Бүгін - ғарышкерлер күні. Алаштың үш алыбы

Бүгін - халықаралық ғарышкерлер күні. Адамзатқа ғаламдық жаңалық әкелген бұл күн үшін әлем Қазақстанға қарыздар. Себебі алғашқы адам Қазақ даласынан ғарышқа сапар жасаған. Ал бүгінге дейін Байқоңырдан алаштың үш азаматы аспан әлеміне саяхат жасап қайтқан екен. Қаһармандарымызды бүгінгі мерекелерімен құттықтай отырып, оқырмандарымызға алыптарымыздың өмір жолын қысқаша ұсынуды жөн көрдік.

Осыдан тура 56 жыл бұрын, яғни 1961 жылдың 12 сәуірінде таңғы сағат 9-дан 7 минут өткенде Кеңес Одағы қазақ жеріндегі Байқоңыр ғарыш айлағынан әуе кеңістігіне «Восток» кемесін аттандырды. Ол кемеде әлем тарихындағы орбитаны бойлай ұшқан тұңғыш ғарышкер, аға лейтенант Юрий Алексеевич Гагарин болған еді. Жерден мыңдаған шақырым алыс ұшқан оның сапары дәл сол кезең үшін рекордтық көрсеткіш болды. Сапар 1 сағат 48 минутқа (108 минут) созылды.

«Восток» кемесі 302 км биіктікте Жерді бір айналып шықты да, сағат 10-нан 55 минут өткенде, Саратов облысындағы Смеловка ауылына жақын маңға қонды.

Аңызға айналған бұл сапары үшін ғарышкер Кеңес Одағы Батыры атағын алды. Оның ерлігі бүкіл адамзат баласының сан мыңдаған жылдар бойғы арман-тілегін жүзеге асырды.

Осы оқиғадан кейін ғылыми-техникалық революцияға ерекше серпін беріліп, спутниктік телевидение, интернет, ауа-райын бақылау, бағдарлау секілді заманауи өмірдің игіліктеріне жол ашылды.

Міне, осы күннен бастап, 12 сәуір Кеңес Одағының Жоғарғы Кеңес Төралқасының қаулысымен мемлекеттік мереке - ғарышкерлер күні болып белгіленді.

1968 жылы қарашада өткен Жалпы Халықаралық авиация федерациясының 61-конференциясының қаулысына сәйкес, дәл осы күнді Халықаралық авиация және ғарышкерлер күні ретінде атап өту туралы шешім шығарылды.

1955 жылдың 12 ақпанында КСРО-ның Жоғарғы Кеңесі ақылдаса келе, континенталды балистикалық зымыранды сынақтан өткізуге бел буды. "Байқоңыр" ғарыш айлағын Қазақстанда тұрғызу туралы шешім қабылдады.

1957 жылдың 4 қазанында Ресей мемлекеті орбитаға алғашқы жасанды жер серігін ұшырды (Спутник-1). Ол орбитада 1957 жылдың 4 қазаны мен 1958 жылдың 4 қаңтары аралығында, яғни 92 күн болды. Осы аралықта Жерді 1400 рет айналып шығуға үлгерді. Әрбір айналымға 100 минуттай уақыт кетті. Осыдан кейін жер серігі Жер атмосферасында жанып кетті.

Ал Қазақ даласында орналасқан осы ғарыш айлағынан қазақ азаматын ұшыру туралы сөз болған жоқ. Себебі КСРО-ның құрамындағы мемлекеттер үшін ұлтқа немесе мемлекетке бөлінушілік болған емес. Дегенмен адамзат ғарыш кеңістігін бағындырған 1961 жылдан 30 жылдан кейін 1991 жылы ғарышқа қазақ баласы көтерілді. Бұл – халық қаһарманы, Кеңес одағының батыры Тоқтар Әубәкіров еді.

Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров — қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры (1988), Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы (1995), техника ғылымының докторы (1998), профессор (1997), Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің құрметті профессоры. Ол 1946 жылы Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында өмірге келген. Ресей Федерациясындағы Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесін (1969), авиация институтын бітірген (1979). 1969 — 75 жылдары Әскери-әуе күштерінде ұшқыш, звено командирі, эскадрилья командирінің орынбасары. 1976 — 1992 жылдары Мәскеудегі Тәжірибелік конструкторлық бюроның ұшқыш-сынақшысы міндеттерін атқарды. Ол реактивті ұшақтың елуден аса жаңа түрін сынақтан өткізді. 1990 жылы ғарышкерлер құрамына алынды. 1991 жылы 2 қазанда Байқоңырдан “Союз ТМ-13” кемесімен ғарышқа ұшты. Онда ол өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу процесі, сол зиянды аэрозолдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынды. Ғарышта өтеген мерзімі — 7 күн 22 сағат 13 минут. Ғарыштан оралған соң Қазақстандағы ғарыштық зерттеулердің негізін қалауға, отандық Қарулы Күштердің әскери даярлығын жетілдіруге, әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарын жолға қоюға белсене араласты. Ол 1992 — 93 жылдары Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 1-орынбасары, 1993 — 94 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық аэроғарыштық агенттігінің бас директоры — Ғылым және жаңа технология министрінің орынбасары. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты — Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болды. Тоқтар Әубәкіров — Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының ақырғы (72-ші) ғарышкері.

Бұдан кейін де қазақтың қайсар ұлдарына ғарышты бағындыру бұйырды. Ашық ғарышқа 8 рет шыққан келесі қазақ баласы – Талғат Мұсабаев еді. Адамзат алғаш ғарышты бағындырудан он жыл бұрын дүниеге келген Талғат Амангелдіұлы — Қазақстанның ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы. Ғарышкер, техника ғылымдарының докторы (2008), авиация генерал-лейтенанты (2007).1951 ж. қаңтардың 7-сінде Алматы облысы Жамбыл ауданының Қарғалы ауылында туған. 1974 ж. — Рига азаматтық авиация инженерлері институтын бітірген, инженер.1974 ж. сәуірдің 1-інен — Бұрындай әуе кәсіпорнында кезекті инженер.1975—84 жж. — әуе кәсіпорндарында саяси-тәрбие қызметінде.1984 ж. — Алматы әуе клубында оқу бітірген.1986 ж. — ұшқыш даярлауын бітіріп азаматтық авиациясының пилоты деген куәлігін алған.1987—1990 жж. азаматтық авиациясында ұшқыш, ұшақ командирі жқызметтерін атқарған.1991 ж. бастап ғарышқа ұшуға даярланды. Әскери әуе күштерінде. Қосалқы ғарышкер есебінде екінші экипаждардың мүшелігінде болған. 1994 ж. ғарышқа 1-ші рет ұшқанда (Союз ТМ-19) 126 күн ғарышта өткізген.1998 ж. ғарышқа 2-ші рет ұшқанда (Союз ТМ-27) 208 күн ғарышта өткізген. Гиннестің үздік табыстар кітәбінде бір айдың ішінде 5 рет не бары 30 сағат 8 минөт ұзақтығымен ашық ғарышқа шыққанны жазылып алынған. Ол американ ғарышкері Л. Эйартс пен ресей ғарышкері (шуваш ұлтынының өкілі) Николай Бударинмен бірге ұшып, қонғанда ресей ғарышкерлері Николай Бадурин мен Юрий Батуринмен бірге оралды.

Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығының қарсаңында ғарышқа ұшуға тағы бір қазақ баласының жолы түсті. Адамзат ғарышты бағындырған 1961 жылдан 11 жыл кейін дүниеге келген Айдын Айымбетов – Қазақстан ғарышкері, Халық қаһарманы. Алматы облысы, Талдықорған қаласы, Өтенай ауылында 1972 жылы дүниеге келген ғарышкер, мектепті алтын медальмен бітірген. 1993 жылы Армавирдегі жоғарғы әскери авиациялық училищені "ұшқыш-истребитель" мамандығы бойынша бітіреді. 1993 жылдың мамырынан Қазақстанның Қарулы Күштерінің қатарында қызмет атқарады. Ұшқыш-истребитель. Ғарышкерлер отрядына таңдау алдында Талдықорған қаласы маңындағы авиабазада авиациялық бөлімшенің командирі болып қызмет атқарды. 2009 жылдың желтоқсанынан Қазақстан Республикасының Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының кеңесшісі, агенттік департментінің директоры. 2011 жылдың наурызынан Сұлтанғазиев атындағы ғарыштық зерттеулер институтында ғарыштық технологияларды ақпараттық-білімдік қамтамасыз ету бөлімінің бастығы. 2012 жылдың көктемінен Астана қаласындағы Оқушылар сарайындағы жас ғарышкерлер мектебінде ұстаздық етеді. Қазақстан Республикасы Әскери-әуе қызметінің полковнигі (2014 жылдан).

Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы ширек ғасырындағы ең басты жетістігінің бірі болып бағаланған бұл ғарыш сапарына Айдын Ақанұлы 15 жылға жуық уақыт даярланған. 1993 жылы алғаш рет ғарышкерлікке өтініш берді. Бұл ұсыныс орындалмаған соң, екінші мәрте 2001 жылдың 5 мамырында қайта берді. 2002 жылы Ресей-Қазақстан мемлекетаралық бірлескен ғарышқа ұшу келісімі аясында Мәскеу қаласында медициналық комиссиядан өтті. 09.11.2002 жылғы Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы ведомствоаралық комиссия мәжілісінде Қазақстан Республикасы ғарышкерлері отрядына кіргізу туралы ұсыныс жасалынды. 12.10.2012 жылғы Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1304 қаулысы негізінде Қазақстан Республикасының ғарышкері дәрежесі берілді. 26.05.2015 жылы Қазғарыш баспасөз хатшысы Ербол Дәулетов 2015 жылы ғарышкер Айдын Айымбетовті британдық әншінің орнына 2015 жылдың қыркүйегінде ғарышқа жіберу туралы мәселені талқылап жатқандығын хабарлады. 2015 жылы 2 қыркүйекте 2-бортинженер ретінде транспорттық пилоттанған «Союз ТМА-18М» кемесінде ЭП-18 саяхаты аясында Байқоңыр ғарыш станциясынан Халықаралық ғарыш станциясына аттанды. Айдын Айымбетов ғарышта он күн болып, маңызды зерттеулер жүргізген болатын. Халықаралық ғарыш станциясынан оралған Айымбетовті президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі күтіп алды.

Қазақ даласында бой көтерген дүниежүзіндегі ең көлемді ғарыш айлағы – Байқоңырдан бүгінге дейін қазақтың үш азаматы ғарыш кеңістігіне сәтті сапар жасап қайтты. Бұл - біздің елдің, біздің халықтың, біздің ұлттың жетістігі.

Осындайда тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Оңғарбайұлының «Бізге сан емес, сапа керек» дейтіні еріксіз еске түседі. Иә, бізге ғарышкерлердің саны емес, сапасы маңызды!

Бүгінгі мереке құтты болсын!

Baq.kz 

0 пікірлер

Пікір қалдыру

Есім:*
E-Mail:
  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кодты еңгізіңіз: *
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив