Депутатпен кездесе алмаған мұғалім "қысым" туралы айтады

Шығыс Қазақстан облысы Ақмектеп ауылындағы мектеп мұғалімі білім саласындағы проблемаларды көтерген қоғамдық белсенділігі үшін өзін аудандық білім бөлімі қырына ала бастады деп есептейді. Білім бөлімінің басшысы "мұғалім сабағын кез-келген сәтте тексеруге" құқығы барын айтады.

БЕЛСЕНДІ МҰҒАЛІМНІҢ ЖАЗБАСЫ

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақмектеп ауылының мұғалімі Мейіржан Темірбектің қаңтардың 13-інде Facebook әлеуметтік желісіне жазған "Тарбағатай ауданы әкімдігі аудандық әкімшілігі артымнан шам алып түсетіндей не бүлдірдім?" деген пікірі жұртшылық назарын аударды.

"Мен үшін бүкіл мектепті қырудың керегі не? Ескертусіз сабаққа тұтқиылдан қатысу қай заңда жазылған? Қаласаңыздар біліксіздігімді дәлелдеп жұмыстан шығарып жіберіңіздер. Маған, менің жанұяма бірдеңе болса сіздерден көремін. Сіздердің араласуларыңыздың арқасында жанұяммен де кикілжің туды" деп жазған мұғалім.

Тарбағатай ауданының орталығы Ақсуаттан 80 шақырым жердегі, жүзден астам үйі бар шағын ауылдың тұрғыны Мейіржан Темірбек Facebook әлеуметтік желісінде Қазақстанның өзге өңірлеріндегі мұғалімдердің еңбек құқығын қорғауға жиі араласатын белсенділігімен байқалған. Ол Алматы облысы Қарасай ауданының белсенді мұғалімі Айман Сағидуллаевамен бірге мұғалімдер құқығы жайлы бірнеше рет мәселе көтерген.

Азаттық тілшісімен әңгімеде Мейіржан Темірбек "соңғы кездері белсенділігім білім саласындағы басқару органдарына ұнамайтыны аңғарыла бастады" дейді. Білім және ғылым министрлігі бекіткен "электронды күнделік" жайлы ақпарат құралдарына айтқан пікірі облыстық білім басқармасының ұстанымымен сай келмей қалғандықтан аудандық білім бөлімі өзінен жазбаша түсініктеме сұрағанын, бірақ түсінік беруден бас тартқанын айтады.

- Мектептегі интернет жылдамдығы өте төмен. Оның өзі бір компьютерде және айдың алғашқы он күнінде ғана жұмыс істейді. 25-30 мұғалім кезекке тұрып, электронды күнделікті қалай жүргізеді? Осы пікірім жақпай қалған екен. Аудандық ішкі саясат бөлімінен хабарласып, Facebook әлеуметтік желісіндегі кей пікірлерімді алып тастауды сұрайтын болды, - дейді ол.

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫНЫҢ ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУІ

Мейіржан Темірбектің сөзінше, көп ұзамай оны аудандық білім бөлімі шақырып алып, Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов қаңтардың бас кезінде жергілікті тұрғындармен кездесуге келгенде сұрақ қоймауды өтінген.

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақмектеп ауылының мұғалімі Мейіржан Темірбек. Сурет оның Facebook парақшасынан алынды.
Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақмектеп ауылының мұғалімі Мейіржан Темірбек. Сурет оның Facebook парақшасынан алынды.

- Сабильяновтың келетінін білген де жоқ едім. Сабильянов келерде аудандық білім бөлімінің басшысы Самал Дәуітбаева шақырып алып: "Көпшіліктің көзінше сұрақ қойма, жиыннан кейін депутатпен жеке кездестірейік" деді. Мен келістім. Жиынға 40-50 адам қатысты, жартысы – мұғалімдер. Нұртай Сабильянов "білім саласында проблема жоқ сияқты, көбіңіз мұғалім болсаңыздар да ештеңе айтпадыңыздар. Басшыларыңыз "сұрақ қоймаңдар деген болар" деп қалжыңға сүйеп, кездесуді аяқтады, - дейді ол.

Мейіржан Темірбектің сөзінше, жиыннан кейін аудан басшылығымен бірге мектепті аралаған Нұртай Сабильянов кідірмей кетіп қалған. Депутатпен кездесуді күтіп дәлізде жүрген Мейіржан Темірбек парламент мүшесіне қоймақ болған "көп сұрағы қалып қойғанын" айтады.

- Білім саласының проблемалары жетерлік. Оның үстіне 2017 жылы желтоқсанның 13-і күні Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке 14 мәселені айтып, хат жолдағанбыз. Министрдің блогындағы хатымыз баспасөзде де жарияланды, бір айдан асса да жауап жоқ. Осыны да айтқым келген еді, - дейді ауыл мұғалімі.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев (сол жақта). Сурет Қазақстан үкіметі сайтынан алынды.
Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев (сол жақта). Сурет Қазақстан үкіметі сайтынан алынды.

Мейіржан Темірбектің сөзінше, Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильяновқа сауал қойғысы келген басқа да мұғалімдер мүмкіндіктен айырылған.

Тарбағатай ауданы Ақжар ауылындағы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің биология пәнінің мұғалімі Жанна Сәкетаева да Нұртай Сабильяновпен кездесуге сұрағын дайындап барып, қоя алмай кеткендердің бірі.

- Мәжіліс депутаты халықпен кездесетінін кездейсоқ білдім. Ауыл әкімдігі мен мектеп басшылығының айтқанынан шықпайтын адамдар жиналған екен. Бірақ кездесуден бұрын аудандық білім бөлімінің басшысы Самал Дәуітбаева жаныма отырып, сұрақ қоймауымды өтінді. "Барлық мәселені шешеміз" деген соң әрі қарай зауқым болмай жиыннан кеттім. Олар шағымымды осыған дейін де қанағаттандырған емес, - дейді ол.

Мектеп мұғалімдері Мейіржан Темірбек пен Жанна Сәкетаева "депутатпен еркін кездессе жергілікті тұрғындардың айтары да көп еді" деп есептейді. Азаттық тілшісі парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильяновқа телефон соққанымен, ол кісі тұтқаны алмады.

ТҰТҚИЫЛ ТЕКСЕРУ

Мәжіліс депутатымен кездесе алмай қалғанына қынжылыс білдірген Мейіржан Темірбек іле-шала аудандық білім бөлімінен Ақмектеп ауылы мектебіне тексеру келгеніне таңырқайды. Мұғалімнің сөзінше, аудандық бөлімінің басшысы Самал Дәуітбаева оның сабағына ескертусіз кірген.

- Өз басым тексерістен сескенбеймін. Бірақ күтпеген жерден бөгде адамның сабаққа қатысуы оқушыларға психологиялық тұрғыда әсер етеді, - дейді ол.

2003 жылдан орта мектепте жұмыс істейтін информатика пәнінің мұғалімі Мейіржан Темірбек аудандық білім бөлімінің бастығы күтпеген жерден сабаққа қатысады дегенді бұрын естімегенін, сондықтан бұл өзіне жасала бастаған қысым болып көрінетінін айтады.

Тақта алдында тұрған оқушы. (Көрнекі сурет.)
Тақта алдында тұрған оқушы. (Көрнекі сурет.)

Азаттық тілшісі Тарбағатай аудандық білім бөлімінің басшысы Самал Дәуітбаеваға да хабарласты. Ол Мәжіліс депутатының халықпен кездесуінен бұрын Мейіржан Темірбекпен сөйлескенін растады. Оның сөзінше, аудан әкімдігі тарапынан "Нұртай Сабильяновқа сұрақтар жүйелі қойылсын" деген тапсырма болған.

- Өйткені бір сұрақ бірнеше рет қойылуы мүмкін. Қайталап қойғанша, қағазға жазып берген дұрыс. Нұртай Сабильяновтың өзі де жүйелеп, реттеп, шешу жолдары болса ұсыныстарымен қоса беруді өтініп жүр. Мынадай сұрақ қойылмасын деген тапсырма жоқ. Мейіржанға жеке кездесіп "Жазып қолына ұстатыңыз, хатты менің қолыма әкеп беріңіз" дедім. Ол маған хатты бермеді. Кездесуге де келмей дәлізде жүрді. Ешкім келмеген соң Сабильянов кетіп қалды, - дейді ол.

Самал Дәуітбаеваның сөзінше, "Сабильяновқа сұрақтарыңды жазып жібер" деп Мейіржан Темірбекке телефон арқылы хабарлама да жіберген. Ал Ақжар ауылындағы мектеп мұғалімі Жанна Сәкетаеваға "жергілікті жерде шешілетін мәселелерді депутатқа айтпай-ақ қоюды сұраған, бірақ сұрақ қоямын десе тыйым салмаған".

Самал Дәуітбаева Мейіржан Темірбек жұмыс істейтін Ақмектеп орта мектебін не себептен тексеріп барғанын да айтып берді. Оның сөзінше, Ақмектеп орта мектебі соңғы бес жылда тексерілмеген, сондықтан бұл алдын ала ескертілген жоспарлы тексеру.

- Аудандық білім бөлімінің басшысы болсам да информатикадан сабақ берген мұғаліммін. Мейіржан Темірбек информатикадан сабақ беретін болған соң сабағына кірдім. Темірбек алдағы уақытта біліктілігін көтеретін мұғалімдер арасында жүр. Соған қаншалықты сай келетінін де байқап көруіміз керек. Оқу стандарттарының сәйкестігін қарастырып, әдістемелік көмек көрсету үшін қарауымыздағы мектептер мұғалімінің сабағына кез-келген сәтте кіруге құқығымыз бар, - дейді білім бөлімінің басшысы.

2000 жылдан бері педагогика саласында жұмыс істеп келемін деген Тарбағатай аудандық білім бөлімінің басшысы Самал Дәуітбаева ауыл мұғалімі Мейіржан Темірбектің әлеуметтік желіні белсенді пайдаланатынын естігенін, бірақ оның қандай да бір көзқарасы үшін қудалау ойында жоқ екенін, бұл туралы Мейіржан Темірбектің өзіне де ескерткенін айтады.

Самал Дәуітбаеваның сөзінше, мұғалімдердің жоғарғы билік өкілдерімен сөйлесуіне ешбір тыйым салынбаған.

"Орта мектеп мұғалімінің сабағына басшылықтың қай уақытта қатысуына құқығы бар?" деген сұрақты Азаттық тілшісі Шығыс Қазақстан облыстық білім саласын бақылау департаментінен сұрастырып көрді. Өзін бас маманмын деп таныстырған Жұмабек Қамбетовтің айтуынша, аудандық білім бөлімі мектеп жұмысын қамтамасыз етеді, әдістемелік көмек көрсете алады. Мұғалім сабағына мектеп директоры мен оның орынбасары жоспар бойынша қатысады.

Сонымен бірге ата-аналар немесе басқа да мұғалімдер белгілі бір мұғалімнің сабағына қатыса алады, бірақ ол үшін мектеп әкімшілігінің келісімі керек және мұғалімге алдын ала ескертілуі тиіс. Басқа уақытта мұғалім сабағына қатысу үшін белгілі бір себеп болуы керек. Ол себеп – мұғалімнің үстінен түскен арыз немесе құқық қорғау органдарының талабы болуы мүмкін. Ал ондай себеп бойынша мұғалім жұмысын тексеру облыстық білім саласын бақылау департаментінің құзырына жатады.

 

www.azattyq.org

 

0 пікірлер

Пікір қалдыру

Есім:*
E-Mail:
  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кодты еңгізіңіз: *
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив