Сынып жетекшісі – сыйлауға лайық тұлға

 

Жұрт аузында жүйткіп жүрген екі сөз бар: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», «Тәрбиесіз берілген білім адамзатқа апат әкеледі». Білім мен тәрбие төңірегінде әңгіме қозғала қалса, осы екі сөзді екпіндете айта жөнелетіндер көп. Біреу біліп айтады, орынды ой қозғап, жүйелі жеткізеді. Біреу білгішсініп, мақтанып, қызыл сөзге қосақтап, даналық ойдан дән іздеп жатпайды. Айтпасын демейсің, айтсын. Сөз қадірін білгенге не жетсін. Ұлылардан қалған ұлағатты сөзді үлгі етіп, іс жүзінде жарата білсек, қане?! Орыс жазушысы М.Горькийдің «Балалардың тәрбиесін үлкендерден бастау керек» дегенін ескерсек, ата-аналарға артылар жүктің ауыр екені айтпаса да түсінікті.

Қарқынды дамып, шапшаң шарық­тап келе жатқан заманның өкінішті тұс­тарының да көп екеніне көз жет­кізіп келеміз. Айталық, мектеп оқушы­лары арасында орын алып жата­тын атыс-шабыс, әлімжеттік, суицид, «сот­ка­ма­ния», ұрлық, ерте жүктілік, бұзықтық тал бесіктен берілетін тәр­биенің бетімен кеткенін көрсетеді. Осындайда ата-аналарға ренжитініміз рас. «Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да, тартпай қоймас негізге» деп Бұқар жырау баба­мыз айт­қандай, тәрбие негізі отбасы, ошақ қасында қаланады. Өкініштісі, біз­дің ата-аналарымыз өз құқықтарына қылау түсірмейді, бірақ міндеттеріне мұрнын шүйіріп қарайды. Тәртіпсіздік орын алса, таяқтың бір ұшы мұғалімге тиеді. Тигенде де оң­бай таяқ жейді. Бала тәрбиесіне нем­құрай­лы қарайтын ата-ана барлық жауап­кершілікті мұға­лімдерге артып қойып, өздері сүттен ақ, судан таза болып көрі­неді. Жұрттың еркетотай балаларын жөн­ге саламын деп жүйкесі жұқарып жүре­тін де мұғалімдер.

Мұғалімнің де мұғалімі бар. Бес сау­сақ бірдей емес. Аузында сөзі жоқ, ісі шала, өнеге-өрісі тар мұғалімдер оқу­шыларды өз орнына қоя алмайды. Қазіргі мектептерде қатты қол, қайсар мінезді, талапшыл, табанды, бір қара­ғанда қатал болғанымен, жан-жүре­гі мейірімге толы ер мұғалімдер «қызыл кітапқа» кірудің аз-ақ алдында тұр. Олардың орнын «жолы жіңішке» нәзік жандылар басты. Әйелдің аты – әйел. Мұның бәрі ұрпақ тәрбиесіне тура мағы­насында да, жанама түрінде де әсер етпей қоймайды.

Мектеп оқушыларының өмірінде өш­пестей із қалдыратындардың бірі –сынып жетекшілері. Сынып жетекшісі бала­ның екінші ата-анасы. Оларға қойы­ла­тын талап күшті. Ол баланың мек­теп­те өтетін барлық уақытына жауап бере­­ді. Сабаққа кешікпей келуі, киімі, мі­нез-құлқы, тазалығы, оқу үлгерімі, тәр­­тібі, мәдени іс-шараларға қатысуы, жү­­ріс-тұрысы сынып жетекшісінің көз ал­дын­­да тұрады. Оқушыларды тәртіпке ша­­қы­­рып, түздегі тәрбиені түзететін сы­нып же­тек­шілері. Ақыл-кеңесін беріп, сабақ үл­гері­мін қадағалайтын, бұзық­тар­­­­ды бұ­рышқа тұрғызып, әлекке түсіп жата­­­тын да солар. Ал пән мұғалімдері сабақ­­­тарын өтеді де кетеді. Тәртіп пен тә­р­­бие тізгінін бір уыста ұстаған сы­нып жетек­­ші­лері мектептегі басты тұл­ға­ла­р­дың бірі. Мектеп пен ата-ана ара­сын­­­дағы алтын көпір! Пән мұғалім­дері сы­нып жетекшілеріне қарыздар. Оқу­шы­­­­лар­­­ды түгендеп, орындарына жай­ғас­­ты­­рып, сабақтың өтуіне барлық жағ­­­дай жасап беретін жанкешті еңбегі бір бөлек.

Алайда, сынып жетекшілерінің еңбегін бағалап, көзге іліп жүрген еш­кім­ді көрмейсіз. Сабаққа келмей қал­ған оқушыны сарсылып іздеу, тәртіпті қада­ға­лау, талғамын таразылау, үлгерімі нашар­лармен жұмыс, ата-аналармен қарым-қатынас, толып жатқан есеп-қисап қағаздарын толтыру, сенбілік ұйым­дастыру сияқты жұмыстар сы­нып жетекшілерін қажытатыны рас. Қазір­гі мұғалімдердің көпшілігі сынып жетекшісі болудан үзілді-кесіл­ді бас тартады. Же­тек­шілік үшін қосым­ша төленетін 4-5 мың теңге шай­лық болып жарытпайды, шар­шап-шалдыққанын баспайды. Мектеп басшыларынан сөз есітіп, сынға ілігіп жататынын айтпай-ақ қояйық. Көңілсіз істен керемет нәтиже күтуге болмайды. Жауапкершілік жайы­на қалады.

Біздің айтайын дегеніміз, сынып жетекшілеріне ерекше мәртебе беріп, еңбек­ақысына қосымша төленетін қаржы көлемін арттыру керек. Мұның жетек­­шілердің еңбекке деген құлшыны­сын қанаттандырып, оқу процестерінің ырғақты жүруіне, тәртіп пен тәрбиені қатаң бақылауда ұстап, білім сапасын көтеруге ықпал ететіні сөзсіз.
Мектептің қозғаушы күші сана­латын сынып жетекшілерінен еште­ңені аямауымыз керек. Сынып жетек­ші­лерінің жұмысын жандандыру – мектеп өміріндегі өзекті мәселелердің бірі.

Махамбет САПАРМҰРАТОВ,
М.Шоқай атындағы орта мектеп мұғалімі

Оңтүстік Қазақстан облысы,
Мақтаарал ауданы

egemen.kz

0 пікірлер

Пікір қалдыру

Есім:*
E-Mail:
  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кодты еңгізіңіз: *
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив