Кітап - сарқылмас қазына

[Мақсаты: Оқушыларды оқулықты құрметтей білуге, кітапты ұқыпты ұстауға баулу, оқушының кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыру.
Жүрісі:
Кітап та алма ағашы,
Жемісін біздер теретін.
Тәтті алмаға балашы,
Кітабыңның әр бетін, - деп Мұзафар аталарың жырлағандай, әдеби кітаптар мен оқулықтарсендерге білім көзі, рухани қазына. Кітапты оқи отырып адамның ішкі рухани жан дүниесі артады.

Кітап – адамның досы. Кітапты жасау үшін көп адам көп еңбек етеді. Алдымен орманнан ағаш кеседі. Оны фабрикаға апарады. Фабрика ол ағашты қағаз қылып жасайды. Содан кейін оған авторлар жазады, суретшілер сурет салады. Баспахана жазулар мен суреттерді басып кітап етіп шығарады.

Кітап – рухани байлығымыз. Кітап – адам баласы ақыл- ойынан туған рухани байлықты сақтап, оны ұрпақтан – ұрпаққа жеткізіп отыратын, білім және тәрбие беретін құрал. Ол адамзат жасаған ұлы кереметтердің бірі, халқымыз кітапты аса құрметтейді. Сондықтан да « Кітапсыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» дейді.

Оқулықты мектебің,
Берер саған теп-тегін.
Білмейсің – ау сен бірақ
Қаншама еңбек кеткенін.

Оқулығың құралың
Жағар білім шырағын
Баса алмайсың ешқашан
Онсыз алға бір адым.

Оқулықты құрметте,
Күтіп ұста кірлетпе
Кішілерге табыс ет,
Дақ түсірмей бір бетке.

Кітап – адам өмірінде маңызды рөл атқарады. Ол елді, жерді сүюге, талапты, кішіпейіл болуға, мейірімділікке баулиды. Кітапты біздің қоғамымыздың әрбір адамы күнделікті тұрмысында пайдаланады. Одан ақыл-кеңес, тәлім-тәрбие, үлгі- өнеге алады. Кітап – біздің рухани жан азығымыз.

Адамның досы- кітап, өмір кілті,
Тең келмес оған жиған дүние мүлкі.
Ақылшы, жанға серікжол бастаушы,
Асыл ой, қазынасы, өмір көркі.

Түлекті тәрбиелер кітап – мектеп,
Өседі сол кітаптан бұтақ көктеп.
Молайтып ақылыңды сан еселеп,
Береді білім нәрін кітап көптеп.

Кітаптар - бейне жапырақ,
Жырлайтын сырын өмірдің.
Оқисың кейде жаттап,
Көтеріп күйдің көңілдің.

Кітапты ұстау ережесі:
1.Кітап – адам өмірінің таусылмас қазынасы, дүниенің айнасы, ғылым – білімнің көзі, өнер мен тәрбие құралы, өмір күресінің ең мықты қаруы болатын ақылшы екенін түсіну керек.
2.Кітапты күнделікті үзбей оқып, дағдыға айналдыру керек. Ол үшін күнде кітап оқуға 3-4 сағат бөлуді жоспарла.
3.Кітапты қалай болса солай оқымай, оларды белгілі мақсатпен жоспар бойынша оқуға дағдылан.
4.Кітапты төсекте жатып, ас ішіп отырып оқыма, кітапты үлкен ой еңбегімен оқу керек.
5.Кітаптан оқығанды ойға сақтауға, керектерін жатқа айта білуге, керекті сөздерін жазып алып өмірде пайдалана білуге әдеттен.

Кітап – қарым –қатынастың, еңбектің, күрестің құдіретті құралы. Кітап – білім бұлағы деп бекер айтылмаған.
Қорытынды.
Бөбектерім оқы, ойна,
Оқу – білім саған пайда.
Кітабыңның шетін жыртып,
Сияменен бояп қойма.

Оқы талмай, түй санаңа, жас бөбек,
Сыр құямын, жыр құямын бойыңа.
Таза ұстап, оқы мені, қастерле,
Бар білімді мен егемін санаңа.

0 пікірлер

Пікір қалдыру