Білім мен ғылымдағы биылғы жаңашылдықтар қандай?

 Мектепте жаңартылған мазмұн бойынша оқыту мақсатында 70 мыңнан астам мұғалім дайындықтан өтті. Нөлінші сыныпқа арналған «Әліппе» («Букварь») апробациядан өтті. 100 пайыз мектептер онлайн және офлайн цифрлы контентпен қамтамасыз етілді. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде айтылды.

Жиында Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев елімізде 124 мектеп салынып, ЭЫДҰ талабына сәйкес орта білім мазмұны жаңартылып жатқанын, жан басына шаққандағы қаржыландыру енгізілетінін және кәсіптік-техникалық білім тегін берілеті­нін атап өтті. Вице-премьердің айтуынша, Елбасы тапсырмасымен былтыр грант саны 100 мыңға дейін артты. Колледждерде дуалды оқыту енгізілді. Жоғары оқу орындары академиялық және қаржылық еркіндігін ала отырып, Назарбаев Университетінің тәжірибесімен жұмыс істей бастады. Шетелдік жетекші университеттермен бірге 270 қос дипломды бағдарлама жүзе­ге асырылуда. Сонымен бірге 8 жоға­ры оқу орны әлемдік үздік рейтингке кі­рді.

Ғылым жүйесінде қазақстандық ғалым­дардың шетелдік басылымдардағы жарияланымдары көбейді. Халықаралық деңгейде биотехнология, ядролық реактор, экология, медицина салалары бойынша 12 ірі ғылыми жоба іске асырылуда. Жеке бизнестің ғылымға қатысуы артып, 2 миллиард теңгені құрады. Десе де, вице-премьер әрдайым көз алдымызда тұратын білім саласының бірқатар жаңа жобалары сынға да іліккенін жеткізді. Е.Досаевтың айтуынша, мұғалім мен оқушыға деген қамқорлық кейін ысырылып, оның орнын бюрократиялық, қаржылық-шаруашылық және инфрақұрылымдық мәселелер басып кетуде, сондықтан білім жүйесі алдымен мұғалім мен оқушы мүддесіне бағынышты болуы тиіс.

Бұл ретте мектепте, колледжде, университетте қандай білім мен дағды берілуі керек? Біз білім жүйесі мен оқу бағдарламасын түпкі тұтынушы – жұмыс берушілер сұранысына сай құра білуіміз керек, деді Е.Досаев. Осы орайда Білім және ғылым министрлігіне мұғалім мәртебесін көтеру үшін заңнамалық өзгерістер мен тиісті бағдарламаларды жандандыру жөнінде тапсырма берілгенін, Мемлекет басшысының мұғалімдердің еңбекақысын көтеру жөніндегі тапсырмасы биыл толығымен орындалуы керектігін атап өтті. Сондай-ақ педа­го­гикалық қауымдастық пен сарапшылар пікірін ескеру мен талдауға байланысты тиімді онлайн портал мен цифрлы технология сияқты кері байланыс тетіктерінің жеткіліксіздігін сынға алды. Және қоғам­дастық пен парламентшілер тарапы­нан сын-ескертпелер болмауы үшін дер уағындағы сапалы түсіндіру жұмыстары мен қателікке бой алдырмау­дың маңыз­ды­лығын жеткізді. Алдағы ҰБТ сынағына да ата-аналар мен оқушылар тарапынан түрлі сұрақ туындамауы үшін ертерек әзір болуды тапсырды.

Тағы бір мәселе – цифрландыру ісінің алдында жүруі тиіс білім саласындағы жаңа жүйелер педагогика мамандарын даярлауды және білім мен ғылым мекемелері жетекшілерінің менеджментті жетілдіруін талап етеді. Сондықтан білім берудің барлық деңгейінде оқу үдерісін автоматтандыру керек. Бұл есеп беру мен тексерулерді азайтып, мұғалім жұмысын жеңілдетпек. Ал Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша, Қазақстан ЭЫДҰ-ның екі комитетіне білім және ғылым бойынша мүше болды және жа­һандық бәсекеге қабілеттілік индек­сін­де бастауыш біліммен қамту көр­сет­­кіші бойынша 4-орынға шықты.

Бұл Елбасы Жолдауында көрсетілген адами капиталды дамыту бойынша атқа­рыл­­ған жұмыстардың бір парасының жемісі. Ағымдағы жұмыстар бойынша балабақша саны артқанын, педагогтың кәсіби стандарты бекітілгенін, мектеп директорын тағайындаудың жаңа ережесі қабылданғанын айтуға болады. Кей­бір пәндерді ағылшын тілінде оқытудың ұлттық қанатқақты жобасы басталды. 4 мыңнан астам мектепке электронды күнделік енгізіліп, оны қазір 3 млн-нан астам оқушылар мен ұстаздар, ата-аналар пайдаланып отыр. Мектептер толықтай онлайн және офлайн цифрлы контентпен қамтамасыз етілді. Енді оны жоғары деңгейде қолдану қажет, деді Е.Сағадиев. Министр сонымен бірге техникалық және кәсіптік білім бойынша әлемдік WorldSkills стандарттарына көшу жалғасатынын, ЭЫДҰ мемлекеттерінің 500-ден астам оқулығы қазақ тіліне аударылып, колледждерге берілгенін айтты.

Ал жоғары білім бойынша уни­верситеттердің академиялық дербестігін кеңейтетін заң жобасы әзірленіп, қазір­­гі уақытта Мәжілісте қаралып жатыр. 16 мемлекеттік университеттің ректоры жа­ңа механизм бойынша сайлау арқылы тағайындалды. Бұл – жақсы нәтиже. Университеттердің педагогикалық ұжымдары осы механизмге жоғары баға беріп отыр, деді ол. Ғылым саласындағы басты жетістік ретінде ұлттық ғылыми кеңестер жаңа ереже бойынша сайланатынын, ғылыми гранттар алуға өтініш беру, есеп қабылдаудың барлығы электронды түрде өткізілетінін айтуға болады. Биыл базалық қаржыландыру ғылы­ми институттарға бірінші рет қаңтар айында берілді. Ал үш жылға берілетін грант­тар бойынша келісімшарттар шегі­не жетіп қалды.

Білім және ғылым министрі 2018 жылы қандай міндеттер күтіп тұрғанын да атап өтті. Мектепке дейінгі білімге тоқталар болсақ, 1-сыныпқа келетін бала толығымен дайын болуы керек. Қазіргі уақытта балалардың 85 пайызы әріпті де, санауды да біледі, бірақ қалған 15 пайызымен жұмыс істеу мұғалімдерге қиындық тудыруда. – Біздің алғашқы жоспарымызда нөлінші сыныпты енгізу 2019 жылға қойылған. Бүгінде бірыңғай бағдарлама мен мұғалімдерді дайындау кестесі дайын, оқулықтар экспертизаға берілді. Енді 400 мыңға жуық балаға нөлінші сыныптың жаңа оқулықтарын басып шығару керек. Латын әріпіне көшетін болғасын, оқулықтарды біржола латынша басқанды жөн санап отырмыз.

Бұл қаржы жағынан да тиімді. Барлығына уақыт керек. Сондықтан бұл мәселені мұғалімдермен, ата-аналармен талқылайтын боламыз. Қазіргі уақытта латынға көшуге байланысты 4 комиссия жұмыс істеп жатыр. Оның екеуін – терминологиялық және әдістімелік комиссияны министрлік өзі басқарып отыр, деді Е.Сағадиев. Ал орта білім беру бойынша жаңар­тылған білім беру мазмұнына жаңа оқу жылынан бастап 3, 6, 8-сыныптар көше­ді. Оқулықтар қазір сараптама мен қоғамдық талқылаудан өтуде. Жаңар­тылған мазмұнға ауысқан мұғалім­дердің жалақысына 30 пайыздық қосымша ақы қаңтар айынан төлене бастады. Бұл қосымша ақыны биыл 200 мыңнан астам (68%) мұғалім алады. Сондай-ақ 10-11-сыныптарда 4 пәнді ағылшын тілінде оқытуға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жиында жоғары сыныптардағы бірқатар пәнді ағылшын тілінде оқыту, мұғалімдерді бірыңғай тестілеуден өткізу сияқты көптеген мәселелер егжей-тег­жейлі сөз болып, білім саласындағы бар­лық өзгеріс ұстаздармен талқыланып, ата-аналармен келісу арқылы жүзеге асырылатыны айтылды.

Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»

0 пікірлер

Пікір қалдыру

Есім:*
E-Mail:
  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кодты еңгізіңіз: *
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив