Өзге ұлт өкілдеріне тиімді әдіс-тәсілдерді пайдалану арқылы қазақ тілін үйрету жолдары

Жобаның тезисі:  Өзге ұлт өкілдеріне тиімді әдіс-тәсілдерді

пайдалану арқылы қазақ тілін үйрету  жолдары

 

      Қазақ тілі — әлемдегі 6000-ға жуық тілдердің ішіндегі қолдану өрісі жағынан 70-ші, ал тіл байлығы мен көркемдігі, оралымдығы жағынан алғашқы ондықтар қатарындағы тіл. Сондай-ақ, ол дүние жүзіндегі ауызша және жазбаша тіл мәдениеті қалыптасқан 600 тілдің, мемлекеттік мәртебеге ие 200 тілдің қатарында тұр.

  Қазақстандық білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелер қатарына шоқтығы биік болып әрқашан мемлекеттік тілді меңгерту мәселесі тұрады. Тіл-адамазат баласының рухани күш қуаты, елдігіміздің тірегі де тілегі, сол себепті де оны қазақ халқы ғана емес, елімізді мекендейтін өзге ұлт өкілдері де құрметтеп, үйренуі тиіс.

    Мемлекетіміздің кез келген оқу орнында қазақ тілі ана тілі және мемлекеттік тіл ретінде оқытылады. Оқу орыс тілінде жүргізілетін мектептерде қазақ тілін оқыту әдістері өзгеше. Ол өзге тіл есебінде жүргізіледі. Мемлекеттік тілді өзге ұлт мектептеріндегі оқушыларға үйрету – аса күрделі ізденісті қажет ететін жұмыс. Өзге тілді ұлт мектептеріне қазақ тілін оқытудың жаңа технологиясы тілдің коммуниктивтік қызметін ескере отырып, оны коммуникативтік танымдық жағынан меңгертуді көздейді.Қазіргі кезде тілді коммуникативтік оқыту мәселесіне ерекше назар аударуда.

      Қазақ тілін оқыту әдістемесі туралы сөз болғанда бұл мәселе ішінен басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқыту мәселесін жеке бөліп қарастырмаса болмайды. Өйткені, қазіргі таңдағы көп жұмыс істеліп, жан жақты қарастырылып отырған мәселе– орыс аудиториясында қазақ тілін оқыту мәселесі. Сонымен қатар, бұл мәселе тілдік коммуникацияның тікелей зерттеу объектісі бола келіп, қазіргі кезеңде өзекті мәселе болып отырған қазақша сөйлеуге үйретудің тиімді жолдарын табуға көмектеседі.

Орыс аудиториясында қазақ тілі сабағын жүргізу мәселесімен айналысып жүрген ұстаздар, тілшілер, ғалымдар көптеп саналады. Олардың әрқайсысы әр түрлі мәселелерді қарастыра келіп, қазақ тілін оқыту саласының дамып, жетілуіне үлес қосуда. Бұл еңбектердің авторлары Ш.Х.Сарыбаев, И.В.Маманов, Ғ.Бегалиев, С.Жиенбаев, Т.Аяпова, Ш.Бектуров, К.Сариева, А.Жүнісбеков, Ф.Р.Ахметжанова, М.Жанпейісова, Ф.Оразбаева, Қ.Бітібаева т.б.

    Сабақтың формалары мен әдістерін, мазмұнын жетілдіру, оны танымдық, білімдік, тәрбиелік жағынан сапалық жаңа деңгейін көтеру оқытудың тәрбиелік қызметі мен бағытын нығайтады. Сабақта әртүрлі әдістерді пайдалану оқушыларды жалығудан алшақтатады, сөздік қорының баюына ықпал етіп, тілін дамытады. Сабақ берудің жаңа технологияларын меңгере отырып, әртүрлі әдістерді пайдаланып, білім сапасын арттыруға тырысамыз. Жаңа әдістердің ерекшелігі - жеке тұлғаны қалыптастыруда, өз бетімен жұмыс істей алуда, шығармашылыққа баулуда ерекше рөл атқарады. Сондықтан қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндерінде, әсіресе өзге ұлтты мектептерде сабақтың формаларын ауыстырып, балалардың тақырыпты тез меңгеруіне қол жеткізу мақсатында түрлі әдістер арқылы мұғалім тіл дамытуда біршама жетістіктерге қол жеткізері анық. Тіл дамыту жұмысының нәтижесінде оқушының сөз байлығы молайып, тілдің фонетикалық жүйесін меңгертіп, сөйлеу мәдениеті қалыптасады. Өйткені, сөздерді дұрыс айту, дұрыс жаза білу-тіл мәдениетінің басты талаптарының бірі.

    Білім берудің қай түрі болса да, негізінен сабақты ұйымдастыру арқылы жүзеге асады. Сондықтан сабақты дұрыс ұйымдастыру мұғалімнің әдіс-тәсілдері , жаңаша ізденісі, жаңалыққа ұмтылысына байланысты іске асады. Соңғы жылдардағы ақпараттандыру заманында шығып жатқан сан алуан технологиялар мен әдіс-тәсілдердің тиімдісіне сүйеніп, соларды меңгеруге ұмтыламыз. Ал менің өз тәжірибемде үнемі сабақтарда қолданылатын әдіс-тәсілдерімнің бірі – тіл дамыту.

     Тілді меңгертудегі басты мақсатым-оқушылардың ауызекі сөйлеу тілін дамыта отырып, қарым-қатынас жасауға мүмкіндік туғызу. Өз толғамын жеткізе алатын , кез-келген адаммен тілдік –қарым-қатынасқа түсе алатын, компетентті іскер азамат тәрбиелеу.

     Технологияның тиімді әдіс-тәсілдерін қолдана отырып бірнеше коммуникативтік компетенциялар дамиды.

   Коммуникативтік компетенциялар:

  1. 1. Тыңдалым:

 –ауызша сөздің мазмұнын түсіне және оны қысқартып және кеңейтіп жеткізе білу.

 –Меңгерілетін материалдар негізі жүйесін айқындап, оны ретімен баяндай білу.

 –Түрлі мәтіндердің ерекшелігі мен стилін түсініп бағалай білу.

2.Оқылым:

- Оқушының түрлерін (сапалы түсініп оқу, дұрыс оқу, шапшаң оқу, мәнерлеп оқу) кітаппен және өзге де әдебиеттермен жұмыс үстінде орынды қолдану.

  1. Айтылым:

- Әлеуметтік мәдени, эстетикалық, адамгершілік, тұрмыстық және басқа да тақырыптар бойынша, сондай-ақ тілдік жағдайларға сай ауызша, диалогтар құрай алу.

  1. Жазылым:

- Әр түрлі стильдар мен шараларға жазбаша мәтіндер құрай алу.

- Естіген немесе оқыған мәтін мазмұнын мақсатқа сай жаза алу.

Ұжымдық оқыту технологиясын қолдану барысында төмендегі

коммуникативтік әдістер жүзеге асады.

  1. Жұптық оқыту.

Тілдік қатынас екі адамның арасында жүреді. Онда негізі мақсат –екі оқушының өзара тілдесу ерекшеліктеріне олардың қабілеттеріне, тілді білу дәрежесіне сүйене отырып жүзеге асады. Бұл әдістің ерекшелігі тілдік қарым-қатынасының ауызша жүріп дамуына себебін тигізеді. Оқушылар екі –екіден жұп құрып өзара диалог, тақырып қысқаша сипаттама жасап, бір-біріне ауыспалы жұп құрай отырып өздеріне жүктелген материалды түсіндіреді.

  1. Топтық оқыту

Оқушылар арнайы құрылған шағын топтарға бөлінеді. Оқушыларды топтарға бөліп сабақ оқыту, олардың бір-бірімен қарым-қатынасын артып дұрыс сөйлей білуге жағдай жасайды.

3.Ұжымдық оқыту.

Жұптық және топтық қалыптарды өзара біріктіреді. Тіл үйренудің ұжымдық формасы –үйренушінің бүкіл топтағы адамдардың бірін-бірі үйретуді, оқытуы, пікір алмасуы және әр жұп сыңарларының алмасып отырулары арқылы бүкіл ұжым мүшелері қамтылып, әрі топтың, тілдік қатынас жүзеге асады.

      Тіл ұстартуға арналған мәтіндермен ауызша, жазбаша жұмыстарын орындауда ұжымдық оқыту технологиясының әдіс-тәсілдерін қолдану, әсіресе орыс сыныптарында қазақ тілін меңгеруде орасан зор пайдасы бар.

      Диалогтік оқыту әдісі  – мұғалімдер балалардың оқуға деген ынтасын оята алатын пәрменді тетік.Сұрау және топтық жұмыс диалогтік тәсілдің балаларды оқыту сапасын арттыру құралы. Ғылыми зерттеу нәтижелері сaбaқтa диaлогтің мaңызды рөл aтқaрaтындығын Мерсер мен Литлтон (2007) өз еңбектерінде диaлог сaбaқтa оқушылaрдың қызығушылығын aрттырумен қaтaр, олaрдың білім деңгейінің өсуіне үлес қосaтындығы турaлы aйтқaн болaтын. Диалогтік оқытудың бір түрі - әңгіме – дебат. Бұл әдістің тиімділігі – оқушы өз көзқарасының дұрыстығын дәлелдейді, сөйлеу мәдениетін қалыптастырады, өзіндік көзқарасы бар жеке тұлға қалыптасады.

       Жаңа ғасырға – жаңа технологиялар. Қазіргі уақытта өзге ұлт өкілдеріне тілді меңгерту үшін педагог ғалымдар көптеген технологиялар мен әдіс-тәсілдерді ұсынып отырғаны белгілі. Біз солардың тиімді деп есептелінетін кейбіреулеріне тоқталғымыз келеді. Көптеген оқытушылар қауымы да, тілді үйренушілер де интерактивті технологияларды оқу үрдісінде қолданудың артықшылығы мен септігінің өте жоғары екенін байқады. Интерактивті технологияларды дамыту арқылы біз өз уақытымызды және күшімізді үнемдеу мүмкіндігіне ие боламыз. Интерактивті технологиялар білім беру жүйесінде оқытушының жұмысын жеңілдетіп қана қоймайды, оқу үрдісінде терең де сапалы білім беруге жол ашып, ерекше орын алып отыр.

     Ең алдымен интерактивті деген сөздің мәнісін ұғып алайық: inter – «бірге, өза-ра», act – «әрекет ету, іс-қимыл» деген мағынаны білдіреді. Оқытудың интерактивті технологиялары – бұл оқушылардың топпен бірге әрекет етуіне негізделген, өзара іс-қимылға, бір-бірін толықтыруға бағытталған, оқушының бұл үрдістен тыс қалуына мүмкіндік бермейтін оқу формасын ұйымдастырудың тиімді жолы деп есептейміз. Оқыту үрдісінде бұл әдісті қолдану үшін оқытушы тіл үйренушілердің ұжымдық, жұптық топтарға бөліп, өзара қарым – қатынас жасауға ықпал етеді және жағдай жасайды. «Интерактивті оқыту» әдісі 1990 жылдары интернет желісінің дамуымен байланысты пайда болды.

    Оқытудың интерактивті жүйелерін мектептерде қолдану бұл білім берудің жаңа ұстанымы – «Білім алуды қарқындату». Оқытудың интерактивті технологиялары мен әдістері арқылы интенсивті білім беру жүйесіне оқушылар жай тыңдаушы ғана емес, белсенді қатысушы және серіктес ре-тінде қатысуына қол жеткізе аламыз. Интерактивті электронды тақталарды қолдану білім сапасын арттыруға септігін тигізеді.

    Интерактивті әдістерді қазақ тілін оқытуда тіл үйренушілерге үйретуде интерактивті әдістердің ойын сияқты кейбір түріне тоқталып өтейік. Тіл үйренушінің ойлау мен сөйлеу дағдыларын дамытудың бір түрі сабақты ойын түрінде ұйымдастырып, олардың тілдерін жетілдіру. Ойын арқылы тіл үйренушілерді оқыту интерактивті оқыту әдісінің түрі болып есептелінеді. Себебі тек ойын үстінде ғана тіл үйренуші мен оқытушы арасында байланыс пайда болып, олардың топпен жұмыс істеуіне мүмкіндік пайда болады. Ойын тіл үйренушінің сабаққа деген қызығушылығын, белсенділігін арттырумен бірге олардың танымдық қабілетін жетілдіріп, шығармашылық белсенділікке деген қажеттілігін қанағаттандырады.

Ойын – үйрету әдісінің ерекше бір түрі. Ойын үйренуді мәжбүр етпейді, тілді үйреткен кезде түлі үйренушінің өз еркімен, ынтасымен барлық жұмыстар атқарылады. Сабақты ойында арқылы ұйымдастырғанда тіл үйренушілердің барлығы бірдей, яғни «жақсы» не «нашар» білетін деп бөлінбейді, бір – бірін олар тек ойыншылар ретінде қабылдайды. Мысалы, олардың сөздік қорын, сөздерді дұрыс таңдауға дағдыландыру үшін олармен «Сөз тізбек» ойынын ұйымдастыруға болады.Тіл үйренушілерді топқа бөліп, оларға қандайда бір сөзді айтып, сол сөздің соңғы әрпі келесі сөздің бірінші әрпі болады. Олар белгілі бір уақыт мөлшеріне дейін жалғастыру керек. Мысалы, оқытушы «Қазақстан» десе топтағы тіл үйренушілер «Н» әрпіне «Нан», «Нарық», «Қияр», «Раушан» және тағыда басқа сөздерді атап осылай ойын белгілі бір уақыт мөлшеріне дейін жалғаса береді.

      Интерактивті технологияларды әр оқытушы өз сабақтарында пайдалана алса, интеллектуалдық қабілеті дамыған коммуникативтік дағдылары қалыптасқан, алған білімдері практикада пайдалана білетін, бәсекеге қабілетті жеке тұлға қалыптастыра аламыз деп есептейміз.

      Өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқытуда мәтінмен жұмыс істеу үлкен рөл атқарады. Қазіргі заманда Мұсабекова Ф. [1], Әбдікәрімова Т., Әбдіғалиева Т., Шаймерденова К. [2], Рахметова С. [3], Нұржанова Ж. [4] сияқты ғалымдардың ұсынуымен мәтінмен жұмыс жүргізу әдістемесі дамып келеді. Оқытуда тілдік қатынас мақсатын алға шақырған қатысым [коммуникативтік] әдісінің артықшылығы практикада дәлелденген. Өйткені, мәтін – сөйлеуге жаттықтыру, сөйлеу дағдысын қалыптастару құралы. Мәтінмен байланысты жүргізілетін жұмыстардың бәрі де сөйлеу дағдысын қалыптастырумен байланысты болғанда ғана, тілге үйрету жұмысы нәтижелі болмақ. Оқу мәтіндегі қазақша сөйлеудің дұрыс үлгісін көрсетіп қана қоймайды, оған бірте-бірте дағдыландырады.

       Тілді оқытудың алғашқы кезінен бастап соңғы кезіне дейін мәтін ұзақ уақыт сабақта қолданылатын болғандықтан, ол сөйлеудің дұрыс үлгісінің еске сақталуына мүмкіндік беретін дидактикалық материал. Мәтінмен жүргізілетін жұмыс түрлері оны оқу, мәтіндегі дұрыс сөйлеу үлгілері арқылы оқығанын, аударғанын жеңіл диалогқа айналдыру, қарапайым мазмұнын айту арқылы көрінеді. Мақсат – оқушылардың мәтіндерді практика жүзінде іске асуына, байланыстырып сөйлеуге қалыптастыруға дұрыс пайдалану.

Мәтінді меңгертудің бір жолы – мәнерлеп дұрыс оқу. Мәтін мазмұнын түсіну үшін оның ішіндегі жеке сөздерді түсіну керек, яғни таныс емес сөздердің аудармасын оқушылар табуы қажет. Сөздің нақтылы мағынасын сөйлеу контексінде ғана байқауға болады. Қандай мәтін болса да, алдымен оның мазмұнын түсіну қажет.

Қазақ тілін оқытудың  алғашқы кезеңінен бастап, мәтінмен жұмыс жүргізу тіл дамытуда өте пайдалы. Сондықтан бұл жұмысқа жеткілікті мән берілуі қажет.

Мәтін – білім алушыларды оқуға үйретудің құралы, ол ойын, тілін дамытады, тәрбиелейді, қазақша сөйлеуге үйретеді. Мәтін осы қызметтерді толық атқару үшін, оған төмендегі талаптар қойылады.

Мәтін әр білім алушылардың жас ерекшелігіне, біліміне, түсінігіне сай алынады. Осымен байланысты әр сыныпта  оқылатын мәтін әр түрлі деңгейде болады. Бұл білім алушылардың өзінде алғашқы мәтіндер мен оқу жылының аяғындағы мәтіндердің көлемі, ондағы сөйлемдердің құрылысы, ауыр-жеңілдігі бірдей болмайды. Мәтін дидактиканың жеңілден ауырға деген принципі бойынша бірте-бірте күрделеніп отырады 

Бір мәтіннің төңірегінде оқушыға грамматикасы бар, морфологиясы бар, ауызша, жазбаша тапсырмасы бар ең азы 20-жуық жаттығу орындатуға болады. Сондықтан, мәтінмен жұмыстың маңызы зор . Қазіргі кезде өзге ұлт өкілдері оқитын мектеп оқушыларына мәтінмен жұмыс жасағанда «Мозаика» әдісін пайдалану өте тиімді деп ойлаймын, себебі қазақ мектебінде оқитын оқушылар мәтіннің бөліктерін тез табады, олар үшін бұл қиындық туғызбайды, ал өзге ұлттың балалары мұндай  жағдайда ойланады, дұрыс мәтін бөліктерін орнына қою үшін не бастапқы, ортаңғы, соңғы абзацтарды табу үшін сөздікке жүгінері сөзсіз. Бізге де, керегі осы тұс. Кез-келген шағын мәтінді  1-2 сөйлемнен құралған бірнеше бөліктерге топтастырып, қиынды ретінде тарату арқылы немесе бір тегіс пішінге жазылған мәтінді ұсақтау арқылы мәтінді мағынасына қарай құрату. Оқушыны жалықтырып алмау үшін, осы «Мозаика» әдісі өте қолайлы.

        Қазақ тілін оқытуда коммуникативтік мақсатқа жетуде ауызша сөйлеудің маңызы зор. Сөйлеуге үйрету үшін оқыту әдісі ситуативті болуы керек, себебі: ситуативтілік сөйлеу әрекетінің табиғи қасиеті болып табылады.

Сөйлеуге үйрету үшін қажетті ситуацияларды мынадай жолдармен беруге болады:

  • а) «көз алдыңа елестетіп көр», «қиялдап көр» деген сияқты т.б. тапсырмалар арқылы ситуациялар құру;
  • ә) белгілі бір ситуацияны жасайтын сурет немесе ситуацияны дамытатын, күшейтетін суреттер тізбегіне қарап, соның көмегімен сөйлеу;
  • б) күнделікті өмірдегі болып жатқан жағдайға ұқсас нәрселерді сипаттау.

Ұлы ғалым Ахмет Байтұрсынов былай деген екен «жақсы мұғалім деген атқа түрлі әдістерді меңгеріп, соларды оқытуда қолдана білу арқылы ғана жетуге болады. Сонымен қатар, бірнеше әдісті меңгеріп қана қоймай, табанда өзі қажет әдісті тауып, пайдалана білу керек» (А,1928, 32 бет)  деген екен, демек  өзге ұлт өкілдерінің алдындда мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, мерейін тасыту үшін, мұғалімнің жан-жақты дамып, кәсіби шеберлігін ұштай түсуі маңызды. Мектеп оқушыларының мемлекеттік тілді қарым-қатынас негізінде игеріп сөйлей алуы үшін мұғалімнің тілді үйретуде  әдіс-тәсілдің тиімді тұсын қолдану орасан зор пайдасын тигізеді.

 

 

0 пікірлер

Пікір қалдыру

Есім:*
E-Mail:
  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кодты еңгізіңіз: *
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив