М.Жұмабаевтың тәрбиелік ілімі

                      М.Жұмабаевтың тәрбиелік ілімі
                                        Алашорданың 100 жылдығына
М.Жұмабаев өзінің қысқа өмірінде нағыз поэзия биігіне самғаған, оның асқар асуларынан өлшеусіз нәр алған біртуар, әмбебап зиялы қайраткер болды. Сонымен бірге оның тәлім-тәрбие ғылымының теориялық жағына төңкерістен кейін тұңғыш терең үңілушілердің бірі болуы Мағжан дарынының тағы бір қырын көрсетеді. Осы тұрғыдан, Мағжан 1922 жылы « Пелагогика» атты ғылыми еңбек жазды. Кітабы жөнінде автор былай дейді: «Бұл кітап 2-3 жыл бұрын қысқа уақыттық мұғалімдер курсында оқытылған дәрістерден түзілген еді. Бұл күнге дейін басылып шығып, жарық көре алмады». Біз бұдан кітаптың басылуы оған оңай болмағанын, көпшілік талқысына түсіп, тәжірибелі мұғалімдердің сынынан өткен еңбек екенін байқаймыз.М.Жұмабаев тағы да былай дейді: « Тәрбие ғалымдарының пікірлерін таңдап алуға ұмтылдым. Шамам келгенше қазақ жанына қабыстыруға тырыстым… Бізде бұрын пән тілі болмағандықтан, түрлі терминдерге таңдап тап басқанда қазақша сөз табу көп күшке тиді. Қалайда, курстарда оқыған мұғалімдердің жәрдемімен таза орысшадан қазақшаға айналдырылды. Ал енді жаһан тілі болып кеткен сөздерді қазақшаға аударам деп азаптануды тиіс таппадым». Автор өз еңбегін төрт аяғын тең басқан дүние демейді. Сөйтіп тұрса да, бұл еңбектің ғылыми әлемді елең еткізген керемет туынды екені хақ. Оқу құралының бірінші бөлімі педагогиканың жалпы мәселелеріне арналған. Оның пікірінше, тәрбие саласы төртке бөлінеді. Олар: дене, жан, ақыл тәрбиесі сұлулық пен әдеп құлық тәрбиесі.Автор олардың бір-бірімен табиғи тамырластығын тәптіштеп түсіндіре келіп, былай дейді: «Егер адам баласына осы төрт тәрбие тегіс берілсе, оның тәрбиесі түгел болғаны. Егер де ол ыстық, суық, аштық, жалаңаштық сықылды тұрмыста жиі ұшырайтын күштерді елемейтін мықты берік денелі болса, түзу ойлайтын, дұрыс шешетін, дәл табатын ақылды болса, сұлу сөз, сиқырлы әуен, әдемі түрден ләззат алып, жан толқындырарлық болса, жамандықтан жаны жиреніп, жақсылықты жаны тілеп тұратын құлықты болса ғана адам баласының дұрыс тәрбие алып, шын адам болғандығы. Балам адам болсын деген ата-ана осы төрт тәрбиені дұрыс орындасын…», «...баланы тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығару емес, келешек заманына лайық қып шығару», – деу арқылы М.Жұмабаев тәрбие мақсатын келер күн талабымен ұштастырғысы келеді. Оның туған халқының тәлім-тәрбиелік бай мұрасын игеру жөніндегі бағыт-бағдары да құптарлық. « ұлт тәрбиесі,- деп жазды ол,- баяғыда сыналып келе жатқан тастақ жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші, сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті». М.Жұмабаев халық тәрбиесін қастерлей отырып, оны да жұрт талқысынан өткізіп қабылдаудың қажеттігін ескертеді.« талай нашар, зиянды әдеттер әрбәр ұлт тәрбиесі ішінде толып жатыр»,-дей келіп, автор тәрбиешінің педагогикалық шеберлігін ұштау мәселелеріне ден қояды.Мағжанның көшпелі қазақ тұрмысындағы тәлім-тәрбиеге байланысты көзқарасында ұлттық бояу ерекше байқалады. « Киіз үйдің зиянды жағы болғаны сияқты, – деп жазды ол, – пайдалы жағы да бар. Әңгіме сол киіз үйдің ішінде баланы ұстай білуде. Шын таза ауа сол киіз үйде болмағанда қайда болады? Тегінде жаратылыспен бауырласып, құшақтасқан, алдындағы малымен бірге жүріп, бірге өскен қазақ баласын аса нәзік қылып, үлбіретіп тәрбие қылмағаны дұрыс болар еді. … қазақ баласының тәрбиесі қазақ тұрмысына қабысуы мақұл». Оның ойлары адамның табиғатпен кіндіктестігін ескере келіп, оқу-тәрбие жұмысының жаратылыспен астарластығын меңзейді. Табиғат-анадан алшақтап, оған немқұрайды салқындықпен сырт айналудың зардабын бүгінгі ұрпақ көріп отырғаны белгілі. Кезінде патша үкіметінің қазақ халқына қарсы жүргізген сол кездегі реакциялық отарлау саясаты, қазақ зияларын жайбіррақат қалдырмады.Әлихан Бөкейхановтың басшы-лығымен “Алаш” партиясының маңына топтасқан зиялылар бостандық алудың бір ғана жолы халықты сауаттандырып, қараңғылық бұғауынан босату деп білді. Осы себептен де ат төбеліндей аз ғана топ өздерінің бар өмірін оқу-ағарту жолына бағыттады. Әрқайсысы әр-түрлі пәндерден оқулықтар, әдістемелік құралдар жазды.Бәрі бірігіп халықты оқу-білімге шақырды. Олар осы жолда бар мүмкіндіктерді пайдалана білді. Әсіресе, сол кездегі қазақ арасына кең таралған баспа сөзді шебер пайдаланды.Осы орайда “Қазақ”, “Айқап”,”Жаңа мектеп”, т.б. газет журнал баспа сөз беттерінде оқу- ағарту туралы жарияланған мақалалардың қазақ арасында рөлі ерекше болды. Әсіресе,оқу ағарту саласында өндірте еңбек етіп, ұлттық педагогикаға өлшеусіз үлес қосқан адамдардың бірі М.Жұмабаев болатын.Оның барлық шығармарлары ұлттық нақышта жазылып, патриоттық руһқа толы, отансүйгіштік, түрікшілдік идеялар өзекті орын алған. Педагог-ақын өзінің әрбір шығармасы арқылы оқушыларды отансүйгіштік қасиеттерге тәрбиелеуге бағыттады.Оның «Педагогика» атты оқулығы тұнып тұрған ұлттық педагогика мен психологиясы. Онда халықтың мінез-құлқы, әдет-ғұрпы, бала тәрбиелеу тәсілдері ерекше нақышпен суреттелген.Педагог-ғалым М.Жұмабаев ұлт педагогикасын ғылымилықпен баяндай отырып,оларды қолданудың әдіс-тәсілдерін жаңаша жағдайда пайданудың қажеттілігін ұсынды. Сол мұралар арқылы оқушыларды ізгілікке, адамгершілікке, адами ұлы қасиеттерге тәрбиелеудің жолдарын көрсетті. М.Жұмабаевтың қазақ педагогикасына енгізген ерекше жаңалығы, оның ұлттық психология ғылымына қосқан үлесі. Ол психологиялық ғылыми қағидаларды зерттей келе, оны қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық психологиясына жақындатуды қарастырды. Пәндерді оқытуда қазақ халқының ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып, сабақта пайдалану, дамыта оқыту, бала қиялын, фантазиясын өсіру,өздік ойлау процесіне ерекше мән беріп отырудың қажеттілігін М.Жұмабаевтың оқытудағы басты тәсілдердің бірі ретінде қарстырады. Әсіресе,тіл мәселесіне келгенде баланың бастапқы (1-4)сыныптарда тек қазақша оқу керектігін дәлелдеді. Сонымен бірге, баламен жұмыс істейтін үлкендердің таза әдеби қазақ тілінде сөйлеп, тіл тазалығын сақтау қажеттілігін алдыңғы орынға қоя білді Мағжандай дара тұлғаның шығармашылығын оқытып, үйрету оны үлгі ету бүгінгі мектептің алдында тұрған келелі іс. Мағжан Жұмабаев - ғасырлар белесiнде әр заманда бiр қылаң берiп қоятын көркемдiк ойлау әлемiндегi Абайдан кейінгi үлкен бiр кұбылыс. Оған оның “Батыр Баян”, «Қойлыбайдың қобызы», “Жан сөзi”, “Жүсiп хан”, тағы басқа да iрi шығармалары куә. Сол құбылыстың сырын ашып, жас ұрпақты шынайы суреттердiң поэзия бұлағынан сусындата бiлу, жақсы менен жаман, қатығездiк пен iзгiлiк, бiр күндiк пен мәңгiлiк секiлдi өмiрлiк проблемаларға қатысты көзқарас қалыптастыруда ақын мұрасын шебер пайдалана бiлу - әр ұстаздың асыл мұраты болу керек. Бүгiнгi таңда елiмiздiң жас ұрпағын ұлтжандылық пен отансүйгiшiтiкке тәрбиелеу проблемасы алдымызда тұрғанда, Мағжан Жұмабаевтың өмiрi мен шығармашылығын мектептерде оқып үйрену, одан нәр алу ұлы парыз. М. Жұмабаевты қазақ педагогикасының негізін қалаған және оның көш бастаушыларының бірі деп айтуымызға әбден болады. Әр түрлі жаман, теріс пиғылдардан арашалау,ізгілік пен инабаттылық сезімдерді жүректеріне ұялату, сөйтіп ұлтын, елін, жерін сүйетін арлы азамат тәрбиелеу.Тәрбиеде адамға ықпал ететін білімдер саны алуан. Солардың ішіндегі ең парасаттысы, өміршең білім - халықтың өзі жинақтаған тәлім-тәрбие жайлы білімдер. .Ұлттық мәдениетімізді-инабаттылықты, имандылықты, қайырымдылықты, мейірімділікті, ізеттілікті, меймандостықты, тіл өнерін балаға балдырған кезінен бастап үйрету-өркениеттік дәстүріміз.Мағжан өз еңбегінде психология пәніне өте кең орын беріп, оны барынша зер сала қарастырады және ғылымның бұл саласында өз білімдарлығын байқатады. Оның жан қуаттары жайындағы пікірлерінде дала өмірі мен өзінен бұрынғы және өз заманындағы қазақ зиялыларының туындыларын, ұлттық психологиялық бояу, нақышын шеберлікпен пайдалана білу тәсілі де құптарлық. Ал, бұл еңбек қазақтың ұлттық ғылыми терминдерінің ілкі бастауы төрінен орын алатыны даусыз.М. Жұмабаев орыс педагогикасының білгір классигі К.Д.Ушинскийше, педагогиканы жан сырының заңдылығын зерттейтін психология ғылымымен байланыстыра қарастырған тұңғыш қазақ ойшылы. М. Жұмабаевтың – осы кітабындағы педагогикалық ой-түйіндерінің негізгі арқауы «… адам баласын, әсіресе, жанын тәрбие қылу керек деп ұғу керек… Дүниеде теңіз терең емес, адамның жаны терең… Адам тілі арқасында ғана жан сырын сыртқа шығарып, басқалардың жан сырын ұға алады. Ата-ана қатал болса, бала да қатал, ата-ана жұмсақ болса, бала да жұмсақ… Сондықтан баланың маңындағы адам дұрыс мінезді болуы керек… Адамның өзін-өзі тексеруі оның жан тұрмысының өркендеуіне, түзу жолға түсуіне қажетті бірінші шарт…»деген сияқты ұлағатты ойлар көптеп кездеседі. М.Жұмабаевтың педагогикалық ой-пікірлері мен еңбектерін зерттей,жүйелей келе төмендегідей қортындылар жасауға болады: М.Жұмабаев қазақ халқының егемендігі үшін күрескен қоғам қайраткері, патриот,ағартушы –ұстаз,тәлімгер. М.Жұмабаевтың ұстаздық идеяларының өзінен бұрыңғы қазақ ойшылдарының Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаевтың озық ойларымен және өз замандастары А.Байтұрсынов, М. Дулатов, Ж. Аймауытовтың ұстаздық-тәлімгерлік идеялары мен үндесіп жатыр. М.Жұмабаевтың “Педагогика” оқулығы сонымен қатар “ Сауатты бол”, ”Жазылашақ оқу құралдары һәм мектебіміз”, “Бастауыш сыныпта ана тілін оқыту” тағы басқа еңбектеріндегі білімділік, гуманистік бағыттағы ілімдері, оқу оқыту принциптері мен тәрбие туралы идеяларының бүгінгі талаптармен,үндес, сабақтас. Мағжанның ұстаздық әлемі тұңғиық терең. Оны оқып, зерттеу бүгінгі ғалымдар мен ізденушілер үлесіне тиесілі болмақ.Ойымыздың дәйектілігін дәлелдей түсу үшін, заманның заңғар адамы бола білген,академик,ғұлама жазушы М.Әуезовтың М.Жұмабаев туралы пікірін келтіруді жөн көрдік. «Мағжанды сүйемін. Европалығын, жарқыраған әшекейін сүйемін. Қазақ ақындарының қара қордалы ауылында туып, Европадағы мәдениет пен сұлулық сарайына барып, жайлауы жарасқан арқа қызын көріп – сезгендей боламын. Мағжан – мәдениеті зор ақын . Сыртқы кестенің келісімі мен күйшілдігіне қарағанда, бұл бір заманның тегімен асқандай, сезімі жетілмеген қазақ қауымынан ертерек шыққандай, бірақ түбінде әдебиет таратушылары газетпен қосақталып, күндегі өмірінің тереңін терген ақын болмайды, заманынан басып озып, ілгерілеп кеткен ақын болады. Әдебиет әдебиет үшін деген таңба айқын болмай, нәрлі әдебиет болуға жол жоқ. Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келе-шекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз – Мағжанның сөзі.» М.Жұмабаевтың ұлттық тәлім-тәрбие, тіл, дін, діл, мәдениет туралы айтқан ойларының осы заманда да өміршең екендігі даусыз. М.Жұмабаевтың пікірінше, «Бұл сезімдер сау һәм берік болуына, екінші бұл сезімдердің өткір, терең, дұрыс болуына ыждаһат қылу керек. Бұлардың біреулері жақсы, біреулері нашар тәрбие қылынса, жан тұрмысы да тегіс, бүтін болмақ емес». Әр сезімді психологиялық тұрғыдан қарастыра келіп, олардың әрқайсысына өзінше анықтама беріп, бұларды тәрбиелеуде ұлттық дәстүрлерге сүйену қажеттілігін айтады. Мәселен, есту сезімін дамыту үшін сәби жарық дүниеге келген күннен бастап оның есту сезімін дамытуда түрлі дыбыстардың мән-мәнісіне көңіл бөліп, бұл жерде бесік жырының тәрбиелік мәніне ерекше тоқталады. Жұмабаевтың адамның зейінін тәрбиелеу жөніндегі ой-пікірі де қазіргі кезде де маңызын жоғалтқан жоқ. Ол оқушылардың зейін дамуы үшін әсердің күшті, жеке, жаңа болуын, жаңа алынған білім мен ескі білімнің байланыс-уын және оның болашақ әсерге даярлану есе-бінде болуын талап ете отырып, оқу жүйесінің сабақта-стығына мұқият зер салады. Адам зейінін ерікті, еріксіз, табанды, табансыз ішкі, сыртқы деп жіктейді. Бала абайының ерекшелігі мен жасына, тәрбиелеу жолдарына айрықша мән береді. Адам өміріндегі естің алатын орнын көрсете келіп, оны есту, көру, қозғалу есі деп жеке-жеке қарастырады. Естің адам жасына байланысты өзгерісі де өзекті мәлесе екендігін айта келіп, баланың есін дамыту жайлы баяндайды. Жұмабаев қиялды еріксіз және ерікті деп екіге бөледі. Өз кітабында Мағжан қиялдың жасалу жолдарын көрсетеді:«1.Заттардың өздерін яки олардың бір мүшелерін зорайту яки күшейту. 2.Әр заттың түрлі мүшелерін алып қосу. 3.Реті келгенде өздері де жиыла алатын көріністерді бір суретке жиюмен, түрлі адам мінездерін бір адамға жиюмен жасалатынын көрсетеді. Баланың қиял табиғатына көңіл қоя отырып, оны өркендетудегі ертегі, бала ойындары мен ойыншықтардың ролін де қарастырады. Ойын-балалық шақтың басты ерекшелігі. Бұл туралы, М. Жұмабаев былый деген: “Баланың қиялы, әсіресе, ойында жарыққа шығады. Ойын балаға кәдімгідей бір жұмыс. Ойнағанда бала айналасындағы тұрмыста нені көрсе, соны істейді. Мысалы, қазақ баласы біреуі ат болып қашады, біреуі құрық салады. Шырпыларды тізіп-тізіп көш жасайды. Балшықтан мал жасайды, қуыршақ-тан қыз жасап таныстырады, күйеу келтіреді, құда түседі.”Ойын балалар үшін өмірдің өзімен тең. Сондықтан, қазақ атамыз: ”Базар-қаланың ажары, ойын-баланың базары”, ”Баланың ойынын бұзба, өнегең болса, ойын қозға”, ”Бала ойынымен өседі, дана ойымен өседі”, ”Қыз-құыршақ,ұл-құлыншақ”, ”Бала ішегін сүйретіп жүріп те ойнайды”деген ғой.Мағжан Жұмабаев эстетика сезімдері жайлы ғылыми ұғымдарды да әр қырынан ашып, өнер адамына тән өрнекті бейнелер арқылы түсіндіреді.Кітапта ойлау, ұғым, ой, қор-ытынды,ішкі сөйлеу мәселелері де таратыла талданған. Ақын тілдің жеке адам өміріндегі маңызы жайлы айта кел-іп, оның ұлттық мәнін де оқырманға жеткізеді.«Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Бұл ұлттың тілінде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай ашық көрініп тұрады. Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе құйындай екпінді қайраты, біресе желсіз түндей тымық, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын мінездері көрініп тұр»,- деп жазады Мағжан. Бала темпераментіне байланысты ұғымдарды ұтымды тілмен баяндап, баланың жалпы жаратылысы, табиғаты туралы түсініктерді қазақ ұғымына түсінікті береді.«Адамның шын мағынасымен «адам» болуы үшін өзін сүю, жақындарын сүюмен қанағаттанбай жалпы адамзатты сүю шарты..Адам өз халқының адамдарының сүюінің үстіне басқа халықтардың да адамдарын сүюге міндетті. Жер жүзіндегі адам адамды сүймек.Бұл адамның жаратылысындағы негізгі мінез». Әлемдегі тіршілік қауіпсіздігі, жалпы адамзат ұрпағының өзара сүйіспеншілігіне, ынтымақтастығына тікелей тәуелділікте тұрған бүгінгі таңдағы бейбітшілік мәселесімен жоғарыдағы пікірлері жақсы үндеседі.Ол дидактиканың психологиясыз,оқу-тәрбие процесінің теориялық қисындарын баяндайтын педагогиканы әлсіз деп ұқты.Осы көзқарас негізінде,Абайдың «Адам бол» ілімінің педагогикалық негізін теориялық тұрғыдан тиянақтап,тәрбиелеу қазақ ілімін европалық педагогикамен ұштастыра білді.Адам болу формуласы -шын адам идеясымен өрнектеліп теориялық қалыпқа түсірілді.                        Қобдабай Қабдыразақұлы(ғалым-жазушы) 13.04.2017

0 пікірлер

Пікір қалдыру

Есім:*
E-Mail:
  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кодты еңгізіңіз: *
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив