Линза тағу зиян ба?

 Линза көзілдірікке қарағанда айналаны толық көруге мүмкіндік береді.

Жаңбыр мен қар жауғанда, спортпен айналысқанда қиындық тудырмайды. Көзілдірік заттардың формасы мен өлшемін өзгертеді. Ал линза қоршаған ортаның өңін өзгертпей көруге мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, қазір әлем бойынша 125 млн адам (2%) линза тағады. Олардың 40%-ы 12-25 жас арасындағы адамдар.

Көз линзасының қысқаша тарихы 

Алғаш рет 1508 жылы Леонардо да Винчи көзі нашар көретін адамдарға арнап суға толған шардың сызбаларын салған. 1637 жылы Рене Декарт бір жағында үлкейткіш әйнек, бір жағында адамның көзіне арналған тетігі бар оптикалық заттың сызбаларын жасаған. Ал 1888 жылы неміс физигі Адольф Гастон Евгений Фик оптикалық күші дар бірінші шыны линзаны суреттеген. Дегенмен, дәрігерлер тәжірибесіне линзаны 1889 жылы Август Мюллер есімді офтальмолог енгізді. 1960 жылға дейін контактілі линзалар тек органикалық шыныдан жасалды. Олар қатты болғандықтан, көзге ауа жібермеді және ыңғайсыз болды. Ал жұмсақ линзалар 1960 жылы пайда болды. Оны Отто Вихтерле жасады. Линзаның зиянын айтып, көзілдірік тағуды дұрыс көретіндер де бар. Оған мамандар пікірінің де екіжақтылығы себеп болса керек.

Зерттеулер: көздегі эрозия, қабыну және инфекциялар

Мысалы, Огайо штаты мамандарының айтуынша, линза тағатын әрбір он үшінші адамда көру қабілеті нашарлап, 50%-да көз шынайнасының қабығы зақымданады. Зерттеуге қатысқан 500 адам аптасына 5 күн 8-9 сағаттан линза тағып жүрген. Ғалымдардың айтуынша, олардың 55,7% -ының көзінде эрозия пайда болған. Ал бір күндік линза таққан жағдайда бұл көрсеткіш 8%-ды құраған. Алабама университетінің мамандары да линзаның зияндығын айтып, одан бас тартуға кеңес беруде. Мамандардың айтуынша, олардың зерттеуіне қатысқан 80 адам 30 күн бойы линза таққан. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, линза көздің биологиялық өзгерісіне әсер еткен. Ал оны бір айдан артық үзбей қолдану көздің қабынуына әкеледі. Ұлыбритания офтальмологтары соңғы жылдары линза тағатындардың арасында көз инфекцияларының көбейгенін айтады. Түрлі бактерия, микроағзалар көзге зиян келтірсе де, британ мамандары күтім жақсы болса, линзадан қауіп жоқ дейді.

Қазақстандық мамандар не дейді?

Қазақ Көз аурулары ғылыми зерттеу институты мамандарының айтуынша, линза мен көзілдіріктің еш айырмашылығы жоқ. Кейбір жағдайда тіпті, линзаның артықшылықтары да бар. Әсіресе, астигматизм кезінде көзілдіріктің екі жағы екі түрлі болғаны көзге ауыр тиеді. Олардың айтуынша, кейбір жағдайда линза таққанда көру мүмкіндігі де көзілдірікке қарағанда жақсы болады. Әрине, линзалардың барлығы көзге ауаның баруын тежейді. Сондықтан, белгілі бір уақытқа көзді демалдыру керек. «Линзаның ерекшелігі – оның күтімі көп. Сонымен қатар линзаны дұрыс таңдаса, еш зияны жоқ. Яғни, бір күндік немесе бір айлық линза болса, оны уақытынан артық пайдалануға болмайды. Сонымен қатар линзаны міндетті түрде өзінің арнайы сұйықтығында сақтап, сонымен тазалау керек», дейді аталған институттың бөлім басшысы, жоғары санатты дәрігер Любовь Муравьева. Оның айтуынша, линзамен ұйықтауға болмайды. Әйел адамдар линзаны боянбас бұрын тағу керек. Әрі суға түскенде линзаны шешкен жөн. Дегенмен, осы ережелердің барлығын сақтай отырып линзаны күтіп ұстағанмен, инфекция пайда болуы мүмкін. Кейбір жағдайда ол инфекциялар Acanthamoeba деген ауруға ұшыратып, көру қабілетін нашарлатады немесе мүлдем көрмей қалу қаупі бар. Мамандардың айтуынша, бұл инфекцияның тууына қолды сабындап жуған соң, дұрыс кептірмеу де себеп бола алады екен. Қазақ Көз аурулары ғылыми зерттеу институты офтальмологтары да линзаға мүлдем су тимеуі керектігін айтты. Алайда, бір қызығы, біз контактілі линзалардың бірнеше түрінің нұсқаулығын қарап, оларды суға тигізуге болмайтыны туралы ескерту таба алмадық.

Гүлнұр Қуанышбекқызы, «Егемен Қазақстан» 
Egemen.kz 

0 пікірлер

Пікір қалдыру