының жетекшісі Абай Сейфуллаұлы қазақтың қос мақтанышы Тоқтар Әубәкіров пен Айдын Айымбетовтің өмірі мен ғарышқа сапары барысындағы ерекше ұқсастықтарды тізіп, 5 сәйкестікті анықтап бергенін атап өткізім келіп отыр.
1) Екі батырымыз да бір айда, бір күнде өмірге келген екен. Туған күндері - 27 шілде. Тоқтар Әубәкіров 1946 жылдың, Айдын Айымбетов 1972 жылдың жазында дүние есігін ашқан.
2) Тоқтар Оңғарбайұлы да, Айдын Ақанұлы да – бір оқу орнының, яғни Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесінің түлектері. Тоқтар Әубәкіров 1969 жылы, ал Айдын Айымбетов 1993 жылы оқуды аяқтаған. Арасы – 24 жыл.
3) Тоқтар Әубәкіров ғарышқа 1991 жылы ұшса, Айдын Айымбетов 2015 жылы көкке көтерілді. Арасы – 24 жыл.
4) Қазақтың тұңғыш ғарышкері 2 қазанда, ал Айдын ағамыз 2 қыркүйекте ғарыш сапарына аттанды. Күнтізбеге қарасаңыз, екеуі де аптаның сәрсенбісіне тура келген екен.     
5) Соңғы және ең қызық сәйкестік: Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшқандағы командирі – Александр Волков болатын. Ал Айдын Айымбетовтің командирі Александр Волковтың ұлы – Сергей Волков!      
 

Интернет материалдары негізінде әзірлеген: Айдар ЖАНАЙ 
inform.kz

0 пікірлер

Пікір қалдыру

Есім:*
E-Mail:
  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кодты еңгізіңіз: *
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив