Армысың, әз - Наурыз.

                         

              Тайшаева Меруерт Жаксылыковна

                                  қазақ тілі және әдебиет пәні мұғалімі

                                           «Армысың, Әз Наурыз»

                                                           Баяндама

                                      Мұнайлы ауданы №10 ЖББОМ

                                                                                  

                                                                                                                                                      Hаурыз мерекесі әлемнің ең көне мерекелерінің бірі. Орта Азия халықтарында бес мың жыл бойы аталып өтілуде. "Наурыз" сөзі парсы тілінен аударғанда "Жаңа күн" деген мағынаны беред3 Ежелгі жыл санағы бойынша, 22 наурыз да   күн мен түн теңеседі. Наурыз – жылдың бірінші күні, жыл басы, көктемнің алғашқы айы. Наурыз мерекесін қазақ халқы «Армысың, Әз Наурыз», «Әз болмай, мәз болмас» деп қарсы алады.
 Наурыз мерекесі 1991 жылы, 15 наурызда Қазақ СР Президентінің қаулысының негізінде мемлекеттік мәртебеге ие болды. Елбасы наурыз айының 22 жұлдызын "Наурыз мейрамы" деп жариялады. Ал 2009 жылдың 24 сәуірінде ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаев наурыз айының 21, 22, 23 күндеріне "Наурыз мейрамы" деген атақ берді. Халқымыздың маусымдық мерекелерінің бірі — жыл басы Наурыз болып саналады. «Наурыз» деген сөзі иран тілінің ноу — «жаңа», руз — «күн» деген сөздерінен қалыптасып, жылдың бірінші күнін білдірген. Көшпенділердің байырғы астрономиялық түсінігі бойынша, әрбір жыл алты ай жаз бен алты ай қысқа бөлінген. Тіліміздегі «алты ай жаз бойы», «ала жаздай», «алты ай қыс бойы», «ала қыстай» секілді сөз оралымдарын осы бір түсініктің жаңғырығы десек болады. Жаз айларының басы - Наурыздан бастап дүние кеңейіп, шаруадан мойын босап, жер бетіне қуаныш, шаттық жайылады: Малдар төлдеп, қой қозылап
Сүттен бұлақ ағызған.
Жаңа жылдың сипаты
Молшылыққа аңыз бол
Басталыпты Наурыздан, —
деп халық ақыны С. Оңғарбаев жырламақшы, көшпендіілер жыл басын Наурыздан бастайды.
Бүл күні аспан денелері өздерінің ең бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңелетін, жан — жануарлар төлдеп, адамдардың аузы аққа тиетін, жер үстіне шаттық орнаған күн. Григориан календары бойынша ескіше 9 март, жаңаша 21 — нен 22 — не қараған түн осы күнге сәйкес келеді.
Қазақтар бұл мейрамды Әз-Наурыз мейрамы деп те атайды. Халықтың ежелгі наным-сенімінде наурыздың алғашқы үш күнінде жер-көкті жарып ерекше дыбыс (гуіл) естіледі. Мұны тек қана жұмақтан шыққан қой, сол арқылы оны бағып жүрген қойшы ғана естиді. Бұл күні бүкіл табиғатқа, тіршілік иесіне, өсімдік, жан – жануарға ерекше сезім, қуат, қасиет нұры құйылады. Сол себепті, халқымыз «Әз болмай, мәз болмайды» деген. Қазақ елі осы күнді «Ұлыстың ұлы күні — ұлыс күн» деп атаған. Наурыз тойы - Ұлыстың Ұлы күні. Наурыз парсы тілінде Жаңа күн деген сөз, яғни жыл басы. Ұлыстың ұлы күні ел елжірей қуанып, есік ашып, дастарқан жайып, бірін-бірі құшақтаса құттықтайды. Наурыз күнінің бір ерекшелігі бұл күн көрісуден басталады. Ұлыс күні жеті түрлі тағамнан Наурыз көже пісіріледі. Наурыз күні таңертең ертемен ерлер қолдарына күрек, кетпен, ал қыз-келіншектер құрт, ірімшік, сүт, піскен ет алып далаға шығады. «Бұлақ көрсең көзін аш» деп қауласқан жігіттер айнала төңіректегі бастаулардың көзін ашса, «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген қариялар бұлақ басына тал егеді. Әйелдер атып келе жатқан күнге тәу етіп, «Армысың, қайырымды Күн-Ана!» деп иіліп сәлем береді. Халық аңызы бойынша бұл күні Қызыр баба барлық босағаны аттап, төрге шығып, бақыт, мерей, қуаныш әкеледі, жақсылық нұрын шашады. Қазақстанда ресми түрде Наурыз 1988 жылдан бері тойланып келеді. Бұл мерекені Шығыс елдері Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан, Тәжікстан, Пәкстан ерте кезден өткізеді. Бұл мереке табиғат пен адамның үндестігін көрсетеді. Наурыз күн мен түннің теңелген күні. Көктемгі күн тоғысы наурыз айының 21-нен 22-не ауысқан түні болды. Осы уақыттан бастап күн ұзарып, түн қысқарады.Халық наурыз мерекесіне алдын - ала дайындалады. Дәстүр бойынша үйге қос шырақ жағылады, ыдыстар ернеуіне дейін айранмен, сүтпен немесе бұлақ суымен толтырылады. Бұл - тоқшылықтың белгісі. Табиғатпен байланыс күн Анаға деген тағзымнан көрінеді. Бұл күні бұлақтар тазартылып, ағаштар отырғызылған. "Бір тал ексең, он тал ек!", деген сөз осыдан шыққан болу керек. Наурыз - достық, еңбек, бейбітшілік мерекесі. Ұлыстың ұлы күні адамдар бір-біріне деген ренішін ұмытып өзіне де, өзгеге де жақсылық тілеген. Дастарқанның басты асы наурыз көже болған. Наурыз көже жеті түрлі тағамнан жасалған. "Наурыз көжені тойып ішу керек, сонда жыл бойы тоқшылық болады!" деген сенім бар. Дастарқан басында жастар үлкендердің батасын алған. Бата - үлкендердің өзінен жасы кішілерге беретін ықыласты тілегі. Ақсақалдар: "Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын, қайда барса жол болсын!" - деп бата береді. Дәстүр бойынша Наурыз тойда айтыс өткізіледі. Бұл жақсылық пен жамандықтың, суық пен жылының, жаз бен қыстың айтысы.Мереке қызған кезде жастар алтыбақан жанында ұлттық ойындар ойнайды. "Көкпар", "Бәйге", "Қыз қуу", "Жамбы ату" ойындары аса бір қуанышпен өтеді. Көңілді өткен Наурыз күні әр адамның есінде көпке дейін сақталатын. Біздің №10 мектепте де Наурыз мерекесін қарсы алу дәстүрге айналған. Мерекеге арналған қабырға газеттерінде "наурыз" тарихы жазылып, өлең-жырлардан үзінді беріледі. Сахнада наурыз мерекесіне арналып көріністер қойылады. Мектепте "Ұлыстың Ұлы күніне" арналған мереке ерекше қуанышты өтеді. Жүректер жылуын таратқан көктемнің бақыт сыйы Наурыз көп ұлтты еліміздің бірлесе тойлайтын - Достық мерекесі.

22 наурыз - Ұлыстың ұлы күнi. Бұл күнi күн мен түн теңеледi. Табиғат та, Жер-Ана да, жан-жануар да түлейдi, жаңарады. Адамзаттың бойында қан жүгiрiп, тал-теректер бүршiк жарады. Қазақтың сайын даласын Қызыр баба кезiп, адам баласына құт-береке, бақ-дәулет сыйлайды. Самарқанның көк тасы ерiп, қасиеттi қара жер, қара топырақ бусанады. Ұлы даланың төсiнде қызғалдақтар құлпыра өсiп, бел-белестерге қызылды-жасылды кiлем төселедi. Ұлан-байтақ Қазақстанның халқы жетi түрлi дәмнен наурыз көже жасап, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды сақтап, ай бойы Ұлыстың Ұлы күнiн тойлайды. Бүкiл Шығыс халқына ортақ бұл мейрамда араздасқандар татуласып, дүйiм халық, ел ауызбiршiлiкте болады.Кеңестiк дәуiрдiң солақай саясаты, ашаршылық жылдары, Ұлы Отан соғысы, ұлт зиялылары мен ұлт құндылықтарына қарсы дүркiн-дүркiн шабуылдар халқымыздың салт-дәстүрлерi мен әдет-ғұрпының үкiсiн қисайтуға тырысып бақты. Мұның бәрiн бүгiнгi жастың кемшiлiгi деу жөн бола қоймас. «Бала жасындағысын ұмытпайды». Көнекөз қариялар - салт-дәстүр сабақтастығының соңғы буыны.  Бұл бағзы заманнан қалыптасқан бүкiлхалықтық Жаңа жыл. Оны Иран, Ауғанстан, Үндiстан, Кавказ және Орта Азия халықтары төл мерекесi ретiнде тойлайды. Халқымыз жаңа жылға ертеден дайындалатын. Қысқы соғымның әбден сүрленген қадiрлi мүшелерiн осы күнi қазанға саламын деп сақтаған. Жас келiндер, бойжеткендер болса, кесте, орамал тiгiп, бозбалалар жағы ағаштан тұрмыс бұйымдарын жасап, темiрден сәндiк бұйымдарын соққан. Мұның бәрi - күн мен түн теңесетiн шақта кәдеге асатын «ұйқыашар», «селт еткiзер» жоралғыларының сый - тартулары. Көктемгi «өлiара» өтiсiмен, ата-бабамыз үй айналасын тазартып, қалың қар тiгiсi сөгiлген жайылымға мал шығарған. «Жаңа жыл мұнтаздай таза үйге кiрсе, ол үй ауру-сырқаудан, пәле-жаладан аман болады» деген сенiм бойынша, үй-iшiн де қағып-сiлкiп, отпен аластайды.
  Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында бағзы замандардан орын алған. Бұл мейрамды ежелгі гректер “патрих”, бирмалықтар “су мейрамы”, тәжіктер “гүл гардон”, “бәйшешек”, “гүлнаурыз”, хорезмдіктер “наусарджи”, татарлар “нардуган”, буряттар “сагаан сара”, соғдылықтар “наусарыз”, армяндар “навасарди”, чуваштар “норис ояхе” деп түрліше атаған. Әбу Райхан Бируни, Омар һайям, т.б. еңбектерінде шығыс халықтарының Наурызды қалай тойлағандығы туралы мәліметтер мол. Мысалы, парсы тілдес халықтар Наурызды бірнеше күн тойлаған. Олар бұл күндерде әр жерге үлкен от жағып, отқа май құяды; жаңа өнген жеті дәнге қарап болашақты болжайды; жеті ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже “сумалак” ұсынады; ескі киімдерін тастайды; ескірген шыны аяқты сындырады; бір-біріне гүл сыйлап, үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою – “күн символын” салады; үйдегі тіреу ағашқа гүл іледі; түрлі жарыстар (жамбы ату, т.б.) ұйымдастырады. Дәстүрлі қазақ қоғамында Ұлыс күні жыл басы саналған. Халықтың мифологиялық түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қыдыр аралайды. Ұлыс күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Халық таза, жаңа киімдерін киген. Ауылдың ер адамдары бір-бірімен қос қолдасып, төс қағыстырады; әйелдер құшақтасып, бір-біріне игі тілектер айтады. Бірін-бірі мерекеге арнап дайындалған наурыз көже ішуге шақырады. Оған қойдың басы мен сүр ет салып пісірілуі – қыс тағамымен (етпен) қоштасуды, құрамына ақтың қосылуы – жаз тағамымен (сүт, ақ) қауышуды білдіреді. Әдетте, осы күні адамдар арам пиғыл, пендешілік атаулыдан тазарып, ар-ожданы алдында арылады. Ауыл ақсақалдары араларына жік түскен бауырлас ел, руларды, ағайын, дос-жарандарды бір дастарқаннан дәм таттырып, табыстырған, жалғыз жарым жетімдерді үйлендіріп, жеке отау еткен. Кембағал, мүгедектерді жақын туыстарының қарауына арнайы міндеттеп тапсырған. Жұтқа ұшырап қиналғандарға жылу жинап берген. Алтыбақан басында ән айтылып, күй тартылады. Дәстүрлі ұлттық ойындар (көкпар, аударыспақ, күрес, қыз қуу, алтыбақан, тең көтеру, т.б.) ойналады. Таң ата көпшілік биік төбенің басына шығып, атқан таңды қарсы алады. Кеңес өкіметінің алғашқы кезеңдерінде (1920 – 25) шығыс халықтары бұл мерекені атап өткенімен, 1926 жылы ол “діни мейрам”, “ескілік сарқыншағы” деп танылып тоқтатылды, бірақ Қазақстанның бар аумақтарында жасырын түрде сақталып қалды. 1988 жылдан Алматы қаласында, республиканың көптеген аудандарында Наурыз жалпыхалықтық мейрам ретінде қайта тойлана бастады. Бұл мереке табиғат пен адамның үндестігін көрсетеді. Наурыз күн мен түннің теңелген күні. Көктемгі күн тоғысы наурыз айының 21-нен 22-не ауысқан түні болды.  Көне деректер көзiне сүйенсек, наурыз тоғыз күн тойланады екен. Ол той «Наурызнама» деп аталады. Әдетте, наурызнаманы бай, ауқатты кiсiлер жасаған. Бiрақ әр шаңырақ өзiнше наурыз көже пiсiрiп, ақ толы аяғын босағадан аттағанның бәрiне ұсынған. Ауыл ақсақалдары үй-үйден дәм татып, үйдегiлерге ыдыспен сыбаға тасып жүрген. Ол сыбаға iшiлместен бұрын қазанға құйылады. Бұл «Дәм-тұзымыз араласқан тату болайық» дегеннiң белгiсi.    Ұлыс келер түнi Қызыр бабаға арналып әр үйдiң төрiнде қос шырақ жағылатын болған. Үй иелерi бар ыдысты аққа, суға, «ырыс толсын» деп дәнге, «жауын-шашын көп болсын» деп бұлақ суына толтырады. Жылдың алғашқы күнiнде қар жауса «ақша қар», жаңбыр жауса «нұр жауды» деп шаттанған. Ертеректе ауыл адамдарын ұйқысынан тұрғызу үшiн қолданылған мынадай қызық дәстүр болған. Жастар асау тайыншаны құрықтап, оған ерттелген ашамайға зор қуыршақты таңып байлап, ауыл iшiне бос жiбередi. Мөңкiп тулаған асау ауылды азан-қазан етсе де, ешкiм бұған өкпелемеген. Күлiмдеп көрiнген күнге сәлем берiп, шаруаға кiрiседi. Наурыз күнi көзi ашылған бұлақтың суы сарқылмайды, ал егiлген талдың саясы мен жемiсi мол болады деп сенген. Жаңа сап түзеген шыбықтарға Ұлыс - жақсы тiлектер күнi. Араздасқандар төс қағысып, татуласады. Жастар алтыбақан құрып, тойдың сәнiн кiргiзедi. Бойжеткендер соғымның соңғы етiн уызға салып пiсiрiп, ұнатқан жiгiттерiне тартады. Бұл салт қазақта «ұйқыашар» аталады. Ұйқыашардың қарымтасына жiгiттер «селт еткiзер» рәсiмiн жасайды. Яғни қалауынша айна, тарақ, әтiр суын сыйлайды. Айна - пәктiктiң, жастықтың, тарақ - әдемiлiк пен сұлулықтың, ал иiссу - жаңа бүршiгiн жарған жауқазындай құлпыр деген белгi. ашу да жақсы ырым. Наруыз күнi думан-тойды аталарымыз наурызнама атаған. Ұйытқысы, әрине, - жастар. Содан болар, ән мен би, ойын-сауық түннiң бiр уағына дейiн созылған. Халқымызда «Ақ боран», «Қалтырауық қамыр кемпiр» ойындары бар. Онымен қатар бұл күнi наурыз жыр, наурыз жұмбақ, наурыз айтыс, түрлi әзiл-қалжың, мадақ   Ұлыс күнi татулық тойы, шаруа, ынтымақ, сенiм, көңiл мерекесi. Қыс қылышынан аман қалған жұрт, бар ренiш-өкпесiн ұмытып, кiнәсiн кешiп, тек жақсы тiлектер тiлейдi. Көңiлдiң жаңаруы деген осы. Бұл күнi наурыз көжемен қатар, ауыл адамдары өгiз сойып, қазан көтеретiн болған. Мұның тарихы өз алдына қызық аңыз. Ежелгi жыл санаушылардың есебiнше, үркер күздiң басында шығыстан, қыстың басында төбеден, көктем кезiнде аспан етегiнен көрiнiп, ал жазда тiптi батып кетедi екен. Бұл шақ қырық күнге созылып, оны халқымыз «қырық күн шiлде» немесе «үркердiң жерге түсуi» деп атаған. Көктем кезiнде, яғни наурызда күн жолы үркердiң үстiмен өтiп, үркердiң қос жұлдызы бұқаның мүйiздерi құсап күн жолының екi жағынан қылтиып көрiнедi. Бұған орай халқымыздың «әлемдi көк өгiз мүйiзiмен көтерiп тұр» деген нанымы да бар. Наурыз мерекесі Маңғыстау өңірінде наурыздың 14 жұлдызында тойланады. Маңғыстау жұртшылығы Отпан тауға барып алау отын жағады. Маңғыстау халқы наурыз мерекесін ерекше салт – дәстүрлермен тойлайды. Отпан таудпғы наурыз той есте мәңгілік сақталатын той болып өтеді. Айтыс, ұлттық ойындар, салт – дәстүрлер сахналық көріністер тамашаны наурыз тойда көресің. Өте жоғары деңгейде атап өтіледі. Мен қазақ болғаныма қуанамын, себебі елімнің сарқылмас дәстүрін мақтан етемін. Наурыз тойда ұмыт болып бара жатқан дәстүрлер жаңғырып оралуда. Қазақ халқы наурыз тойын тойлау арқылы халықты тәрбиелеу қадір- қасиетін көруге болады. Себебі дауласқандар татуласады, мереке күні жақсы игі істер жасалады. Ынтымағы жарасқан көп ұлтты елiмiздiң осы бiрлiгiн ұзағынан сүйiндiргей! Әрбiр шаңыраққа Қыдыр дарып, бақ қонсын!  Ұлыстың Ұлы күнi құтты болсын, ағайын!

 

 

  

0 пікірлер

Пікір қалдыру

Есім:*
E-Mail:
  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кодты еңгізіңіз: *
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив