Қазақстандағы әрбір газеттің электронды нұсқасы кітапханаларға берілетін болады

  ҚазАқпарат - Кітап палатасының қызметін реттейтін түзетулер әзірленді.

Бұл туралы Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында ҚР Мәжіліс депутаты Майра Айсина мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Отырыс барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды. Бастамашылар атынан депутат М.Айсина заң жобасындағы негізгі түзетулерді таныстырды.

«Өздеріңіз білесіздер, аталған заң жобасын енгізгенде оған депутаттар бастамашылық еткен еді. Осы орайда ең маңызды мәселелерге тоқталып өткім келеді. Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы көптен бері жұмыс істеп жатқаны белгілі. Дегенмен де оның мәртебесі айқындалмаған екен. Қолданыста мәдениет, архивтер, бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнамалар бар, бірақ та ешбірінде Кітап палатасының мәртебесі қаралмаған. Оның жұмысы Қазақстан халқының мәдени мұрасына жататын баспасөз басылымдарын сақтауда және кеңінен танытуда маңыздылығы зор.

Екінші мәселеге тоқталатын болсақ, елімізде екі ұлттық кітапхана бар. Оларға басылымдардың бір данасы міндетті түрде беріліп отырады.

Енді сол міндетті Ұлттық мемлекеттік кітап палатасына да беруді ескердік, сондай-ақ электрондық нұсқаларды «Орталық» мәртебесіне ие кітапханаларға ұсыну заң жобасында қамтылған. Облыстарда «Орталық» мәртебедегі кітапханалар бар, алайда аудандар мен ауылдарда шығып жатқан газеттер жоғалмасын деп, сол кітапханаға электронды нұсқада тапсыру қажет деп санаймыз»,-деді депутат. Одан басқа, заң жобасымен мәдениет мекемелері мен театрлар қызметіне қатысты мәселелерді реттеу, қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді сатып алу, басу және тарату, сондай-ақ мәдениет саласының уәкілетті органдарының құзіретін нақтылау ұсынылып отыр.  

 

inform.kz 

0 пікірлер

Пікір қалдыру