Алғашқы қоңырау

 

Алғашқы қоңырау

Киімі де,сөмкесі де көркем-ді,
Білім жолда арманы асқақ желкен-ді.
Мектебіне бара жатыр ұлтыңның
Әлиханы,Ахметі ертеңгі.

Бір-бір үйдің қызы-айы,ұлы-күн,
Бола берсін,еркелеу ме бірі тым.
Мектебіне барады олар ұлтының
Арқалап ап үкілеген үмітін.

Өткен дәуір көріп өмір бұрқағын,
Талай мәрте жеңіс жырын шырқадың.
Білім жолға бет түзеді,міне,енді
Санасы да,ойы да азат ұрпағың.

Ұл-қызым деп ана ұйқысы сан қашты,
Бесік тербеп,күн мен түндер алмасты.
Солар үшін алдағы үлкен өмірдің
Соғылады қоңырауы алғашқы.

Бөбегінің оятса ана талғамын,
Тілейді енді жақсы шәкірт болғанын.
Сол бөбегі алып бара жатқандай
Ата-ананың жалау етіп арманын.

Басталғанда білім жолдың асқары,
Қадамдарын үлкендер де қостады.
Олар үшін соғылса алғаш қоңырау,
Сол қоңырау-ертеңгі өмір бастауы.

Авторы:
Ғабиден ҚОЖАХМЕТ,
Қызылорда қаласы

Пікір қалдыру