Мұғалімнің кәсіби мәртебесі қалай қалыптаспақ?

 Қай заманда да адамды адам ететін үш мамандықтың өкілдеріне адамзат баласы аса құрметпен қарап, қадір тұтқан. Олар: адамның жанын емдейтін – мұғалімдер, адамның тәнін емдейтін – дәрігерлер, қоғамдағы әділдікті қамтамасыз ететін – заңгерлер. 

Десек те, соңғы 15-20 жыл ауқымында «мұғалімдік мамандықтың беделі төмендеді», «қазір мұғалімдік мәртебелі мамандықтар қатарында емес», «жастар мұғалімдік мамандыққа бар­ғысы келмейді» деген секілді әңгі­ме­лер ел арасында жиі айтылып жүр.

Мұның себебі неде? Күнделікті өмірден нақ­ты дерек бере отырып, себептерін анық­талық.

Біріншіден, қазіргі студент-жастармен пікірлесе бастасақ, «ой, ағай, 40-45 мың теңгеге біреудің 25 баласымен алысқанша, өзіміздің әлеуметтік-ма­те­ри­алдық жағдайымызды реттеп алмаймыз ба?» деген көзқарасын білдіреді.

Екін­шіден, педагогикалық бағытта жоғары білім алатын студенттердің 90 пайыздан астамы ақылы оқу топтарында (оқу ақысын түгелдей ата-аналары төлейді) оқи­тындықтан, білім беру саласының бас­шылығы «сен мектепке барып, жұ­мыс істеуге тиістісің» деп міндеттеуге еш­қандай құқығы жоқ.

Үшіншіден, әсі­ресе соңғы 10-15 жыл шеңберінде мұға­лім қоғамның «майлыққа да, сулыққа да» жүретін қолбаласына айналып, елі­міз­де қоғамдық-саяси науқан, тазалық жұ­мыс­тары, халық санағы және басқа да осын­дай шаралар басталғанда, жоғары бас­шылықтың қысымынан өзінің кәсіби міндетін атқаруға уақыт таппайды. Қазіргі өркениетті елдер ұстаздың бойында бала қызыға қарайтын, бала еліктейтін қасиеттердің болғаны дұрыс деп есептейді. Себебі баланың ұстазына деген айрықша құрметі оның жақсы білім алуына тиімді әсер етеді.

Кез келген адам жақсы ұстаз бола алмайды. Сондықтан ілгері дамыған елдерде бастауыш сынып ұс­таздарын дайындауға ерекше көңіл бө­лінеді. Бұл елдер мұғалімнің кәсіби мәр­тебесін қалыптастыруды жоғары дә­режеде ұйымдастырып қойған.

Атап айт­қанда, дамыған елдер үздік мектеп тү­лек­терінің ғана құжаттарын мұғалім ма­ман­дығына қабылдайды, талапкерлер пе­дагогикалық кәсіпке қабілеттіліктерін анық­тайтын арнайы тест тапсырады, оқу орындарында дәріс бірінші курс­тан бастап тәжірибеге негізделіп жүр­гі­зі­леді. Жақсы бітірген бакалавр-мұғалім ма­гистратураға қабылданады. Магистр-мұғалім мектепке жұмысқа келгенде, қоғамдық комиссия алдында күрделі сынақтан өтеді. Жұмысқа қабылданған жас магистр-мұғалімге тәлімгер (коучер) тағайындалады.

Ол жас мұғаліммен алғашқы күннен бастап, өз бетімен жақсы сабақ бере алатын деңгейге жеткенше бірлесіп жұмыс істей береді. Шындығына келгенде, мұғалім тек жас ұрпақ санасына оқу-тәрбие үрдісін қалыптастыруға тиісті тұлға болуы керек.

Осындай себеп-салдарлар бүгінгі жас­тардың мұғалімдік мамандыққа қы­рын қарауына әкеліп соқтыруда. Бұл ты­ғырықтан шығар жол бар ма? Әрине, бар. Балтық жағалауындағы Латвия Рес­публикасы – бүгінгі таңда әлемдегі бәсе­кеге қабілетті 50 елдің қатарында. Осы ел 1991 жылы өзінің тәуелсіздігін жа­риялағаннан кейін білім беру, ден­сау­лық сақтау салаларын ғана мемлекет қ­ұз­ырында қалдырады да, өзге салалар бойынша жеке секторды дамытуға мүм­кінд­ік береді. Біздің мемлекетіміз де са­налы түрде білім беруді «болашаққа инвестиция құятын сала» деп есептеп, толықтай өз қамқорлығына алуға тиіс.

Біріншіден, педагогикалық бағытта орта арнаулы және жоғары білім алу, әсіресе ер-азаматтарға тегін болуы керек; екін­шіден, студент жастарға қазіргі ба­ғам­ды ескере отырып, кемінде 25-30 мың теңге көлемінде стипендия төленуі қа­жет; үшіншіден, мұғалімдердің орта­ша айлық жалақысы 250-300 мың тең­ге­ден кем болмауы тиіс.

Себебі Қазақстандағы мұғалімнің ай­лық жалақысы еліміздегі орташа жала­қы­дан 25 пайыз төмен. Германияда мұ­ға­лімнің бір айлық жалақысы 4 мың еуро, ал Қытайда 1 мың доллар. Біздің елі­мізде футбол командасының бір ойын­шысына 2016 жылғы мәлімет бойынша, ай сайын 9 миллион теңге жалақы төленіпті. Балаға білім бергеннен гөрі, екі аяққа ерік беріп, доп қуалап кеткен дұрыс секілді. Төртіншіден, орта мектептерге қызметке барған (шалғай ауылдарға) жас мамандарды қызметтік пәтерлермен қамтамасыз ету алдыңғы кезекте шешілуі тиіс. Егер ол жергілікті тұр­ғынға үйленіп немесе тұрмысқа шыға­тын болса, қызметтік пәтердің өз­де­­рінің жеке меншігіне айналуына мүм­кін­дік туғызған дұрыс. Осы ұсыныстар ертегідей болып кө­рін­генімен, мемлекетіміздің әлеу­мет­тік-экономикалық ахуалы білім беру саласын көтеруге толық жетеді. Осы­дан кейін ғана, болашақ педагог-ма­ман «Мұғалім – мәңгілік нұрдың қыз­мет­шісі» (Я.А.Коменский) дегенді мақ­та­ныш­пен айтатын болады.

Елімізде 2007 жылы «Білім туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданды. Осы заңның 7-тарауы «Педагог қызметкердің мәртебесі» деп ата­лады. Бұл заңға 2011 жылдың қараша айында өзгерістер мен толықтырулар ен­гізілді.

Ал, енді «Білім туралы» заң­ның жаңа редакциясы Парламент Мә­жілісі мен Сенатының талқылауына ұсы­нылып отыр. Сонымен қатар қазіргі жағ­дайда Еуразиялық экономикалық одақ­қа мүше екендігімізді ескере отырып, әрі сан мыңдаған ұстаздар қауымы ара­сында қоғамдық пікір туғызар деген ни­етпен төмендегі ұсыныстарымызды біл­діргенді жөн көріп отырмыз. Яғни білім беру мекемелерінің бас­шы­лары ұжым келісімі негізінде сайланып қойылуы тиіс. Оқушыларды білім мекемелеріне қабылдаған кезде ата-ана мен мектеп арасында нақты келісім-шарт дайындалуы қажет. Мұғалім мате­ри­алдық-әлеуметтік жағынан ешкімге тәуел­сіз, дербес саяси көзқарасы қа­лып­­тасқан жаңа формация тұлғасы бо­луға ти­іс.

Білім беру ұйымдары қыз­мет­кер­ле­рі­нің еңбегіне ақы төлеуде оларды мем­лекеттік қызметкерлерге теңестіріп, мұ­ғалімдерге мемлекеттік қызметкер мәр­тебесін беру қажет. Білім беру қызметкерлеріне өсімсіз не­сиемен тұрғын үй беру немесе тегін коммуналдық пәтерлермен қамтамасыз ету мәселесін шешу керек. Селолық жер­­лерде еңбек ететін педагог-қыз­мет­кер­лерге тегін коммуналдық қызмет көр­сету және айлық ақылары мен тариф­т­ік бағамдарына үстеме қаржы кө­зін қарастыру қажет. Педагог-қы­з­- мет­керлердің денсаулығын сақтау үшін жы­лына бір рет тегін жолдама арқылы ты­нығу орындары мен шипажайларға жі­беріп тұру керек.

Азаматтардың шет мемлекеттерде педагогикалық білім алуын ұйымдастыруда селолық жерлерден талантты жастарды іріктеп, таңдап алу жүйесін енгізу қажет. Мұғалім мәртебесіне орай қозғалған ой-пікірімізді жинақтасақ, өскелең ұр­пақ­­ты оқытып, тәрбиелейтін маман­дар­ға әлемдегі өркениетті елдер аса құр­­метпен қарайды. Алдымен жағдай ту­­ғызады, содан соң сапалы білім мен са­­налы тәрбиені талап етеді. Өкінішке қа­рай, елімізде мұғалімдерге талап қою мен міндеттер жүктеу тым ұшқары болып көрінеді.

Тәуелсіз еліміздегі бүгінгі мектептің бас­ты міндеті – оқушыны оқуға, ой­ла­нуға, болашақ тағдырын жете танып, білуге үйрету екендігі айқын.

Ел Үкі­ме­ті мұғалімдердің әлеуметтік-ма­те­ри­алдық мәртебесін көтеруге шынайы қам­қорлық көрсете отырып, жоғарыдағы мін­деттерді орындауды әрбір мұғалімнен те­геурінді түрде талап етсе, еліміздің бо­лашағына сеніммен қарауға толық негіз бар. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, жалпы білім беру саласынан қаржы үнемдеу болашақты ұрлаумен тең екендігін ұмытпағанымыз абзал.

Айдар САБЫРОВ,  Х.Досмұхамедов атындағы  Атырау мемлекеттік университеті «Педагогика»  кафедра-лабораториясының доценті

Egemen.kz 

0 пікірлер

Пікір қалдыру

Есім:*
E-Mail:
  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кодты еңгізіңіз: *
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив