Махамбет- өр рухты ақын

Алматы облысы Ақсу ауданы Қапал ауылы Е.Жайсаңбаев атындағы орта мектеп кітапханашысы Қ.Ж.Балғабекова

”Махамбет – өр рухты ақын“
/поэзия кеші/

Мақсаты: Махамбет Өтемісұлы халқының азаттығын көксеген күрескер, ел бастаған батыр, қазақтың өр рухты ақыны жайлы шығармалары бойынша алған білімдерін жетілдіру.
Тәрбиелік: - Ақын шығармаларына деген қызығушылығын ояту, отансүйгіштікке тәрбиелеу.

Кітапханашы:
Қайырлы күн, құрметті ұстаздар, оқушылар, өнер сүйер қауым! Бүгін Махамбет Өтемісұлына арналған “Махамбет – өр рухты ақын” атты поэзия сағатына қош келдіңіздер.
1-жүргізуші: Атқан оғын алысқа аңыратқан
Ақын жыры ханды да қалтыратқан!
Өжет жыры айналып найзаға
Қара бұлтты тілгілеп қақыратқан!
Айналса егер ақиық ақын тауға,
Зобалаң күн береме дамылдауға.
Махамбет жыр елімнің ерлік жыры
Қарсы ақырып ұмтылған қалың жауға!

2-жүргізуші: Зұлым көрсе, бұрылып тоқтай қалып
Ақын жыры шыңғырған шоқтай қарып.
Қатер төнсе, ысқырып неге ұшпасын,
Махамбеттің жырлары оққа айналып!

Күні барма көңілде қауіп түйген
Еншісіне ақынның шабыт тиген.
Махамбеттің жыры да білсең егер,
Кілең Сардар үстіне сауыт киген!
Иә, Махамбеттің найза мен садақтың оғынан түзілген поэзия отауы уақытқа бағынбады. Жорық жырлары өлмес, өшпес уақыт пен кеңістіктің аясына сіңіп жүре берді. Жарқын ойлы, жалынды ақын Махамбеттің найзағай жырларын жанға дарытып, жатқа оқымай біз қазақ болып жарытпаспыз. Міне сондықтан “Махамбет – өр рухты ақын” атты поэзия кешінде бас қосып отырмыз.

І. Электорнды оқулықты қосу: Ақынның өмірбаяны.


1-жүргізуші: Махамбет – халқын сүйген, халық мұңын жырлаған, елім деп еңіреген ақын. Махамбет поэзиясы өз дәуірінің, сол кездегі қанауға қарсы көтерілген шаруалар көтерілісінің айқын үні. Отанын сүйген патриот – өлеңдерін көпшілік мүддесі үшін жұмсаған, еңбекші шаруалардың жыршысы. Езуші таптың жауыздығын тайынбай әшкерелеп өткен реалист. Өмірінің ақырғы минутына дейін жақсылықты алдағы өмірінен күтіп, ұрпақтарды хан, патша, би, сұлтандарға қарсы күреске шақырып кеткен романтик. Ол – асыл сөздің кені, көркем тілдің ұстасы, ерлікке үндейтін жалынды үгітшісі.

2-жүргізуші: Махамбет жас кезінде хан ордасында болады. Арабша да, орысша да хат білген. Жасынан-ақ шешендігімен, ақындығымен көзге түскен Махамбетті хан өзіне баулып, өзінің сөзін сөйлеп, сойылын соғатын, ханды мадақтап, даңқын жайып, беделін көтеретін сарай ақыны етуді ойлаған. Бірақ Махамбет Жәңгірдің бұл ойынан шықпайды. Орда айналасындағы әр алуан әділетсіздікті, жауыздықты өз көзімен көргеннен кейін, ол жалпы ел басындағы ауыр халді де ұғына бастайды.
Бір жиында хан Махамбетке өзін мақтап өлең айтуын сұрайды. Сол жерде ол Жәңгірге:
Хан емессің, қасқырсың,
Қас албасты басқырсың,
Достарың келіп табалап,
Дұшпаның сені басқа ұрсын!
Хан емессің, ылаңсың,
Қара шұбар жылансың.
Хан емессі, аярсың,
Айыр құйрық шаянсың!... – деп шындықты бетке айтады.

1-жүргізуші: Жәңгірлердің арқа сүйері – патша үкіметі. Отаршыл патша өкіметі жерін күшпен тартып алып, сұлтан-билерге таратып берді. Сөйтіп, Ішкі Бөкей Ордасының қазақтарына тиісті жерлер түгелдей дерлік феодалдарға үлестірілді. Оның үстіне шаруаларға алым-салықты да көбейтті. Ел еркінен айырылып, күйзелген үстіне күйзеле берді. Озбырлар, отаршылдар бейбіт шаруаларды жыландай сорып, қарапайым халыққа оқ атып, қылыш жұмсап, қорқытып,үркітумен болды. Халық екі бірдей қыспаққа түсті. Осы екі бірдей торға шымырланып, атамекенінен, құнарлы жерінен, малынан, еркінен айырылған халықтың енді қолға қару алып, қас жауына – хан-сұлтандарға қарсы аттанғаннан басқа лажы қалмады. Халық “ереуіл атқа ер салды”. Ол көтерілісті Исатай мен Махамбет басқарды.

2-жүргізуші: Үлкен айқас 1836 жылы 14 көкек күні Қиялымола деген жерде болады. Жәңгір мен Исатай қолы осы жерде кездеседі. Хан жасағын Қарауылқожа Бабажанұлы бастаған. Ол ханның қайын атасы. Жау жасағы басым, ал Исатай қол астындағы адам саны әлдеқайда аз. Оқ нөсерінен, қалың қолдың тегеурінінен Исатай жасағы сирей бастайды, ығыса береді. Сонда Махамбет:
Ханнан қырық туғанша,
Қарадан бір-ақ тусайшы,
Халықтың кегін қусайшы! - деп сарбаздарға дем береді. Жігерін қайрайды, ұрысқа ұмтылдырады. Ашынған жасақтар кектене қимылдап, қайсарлана түседі. Жауына оқтай атылады. Исатай жасағы ханның биі Талқы Құдайбергеновтың аулын шауып, Қарауылқожа аулын ойрандайды. Содан кейін батырлар ата жауы Жәңгірге қарсы бел шеше қарулы қимылға батылданады. 1938 жылы 2 қараша күні Исатай мен Махамбет бастаған 3 мыңдай адам хан ордасына екінші рет аттанады, Орданы қамап алады. Мол қарулы жасақ. Орданы шауып алуға Исатай күші жеткілікті. Ал Жәңгірдің не бары 200 атты қазақ пен төре-төлеңгіттерден құралған шағын ғана тобы болған. Көтерілісшілер күші әлдеқайда басым. Махамбеттің “Артымыздан қол жетті. Аз жетпеді, мол жетті”- деуі де содан. Қайысқан қалың қол жауға лап беруге әзір. Ханға деген халық ашуы шегіне жеткен.Әбден титығына жеткен халық жарылуға дайын. Тек басшының қас-қабағына қарайды. Орданы қоршап алған кекті жігіттердің сұсынан хан да, оның төңірегіндегілер де қатты үрейленеді. Ашық қарсылық жасауға ханда дәрмен қалмайды. Тек айлаға көшу керек. Арбап қана қолға түсірмесе, басқа лаж жоқ.
Сасқан хан мен билердің сол шағын ақын:
Ауыр әскер қол ертіп,
Жасқұқа барып кіргенде,
Арыстандай ақырған
Айбатыма шыдамай,
Хан баласы жылады-ай,
Жанымды қи деп сұрады-ай! – деп керемет суреттейді.
Құты қашып , үрейленген хан Исатайға елші жібереді. Бар тілегін орындаймыз, тек он күнге мұрсат берсін деген тілек айтады. Исатай басшы білсін деп, Ауыр әскер қол тұрды. Қолбасшы не дер екен деп, бәрі Исатай әмірін күтті. Исатай хан сөзіне нанып қалады, сенеді. Орынсыз қан төккісі келмейді. Бейбіт жолмен мақсатына жетпекті ойлайды.
Бірақ олар Жәңгір жауыздың түлкілікке салынып, екі жүзділік жасағанын білмей қалды. Хан барып тұрған пәтуасыз, опасыз жан орыстардан көмек сұрайды.
Өздерінен күші әлдеқайда басым Геке басқарған орыс армиясымен соғыста 1838 жылы шілденің 12-сі күні Исатай қаза табады.
І.Көрініс: Теңіз бейнесі. Теңіз үстіңде қызғыш құстың дауысы естіледі.

Автор сөзі : Исатай қазасынан кейін Махамбет түңілушілікке, жалғыздыққа сәл бой алдырады.

Махамбет “Қызғыш құс” өлеңін оқиды.

ІІ.Көрініс. “Кездесу”
Баймағамбет сұлтан мен Махамбеттің диалогы:

Автор: - Исатайдан айырылып жүрген шақта Баймағамбет сұлтан алдап ұстауға адам жіберіп, мазасын ала берген соң, бір күні Махамбет Баймағамбетке өзі келіп жолығады. Аман-сау айтысқаннан кейін,

Баймағамбет: - Ей, Махамбет, Нарынға сыймадың, Маңғыстауға сыймадың, саған жер беті тар келді, енді аспанға ұшамысың? – дейді.

- Сонда Махамбет іркілместен:
- Ей, Баймағамбет, аспанды жаңбыр бермейді, жерді Жәңгір бермейді, Еділді қалмақ бермейді, Жайықты орыс бермейді. Оны өздеріңдей жауыз хандардың көзі көрмейді,
Өздеріңдей хандардың
Басын кессем деп едім...
Еділдің бойы ен тоғай
Ел қондырсам деп едім.
Жағалай жатқан сол елге
Мал толтырсам деп едім.
Еңсесі биік ақ орда
Еріксіз кірсем деп едім,
Туырлығын кескілеп,
Тоқым етсем деп едім,
Керегесін қиратып,
Отын етсем деп едім... - деген екен.

1-жүргізуші: Баймахамбет сұлтан мұнан кейін бұрынғысынан да ызалана кектенеді. Махамбетті ұстап берген жанға 1000 сом беремін деп жар салды. Жәңгір хан мен Баймағамбет сұлтан халықтың бүлік шығаруына ықпал етуінен секем алып, оның сыртынан бақылау қояды. Ақыры ханның тыңшылары Махамбетті асқан опасыздықпен өлтіреді.

2-жүргізуші: Махамбет жырларының асыл арқауы – туған жердің туын көтеру, оны талауға түсірмеу, туған жер үшін бас тігіп, найзалы күреске шығу, келешек ұрпақтарды осыған шақыру еді.

ІІІ. Келесі кезекті Махамбеттің жырларына берсек. /әдеби монтаж/


1-жүргізуші: Ерлердің ерлігі еш кеткен жоқ,
Ерлердің есімі жүректен өшкен жоқ.
Жарқырап шығып күніміз,
Егемен ел болды еліміз. – деп

Осымен бүгінгі Махамбет Өтемісұлына арналған поэзия сағаты аяқталды, назар қойып тыңдағандарыңызға көп рахмет.

0 пікірлер

Пікір қалдыру