ҚОСЫМША МАТЕРИАЛДАР

КІШКЕНТАЙ МАСА

 

(ертегі)

 

Ерте-ерте-ертеде, кіп-кішкентай маса дүниеге келе салып, өз-өзіне сүйсіне бастайды.

 

– Міне ғажап, қандай әдемі, сұлумын! Ғажап деп осыны айт!

 

Аяғына қараса, алтау екен. Ұп-ұзын, сымбатты. Төрт таяқпен тік тұрасың, ал қалған екеуі, бесінші, алтыншысы – қорғаушылар. Олар денеге ештеңені жақындатпайды.

 

Маса енді қанаттарына қарайды.

 

– Қандай мөп-мөлдір, жеп-жеңіл. Мұртым үлпілдек, ал тұмсығым жебе сияқты – біздей.

 

– Ал мен не жасай аламын? – деп маса өз-өзіне сұрақ қойды.

 

Ән шырқады «ыз-ыз-ыз-ыз». Әні сондай нәзік, жіңішке.

 

– Осылай ән айтатын кім бар екен?! – деп мақтанып, әнін естіртпекші болып тышқанға келді. Кішкентай маса оған әнін айтпақшы болып еді, тышқан бұтаға қарай қаша жөнелді. Тығылған тышқанның ұзын құйрығы сыртта қалып қойды.

 

– Менің әнімді тыңдамайсың ғой, ал ендеше, – деп маса оның құйрығына өзінің біздей тұмсығын сұғып алды.

 

– Ойбай, апа! – деп тышқан қаша жөнелді.

 

Тышқанның «апалап» біреуден қашқанын көрген қоян қорқып кетіп, ол өзінше «апалап» айғай салып, секектеп, тышқанның артынан зыта жөнелді. Қоян мен тышқанның алдынан қу түлкі шыға келді. Қоянның түлкіге қарауға шамасы болмады. Түлкі тышқан мен қоянның артынан бір қорқынышты бәленің келе жатқанын біліп, ол да дыбыс шығаруға шамасы жетпей қаша жөнелді. Осы сәтте қасқыр апанда ұйықтап жатқан еді. Ол аңдардың дабырлап шулаған дауысын естіп, шошып қалды. Атып тұрып, ол да «апалап» артынан ере кетті. Тышқан, қоян, түлкі, қасқыр ес-түстері қалмай жүгіріп келеді. Осы кезде келе жатқан аңдарды көрген арыстан тышқаннан сұрады.

 

– Сен неге апаңды шақырдың?

 

– Маса,– деді тышқан.

 

– Сендерді кім қуып келе жатыр, аңшылар ма? – деп сұрады арыстан.

 

– Қайдағы аңшылар, маса.

 

– Маса-а-а! – деп арыстан бар дауысымен орманды жаңғыртты.

 

Арыстанның жүрегі тарсылдап, жерге құлап түсті. Аңдардың алдынан көлшіктен бақа ыршып шықты:

 

– Не болды, кімнен қорқып, қашып келесіңдер?

 

– Ойбай, маса құртты бізді, – деп шуласты аңдар.

 

Ал кішкентай маса ызыңдап әнін айтып қоймады. Бақа таңғалып, көзін шарасынан шығара бады-райтып, аузын ашты. «Ап!» – деп масаны жұтып алды. Сөйтіп, масаның әні біржола жоғалды.

 

 

 

АҚ БИДАЙ

 

(ертегі)

 

Ерте заманда бидай өз бетімен өседі екен. Бір жылы қуаңшылық болады. Күн аптап ыстық, ылғал тапшы – өсімдік біткен қатты тарығады. Сол кезде тіршілік үшін жанталасқан басқа өсімдіктер ақ бидай-ды қаумалап, алқымға алып, қорлай бастайды. Тамыры мықтылар ақ бидай өсіп тұрған жердің ылғалын тартып алады. Кейбір сидиған бойшаң бұталар күннің көзіне қасақана тұрып алып, оған сәуле түсірмеуге тырысады.

 

Сол кезде ақ бидай жан-жағындағы ағаштарға жағдайын айтып, көмек сұрайды.

 

– Ағаштар, ағаштар, маған қол ұшын бере көріңдер, мен құрғап қалатын болдым!

 

Бірақ ақ бидайдың сөзіне құлақ асқан ешкім болмады, қайта оны мазақ етіп, сөзіне күлетін болды. Сөйтіп, ақ бидайдың жағдайы күннен-күнге нашарлай береді. Ақырында ол өлер халге жетеді. Үстінен әрлі-берлі ұшып жатқан үлкенді-кішілі құстарға жалбарынады:

 

– Құстар, құстар, маған көмектесе көріңдер, мені шөл қысып барады.

 

 

61

 

Бірақ оның өтінішіне, мұң-зарына ешкім құлақ аспайды. Кейбір құстар ақ бидайдың әлі толысып жетпеген балауыз дәнін шоқып кетеді. Енді өлдім ғой деген сәтте ақ бидайға садақ асынған, аң аулап жүрген адам тап болады.

 

Бидай адамға мұңын шағады:

 

– О, қайырымды адамзат! Маған жәрдемдесе көр, мен өлетін болдым!

 

Адам найзасын бұтаға сүйей салады да, білегін сыбанып жіберіп, іске кіріседі. Ақ бидайдың айналасындағы арамшөптің бәрін отап, тып-типыл етеді. Бидайға ауыз салып жатқан тамырларын найзаның ұшымен қопарып тастайды. Сонан соң ағып жатқан бұлаққа барып, қос уысын толтырып, су алып келеді. Әлсіреп қалған ақ бидай мөлдір суға рақаттана қанып, өзін құртқалы тұс-тұстан анталаған жауынан құтылған соң, бой түзеп құлпырып өсе береді.

0 пікірлер

Пікір қалдыру