Жұмбақтар.Жаңылтпаштар.Тақпақтар

Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы
Шынтемірова Айнагүл Ергелдіқызы
Қазақ тілі мен әдебиеті
Жұмбақтар.Жаңылтпаштар.Тақпақтар

Жұмбақтар.

Ти десем, тимейді,
Тиме десем, тиеді
(Ерін)
Гүлдерге қонады,
Шырынын сорады,
Өзі сары ала,
Ол не?
(Ара)
Ақ сандығым ашылды,
Ішінен жібек шашылды.
(Күн)
Отқа жанбайды,
Суға батпайды.
(Мұз)
Бүрі, бүрі, бүрі бар,
Күн келбетті түрі бар
(Күнбағыс)
Ұзын мұртты сарылар.
Қойнында наны бар.
(Бидай)
Тілі бар ,үні жоқ,
Өзін адам түсінген.
Жүрегі бар да, қаны жоқ,
Сөйлеп тұрған ішінен.
(кітап)
Бұдан кір қорқады,
Судан бұл қорқады.
(сабын)
Басында айдары, иекте сақалы бар.
(әтеш)
Бұрап қойған сағаттай,
Айқайлайды таң атпай
(әтеш)
Суға түссе, балықтай
Жүре бере жалықпай.

Судан шықса, баладай
Тәй-тәй басып қалады-ай!
(қаз)

Тақпақтар
Нан иісі
Жаздыгүні бидайдан
Бал иісі шығады.
Күздігүні бидайдан
Нан иісі шығады.
***
Достыққа құмар достар болса,
Алыс жол да-жақын жол.
Қара, сары бала, ақ бала.
Туыстардай тату бол.
(М.Әлімбаев)
Қайырлы таң.
Жарық таңда, алтын таңда,
Таза, мөлдір ауада
Құс оянды әсем әнмен,
Оянды ата, аға да.
Қайырлы таң, қайырлы таң,
Қайырлы таң, жан ана!
Торғай.
Торғай, торғай, торғайсың,
Жақын келіп қонбайсың.
Жем шашайын, тойып ал,
Торғай сонда тоңбайсың.
(Х.Талғаров)

Сергіту сәттері.

-Тұрыңдар, балалар, сырғанақ тебеміз,
Құрыспай, құрыштай шынықсың денеміз!
Биалай, қолғап киеміз бәріміз.

***
Қазақ тілім-өз тілім, ана тілім,
Абай, Мұхтар сөйлеген дана тілім.
Қастерлейді ұл-қызың мәңгі сені,
Болашағым, бақытым, дара тілім.

***
Қолды белге қояйық,
Басты оңға бұрайық,
Басты солға бұрайық.
Бірі отырып бір тұрып,
Бірі отырып бір тұрып,
Біз демалып қалайық.

***
Қарға біздің қарқ-қарқ
Сауысқаным саңқ-саңқ.
Торғайларым шиқ-шиқ,
Жапалағым ух-ух,
Көкек, көкек, көкек деп,
Ұшады екен желпілдеп.

***
Қане, қанат жазайық,
Қарлығаш боп ұшайық.
Ұшып, ұшып алайық,
Орнымызға қонайық.
***
Би-«Қара жорға».
Орнымыздан тұрайық,
Қолды белге қояйық.
Жақсы әнге би билеп,
Бойымызды жазайық.
Ал, қанеки, балалар,
Босқа қарап тұрмаңдар.
Отырамыз, тұрамыз
Қарлығаш боп ұшамыз.
Ұша-ұша шаршадық,
Орнымызға қонамыз.
Бір,екі, үш
Ал, кәнеки,ұш
Төрт, бес, алты, жеті,
Анау-қала шеті.
Сегіз, тоғыз, он,
Ал, кәнеки қон.

***
Дастарқанды жаямыз,
Ыдыстарды аламыз,
Тағам салып бәріне,
Дастарқанға қоямыз.
Асың,-асың-асыңа,
Береке берсін басыңа!
Денсаулығын зор болсын,
Дастарқанаң мол болсын!


Орнымыздан тұрайық,
Қолды белге алайық.
Басты оңға бұрайық,
Басты солға бұрайық.
Белді оңға бұрайық,
Белді солға бұрайық.
Бір отырып, бір тұрып,
Біз демалып алайық.

***
Бір үйде біз нешеуміз?
Кел, ойнайық екеуміз:
Бас бармағым - папам,
Балаң үйрек - апам,
Ортан терек - ағам,
Шылдыр шүмек - мен,
Титтей бөбек - сен.

Бір үйде біз нешеуміз?
Бір үйде біз бесеуміз!

Бұл қай кезде болады?

Қар еріп, су ағады,
Сарқырап сайға толады.
Күн ұзарып жылиды ,
Бұл қай кезде болады?
***
Көктем,көктем,
Көңілді неткен.
Жыл-он екі ай
1.Январь-Қаңтар,
Айнала ақ қар.
2.Февраль-Ақпан,
Суықтан сақтан.
3.Март-Наурыз,
Жер әлі сыз.
4.Апрель-Көкек,
Көгерді төңірек.
5.Май-Мамыр,
Қолға ал шатыр.
6.Июнь-Маусым,
Гүлдер «жаусын»
7.Июль-Шілде,
Шомыл көлде.
8.Август-Тамыз,
Піседі қарбыз.
9.Сентябрь-Қыркүйек,
Көкөніс жүрміз тиеп.
10.Октябрь-Қазан,
Дала-тозаң.
11.Ноябрь-Қараша,
Ақ, қара-алаша.
12.Декабрь-Желтоқсан,
Ай бұл қыс басталған.
Ләйла Асқар
Көктем
Алақай,алақай!
Күн шықты,күн шықты,
Көктем келді.
***
Алақай!
Қуанды
Балақай:
Қар жауды.
Қыс кепті
Айнала
Ақша қар.
Шығамыз
Топ бала,
Соғамыз
Аққала(Е.Өтетілеуов)
Жазда
Балақай-ау, балақай,
Жаз келеді-ау, алақай.
Жалаң аяқ жүреміз.
Тау мен тасты кеземіз,
Сан қызықты көреміз,
Сайдан жидек тереміз
Тайға мініп желеміз,
Алтыбақан тебеміз.
(халық өлеңі)
«Ханталапай»
Балалар ойын жүргізушінің айналасынына жарты шеңбер құрып отырады. Ойын жүргізуші қолындағы асықты «ханталапай» деп ортаға қарай шашып жібереді. Отырған балалар шашылған асықтырады тез-тез жиып алулары керек. Кім аз жиып алса, сол жеңілген болып еселептеледі.
Асық болмаған кезде, кішкентай тастармен ойнауға болады.
(Ержан Сағындықов)
Не үшін?
-Екі көз не үшін керек?
-Жақсыларды көру үшін!
-Екі қолың не үшін керек?
-Елге көмек беру үшін!
-Құлақ деген не үшін керек?
-Ақыл-кеңес тыңдау үшін!
(Қ.Мырзалиев)
Бөпем.
Көзі,
Өзі,
Басы,
Қасы,
Аяғы,
Қолы-
кіші,
Басынан,
Қасынан,
Көзінен,
Өзінен,
Үлкен
іші.
Өзіме
Ұқсайды түсі.
Бірақ жоқ
Аузында тісі.
Бұл кім?
Бұл менің
Бөпем! (Жақан Смақов)
Сылдырмақ
Сылдырмақ
Сылдырлап,
Бесікте тұрады.
Бөпешім
Былдырлап,
Сылдырмақ ұрады.
***
«Саяхатшы» сыйлық
Орманменен қоян қашқанда
Сәбізі түсіп қалады.
Бара жатқан қасқырға
Түлкі оны тауып алады.
***
Кір қуыршақ
-Кір басқан қуыршақ,
Қайтеді жуынсақ?
Айтқанды тыңдамай
Отырсың,
Бұл қалай?
Әй-әй, әй, кір бала-ай!
Әй-әй, әй, кір бала-ай!
Жеңіс Қашқынов
Тазалық
Жуын, жуын,
Жуынсақ,
Қандай жақсы қуыршақ!
Әйтпегенде ,бөпешім,
Кірлеп кеткен екенсің.
Қазір аппақ боласың,
Қуанады анашың
Мүбәрәк Жаманбалинов
Қаз-қаз бас...
Қаз-қаз-қаз,
Қаздаң бас.
Бір, екі, үш,
Аздан бас,
Қаз-қаз бас,
Құлама,
Құласаң, жылама! (Жақан Смақов)
Тіс
Тісім шығып болды,
Кетіктерім толды.
Аузымды кең ашып,
Күле аламын енді.
Тісім түгел шықты,
Әрі тастай мықты.
(Қастек Баянбаев)
***
Әке
Әке ардақты, әке қымбат, әрине,
Әке керек әр адамға, әр үйге.
Бәріне де әке керек болса да
Әке керек ең алдымен сәбиге.
(Мұқағали Мақатаев)

Кім ойлап тапқан?
«Ана» деген сөзді де,
«Аға» деген сөзді де,
«Әке» деген сөзді де,
«Тәте» деген сөзді де,
«Ата» деген сөзді де,
«Апа» деген сөзді де,-
Ойлап тапқан балалар!
«Күнім, жаным» дегенді,
«Құлыншағым» дегенді,
«Ботақаным» дегенді,
«Айналайын» дегенді,
«Толған айым» дегенді,-
Ойлап тапқан аналар!
Қайрат Жұмағалиев
Қуанышы баланың-
Қуанышы ананың.
Қуанышы ананың-
Қуанышы баланың.
Қадыр Мырза-Әлі
Әкем, шешем,бауырым,
Бір туысқан ауылым
Асан, Үсен, Асқарым
Құрбы-құрдас, достарым.

Ақ тауық.
Ақ тауық-ау,Ақ тауық,
Ақтауық неден қақсауық?
Ертемен қыт-қыттайды,
Аулымыздан шықпайды.
Жақан Смақов
Әтеш
Әтеш әнге басады,
Әтеш ұйқы ашады.
***
-Әтеш қалай дауыстайды?
-Әтеш шақырады.
-Әтеш қалай шақырады?
-Қо-қо-қо-о-оқ
-Тауық қалай дауыстайды?
-Тауық қытқылдайды:
Қыт,-қыт,-қыт.
***
Тырналар мен балалар

Тізбектеліп барады,
Аспандағы тырналар.
Көзін алмай қарайды,
Құмарланып балалар.
Хасенхан Талғаров
Шағала
Шағала, шағала!
Көл, теңізді жағала.
***
Шағала мен шабақ
Күміс қанат шағала,
Ұшып жүрсің жағада.
Қармағың жоқ, ауың жоқ,
Шабақ алдың бағана.
Нұрқан Жанаев
Сөзұйқас
-мақ,-мақ,- мақ...
-Міне саған сылдырмақ
-Ды,-ды,-ды...
Сылдырмақты жаудырды.
-Бас, бас,бас...
-Алға бас!
-Кел, кел, кел....
-Маған кел.
-Бер, бер, бер...
-Қолыңды маған бер!
-Ас,-ас,-ас,
Менің атым –Мирас.
Сың,-сың,-сың...
Қандай тәтті баласың!
Ай, ай, ай...
Алыста ғой ай.


Жаңылтпаштар

Доп, доп!
Топ, топ!
Доп жоғалды,
Доп жоқ.
Қап,қап!
Тап, тап!
***
Ұя, ұя,ұялар,
Тоғай ішінде ұя бар.
Ұя,ұя, аралар,
Ұяларға ұялар.
***
Ақ шар бар,
Көк шар бар,
Көп шар бар,
Бес шар бар.

Ойындар
«Аққу-қаздар»
Ойынға қатысушы балалардың біреуі «қасқыр», екіншісі «құс бағушы» болады. Қалған балалардың бәрі «аққу-қаздардың » рөлін ойнайды.
Балалар үлкен алаңға шығады.Алаңның оң жағында құс бағушы мен аққу-қаздар тұратын жер сызықпен белгіленеді. Сол жақта қасқыр жасырынады.
Ойын басталғанда құс бағушы аққу-қаздарды далаға шығарып жібереді. Аққу-қаздар сызықтан асып, алаңның ортасында жайылып жүреді. Қасқыр әзірше қозғалмай отырады. Біраз уақыттан кейін құс бағушы қаздарын шақырады:
-Қаздар, қаздар, қаңқылда!
-Қулар, қулар, сұңқылда!
Тойдыңдар ма далада?
-Иә, иә, иә.
-Қыр астында қасқыр бар,
Үйге қарай қашыңдар!
Осы соңғы сөз айтылған кезде ғана қасқыр қаздарды қуалауға ұмытылады. Аққу-қаздар үйге, сызықпен белгіленген жерге қашады. Қасқыр оларды ұстауға тырысады. Ұсталған ойыннан шығып қалады.

«Ұшты, ұшты»
Балалар дөңгеленіп отырады. Ортада ойын бастаушы:
-Мен қазір «ұшып-қонып» отырмын.Ұша алатын жанды-жансыздың аты аталғанда, бәрің қолдарыңды екі жаққа құстың қанаты сияқты көтеріңдер.Ал ұша алмайтын жанды-жансыздың аты аталғанда, жай қалыңдар,-деп түсіндіреді.
-Ұшты, ұшты, қарға ұшты...
Бәрі қолын көтеріп тұрады.
-Ұшты ұшты, арба ұшты...
Балалар бұл жолы қол көтермейді.Ал байқаусыз қол көтеріп қалғандары «айыпқа» тартылады.
Ойын тәртібі осы.
Үлгі үшін бірнеше ұйқас сөздер береміз: үйрек-бүйрек, ракета –анкета, көбелек- дөңгелек, торғай-торай,үкі-түлкі.
Ақ серек, көк серек
Ойыншылар екі топқа бөлінеді.Екі топ бір-бірінен 15-20 метрдей жерде қарама-қарсы қол ұстасып тұрады.Топты бастаушылар әр топтың оң жақ басында болады.Бірінші топтың бастаушысы: «Ақ серек пен көк серек, бізден сізге кім керек?»-деп екінші топтан сұрайды.Аты аталған бала жүгіріп келіп, шақырған ойыншылардың ұстасқан қолдарын үзіп өтуге тырысады.
Егер үзіп өтсе, сол қол ұстасып тұрған екі ойыншының біреуін өз тобына ертіп әкеледі, үзе алмамса, өзі сол топқа қосылады.
Ендігі шақыруды екінші топ бастайды.Сөйтіп ойын созыла береді.
Жер, су, от, ауа
Балалар дөңгеленіп тұрады.Бастаушы ортаға шығады.Ол ойынға қатынасушылардың кез келгеніне допты лақтырып жіберіп, «жер», «су», «от», «ауа» деген сөздің біреуін айтады.Егер бастаушы «жер» десе допты қағып алған бала бір үй хайуанының немесе жабайы аңның атын тез атауы керек.Ал «су» сөзі аталса жауап ретінде балық аты аталады. «Ауа дегенде», бір құс аталуға тиіс. Ал «от» айтылған кезде, ойынға қатынасушылардың бәрі қолдарын бұлғап, орындарын айнала бірнеше рет тез-тез секіруі керек. Ойынның түр-түрі аяқталған сайын доп бастаушыға қайта оралып отырады.Жайбасар, олақ, сасқалақ балалар ойын бұзған заматта-ақ ойыннан шығарылады.
Әліпби жұмбақтары
1Майда бар,
Айда жоқ
Мида бар,
Қида жоқ.
2.Бетте бар ,
Етте жоқ.
Бағада бар,
Ағада жоқ.
Мақал-мәтелдер жаттайық
1.Әкеден-ақыл,
Анадан-мейір.

2.Ақылды қария - ағып жатқан дария.

3.Ата - балаға сыншы.

4.Әдепті бала - арлы бала,
Әдепсіз бала сорлы бала.

Ананың тілін алмаған азапқа жолығар.

0 пікірлер

Пікір қалдыру

Есім:*
E-Mail:
  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кодты еңгізіңіз: *
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив