Шоқанның өскен ортасы

                                                                                                    Астана қаласы

                                                                                              №8 орта мектептің

                                                                қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

                                                                           Утепова Салиха Камбаровна

 

                                         Шоқанның   өскен ортасы

                               

      Шоқанның  өмір жолы – елдің тағдыры, халықтың тағдыры. Шоқанның ойы,  еңбегі, арман – тілегі еліміздің тарихымен , оның ішінде кешегі, бүгіні, ертеңгі мәдени өмірімен , өнер өрімдерімен тікелей сабақтасып жатыр.

     Орта Азия халықтары  бағзы заманнан іргелі де аумақты мәдениеттің өркендеген елдердің бірі болғанын алғаш таныған әрі ғылыми тұрғыдан таратып жазған  Шоқан Уәлиханов екенін білеміз. Ғалым бүкіл саналы  ғұмырында елдің елдік дәрежесін көтеруді арман етіп, оның шын мәнінде азат, мәдениетті жоғары елдермен терезесі теңелуін аңсап өткен. Ел тағдыры үшін

ой тербеп,өз ісімен көрінді. Тарихы тамырлас, тағдыры сабақтас Қазақстан мен Орта Азия  халықтарының тарихын бөліп жармай, тұтас қарастырды Орташа ғана білім алған, бірақ халқының тарихы мен мәдениетін  бүкіл әлемге танытуда жоғары білімді ғалымдардан да  көп еңбек еткен, тер төгіп, жанын пида еткен қазақтың ұлы перзенті қандай ортада тәрбиеленген, кімдермен сахара дала төсінде аң аулап,  құс салғанын, туғандарына қалай бауырмал болғаныны біреу білсе, біреу біле бермейді. Шоқанның осындай азамат болып тәрбиеленуіне оның шыққан тегі мен тектілігіне де қатысы бар емес пе?

        Шоқан өзінің   «Қырғыз  (қазақ) хандары мен сұлтандарының шығу тегі жайлы тізбекте» өз қолымен түзетулер  мен толықтырулар  жасай отырып, мынадай мәліметтер жазып кеткен ... Сығанақ қаласының қабырғасын қайта көтерушілердің  бірі Барақханнан Жәнібек (Әз -Жәнібек), одан Жәдік, Жәдіктен Шығайхан, онан Ер Есім хан, Мұнан кейінгі аталары  Жәңгір – Уәлисұлтан- Абылайсұлтан- Уәлисұлтан- хан Абылай батыр тараған.   Шоқанның әкесі –Шыңғысты аға сұлтандығына қарамастан «хан», «ханның соңғы  тұяғы» атау осыдан келіп шығады.[1.271-бет]

      Шоқанның тегі атасы Уәлидің есімінде: Уәли - Орта жүз ханы Абылайдың тұңғыш баласы.  Уәлиханның екі қыстауы болып, біріншісі – Хан көлі  болып, онда Уәлидің бірінші әйелі Сайман мен балалары мекендеген.  Екіншісі -  Уәлидің кіші әйелі  Айғанымнан тараған  ұрпақтың еншісіне тиген Сырымбет төңірегі.  Айғаным – Шыңғыс, Әбден, Мәмке, Шепе(к), Ханқожа, Әлжан есімді алты ұл, Рахия, Нұрилә атты екі қыз көтерген.  Шоқанның әжесі Айғаным үш жүзге бірдей аты тараған, көркіне ойы сай, білімді, парасатты әйел болған.  Шоқанның әкесі Шыңғыс Уәлиханов 1811 жылы Қызылағашта  дүниеге келген. Уәли дүние салғанда Шыңғыс он жаста болады. Әулет билігін Уәли ханның жесірі, Шоқан Уәлихановтың әжесі Айғаным (1783-1853 жж.)ханым қолына өтеді, өйткені  мұрагер болатын  үлкен  ұлы Ғұбайдулла айдауда болатын. 

     Әскери училищені бітірген 23 жасар Шыңғыс Аманқарағайға аға сұлтан болып тағайындалған кезде, Шорман бидің қызы Зейнепке үйленеді. Бұл әулеттен 7 ұл , 5 қыз  өмірге келеді:  Шоқан (Мұхамедқанафия) 1835 ж., Бадығұл 1836 ж., Жақып 1839 ж., Жамал 1840ж., Рахия 1841 ж., Абдул- Мағжан (Мақы) (1944ж.), Махмет  1946  ж., Нұрила 1848 ж.,  Мұхамедия1850., Шарбану 1852 ж., Сақып –Керей (Қозыке)1854ж., Апия 1856 ж., Нұрмұхаммед (Қоқыш)1858 ж., [2.176-бет]

     Шоқан   қараша айында Құсмұрында  дүниеге келген,  сосын ата – қонысы Сырымбетке көшіп келеді. Шоқанның бала күнгі әуесі сурет салу болатын, ол мұны Құсмұрын бекетінде өздерінің отбасымен бірге тұрған топографтар мен геодистерден үйренеді [2.17-бет].

    Шыңғыстың барлық ұлдары дарынды болған.  Әкесі балаларын білімге құштар етіп , өнер үйретуге көңіл бөлетін. Шоқаннан кейінгі ұлы Жақып еркелеу, қызқұмар болып өседі. Ол Кадет корпусына оқуға түссе де, оқуын аяқтамай, әкесі Шыңғыстың қолында оқиды.  Жақыптың бір ерлік ісі Жетісуға барып Шоқанның жесір қалған әйелі Айсарыны Сырымбетке алып келеді.  Әмеңгерлік жолымен үйленген Айсарыдан   үш бала : Мариям, Мәлік, Рабиға дүниеге келеді. Айсарыны атасы Шыңғыс өз қамқорлығына алып, «Шоқаннан  қалған қарашығым» деп қорған болатын. Айсары  өзімен бірге Шоқанның ауырып жүргенде түскен суретін ала келген болатын. Жақып Айсарыға үйленгенімен, оған басқа әйелдеріндей қарамаған, сондықтан болар, Шыңғыс келініне көп қамқорлық жасайтын болған, өзі қайтыс болар кезінде  оны кіші ұлы Қоқышқа аманат етіп қалдырған екен.

       Тағы бір бауыры  Мақы Уәлиханов ( 1844- 1923 жж.)  суретші болады. Мақының  азан шақырып қойған аты бір деректерде Әбу – Мұхаммет деп жасылса, бір деректерде  Абдул- Мағжан деп жазылады.   Қариялардың айтуынша, Мақы 5-6 жаста әлдеқандай кеселге шалдығып, шалажансар болып талып қалғанда, оны өлдіге санап, көміп тастайды дейді. Бірақ Мақының сүт- анасы «... баламның шақырған дауысын естідім»,- деп қайта –қайта жылап, елегізи берген соң, көрді қазып қарағанда, баланың кеудесінде жаны бар болып шығады. Алайда ақылы тоқтамаған жас бала шошып қалып, біржола тілден қалады деген аңызды әңгімелейді[1.273-бет]. Мүгедек  болып қалған ұлын Шыңғыс Петербордағы қолөнер мектебіне орналастырады. Мақы мүгедек болса да, қазақша, орысша, латынша жаза білген. Ою ойып, ағаштан өрнек салған. Оның қолымен  жасалған әдемі өрнектер Омбыда, Мәскеуде, Петерборда құрылған көрмелерде көрсетіліп отырылған. Әжесі Айғаным немересі Мақының мүгедек болып қалғанында оған бойтұмар етіп, әкесі Сарғалдақ қожа Меккеден алып келген «Мөр -шәрифті» сыйлаған болатын.

     Шыңғыстың халық сүйген оқымысты баласы –Махмет . Шоқаннан тәрбие алған кішіпейіл, момын, кедейге , кемтарларға көмек көрсетумен аты шыққан. Ол  Омбыдағы Кадет корпусын бітірсе де, кеңседе қызмет істемей,  үйінде мал шаруасымен айналысқан. Махмұт болыстардан зорлық көрген кедей-кепшіктердің атынан  арыз жазуға көмектескен. Сондықтан ұлықтар Махмұттың бұл әрекетін ұната қоймаған.   Осындай тамаша жанды уақытша үкіметтің бандылары өлтіріп кетеді.

      Шыңғыстың бір жақсы баласы Қозыке (Сақып-Керей) 31 жасында 1885 жылы Сырымбетте  қайтыс болады.  Ол асқан әнші, домбырашы, сайыққой. Кезінде Ақан серімен дос болған. Оның «Топайкөк», «Ай көкек», «Сырымбет» Шоқанға арнап шығарған «Көкем» атты әндері бар.

      Ең кенже ұлы Қоқыш( Нұрмұхаммед) 1927 жылы қайтыс болады.  Мінезі сыпайы, биязы, момын кісі болған.  Серілік құруды, жүйрік ат ,бүркіт, қаршыға ұстауды жақсы  көріп, дәрігерлік  ісіне де қатысатын болған.  Білімді Шоқаннан, Мақыдан, Махметтен алған.  Шыңғыстың қара шаңырағына ие болып, әкесінің, Шоқанның бар мұрасын , әскери киімдері,  кітаптары, жазған қолжазбалары , достарынан келген хаттары, фото суреттері Қоқыштың қарамағында болған.  Оның көбін Шоқанның әйелі Жетісудан өзімен бірге ала келген. Шыңғыс әулетінің дүниесі Қоқыштың қарамағында болады. Бірақ аласапыран кезінде бұл дүниелер жоғалып кетеді.  Қоқыштың келіні Нұрыштың әңгімелеуінше   Шыңғыс пен Шоқаннан қалған дүние өте көп болған.  Қоқыштың  әйелі Шайдан мен баласы Шернияздан  қымбат дүниелерді  темір жәшікке салып,  қаңылтырмен қаптап  көміп тастайды.  Бұл жәшікте тарихи қағаздар, фото суреттер, хаттар,  Шоқанның қолжазба кітаптары,  Айғанымның зергерлік бұйымдары,  алтын жүзік, білезіктер, қымбат тондар, Шыңғыстың   әкесінен қалған асыл заттары болған.   Бұл жәшікті Қоқыштың күйеу баласы қазып алып, қымбат заттарды сатқан, Шоқаннан қалған қолжазбалар жоғалып кеткен. Бұдан да басқа жасырып қойған заттар қолды болып, ескінің көзі болған  асыл заттар, қымбат нәрселер көрінгеннің қолында, қадірсіздің  қызметінде жұмсалып кетеді.   Ол заттардың ішінде ең қымбаттысы Шыңғыстың алтындаған тоны, әдемі кісесі, түскиіздер, қымбатты кілемдер, шамамен барлығы 62 нәрсе болған екен.  Сол жоғалған қазбаның біразы Дәуқара ауылында тұратын Қожахмет деген кісіде екенін хабарлайды.[2-199-бет]        

       Шоқанның қарындастары туралы мәліметтер өте аз. Бірақ Шыңғыс өз қыздарын атақты, текті жерлерге ұзатқан. Үлкен қызы Бадығұл Ақмола төресі Қоңыр Құлжаның баласы  Абылайға тұрмысқа шыққан. Бадығұл өрнекті әдемілеп тігетін асқан шебер болған.  Шыңғыс үйіндегі әдемі дүниелер соның қолынан шыққан екен. Олардың қыстауы Нұра өзенінің бойында Тай –төбе деген жерде болған.

   Кіші қарындасы Нұрилаға Баянауылда тұратын атақты әнші Атубайдың Әбжанының ұлы Садуақас үйленген.

     Қорыта айтқанда, Шығыстың жарық жұлдызы, халқының   сүйікті перзенті,  ата –анасының ардақты ұлы, туысқандарына бауырмал болған, достарына адал болған Шоқан Уәлиханов туралы айтылатын сөз бен айтпақ болған ой өте көп. Бірақ Шоқаннның осындай ғұлама болып  шығуы да, жалықпай еңбек етуіне де оның өскен ортасы, шыққан тегі де үлкен рөл атқарған деп ойлаймын. Шоқан өміріне , жанұясына қатысты әлі де  зерттелмеген деректер көп . Сондықтан, қазақтың ұлы перзенті Шоқан Уәлихановтың өмірі мен шығармашылығын зерттеу әлі де  заман талабының бірі болып қалады.

 

                                   Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Сейсен Мұқтарұлы «Шоқан және өнер» Алматы «Өнер»,1985 ж
  2. Әлкей Марғұлан Шығармалары 10 том «Алматы -Болашақ»  2011 ж.

 

                                   

0 пікірлер

Пікір қалдыру

Есім:*
E-Mail:
  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кодты еңгізіңіз: *
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив