Қарағандыда зейнеткерлер мектепке жұмысқа шақыртылуда

Қарағанды облысында мектеп мұғалімдерінің жетіспеуіне байланысты зейнетке шыққан ұстаздар жұмысқа жаппай қайта алынып жатыр,-деп жазды КТК арнасы.

Былтырдан бері мыңнан аса зейнеткер мұғалім білім ошағына қайта оралған. Өйткені жұмысы шаш етектен болғанымен, жалақысы мардымсыз қызметтен жастар ат тонын ала қашады екен.

Шенеуніктер жас мамандарға жағдайдың жасалып жатқанын жарыса айтқандарымен, осы мәселенің өткірлене түскенін мойындап отыр.

Гүлнар Мәмежанова №38 гимназияда 1986 жылдан бері бала оқытып келген. Былтыр зейнеткерлікке шығып, арқасын кеңге салғаны сол екен, мектеп директоры оралыңыз деп жата жалыныпты.

Себеп – маман тапшылығы. Оның айтуынша, еңбек өтілі мен зейнетақысы бар ол қаражаттан кенде қалмайды. Ал мектепке жаңа келген жас ұстаздың күні қараң. Бітпейтін құжат толтырып, есеп жазумен таңның атысынан – қас қарайғанша мектепте қамалатын жастарға жаным ашиды дейді.

«Мен ойлағам немерелеріммен отырам, балаларға қараймын деп. Бірақ еңбегімді бағалап директорымыз мектепке қайта шақырды. Қазақстанның бүкіл мектептеріне жастар келмейді. Өйткені аз төлейді. Оның үстіне, мектепте қазір жұмыс істеу өте қиын жастарға. Олар шыдамай жұмыстан кетеді»,-дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлнар Мәмежанова.

Ал химия пәнінің мұғалімі Еркеназ Жортарова үш тілді жетік меңгерген. Бір жылдан бері мұғалімнің аз ғана жалақысына күн көріп жүргенін күрсіне айтады. Сондықтан білім ошағында бұдан әрі қалуға құлқым жоқ дейді.

«52-54 мың теңге. Әрине, бұл үлкен қалада тұру үшін аз қаражат. Қаншалықты жұмыстың ауқымы көп болғанымен, жалақы ауқымы өзгеріссіз қала береді.

Егер жоғары болған жағдайда, мүмкін, мектепке жас мамандардың талпынысы үлкен болар деп ойлаймын»,-дейді химия пәнінің мұғалімі Еркеназ Жортарова.

Жас ұстаздардың айтуынша, өздерімен қатар оқығандардың басым бөлігі басқа салаларда еңбек етеді. Тіпті, қас жасап, тырнақ бояп-ақ  жас ұстаздан жағдайы көш ілгері жүргендері бар екен. Ал білім басқармасындағылардың жастарды еңбексүйгіштікке шақырудан басқа амалдары қалмағандай.

“Педогогикалық мамандықты сүйетін мамандар керек деп ойлаймын мектепке. Сол мамандықты алдына қойып, жақсы ұстаз болам деген адам өз мақсатына жетуі керек. Зейнеткердлердің азаюы мектепке жас мұғалімдердің келуіне байланысты”,-дейді Қарағанды облыстық білім басқармасы мамандармен жұмыс бөлімінің басшысы Жанат Жұмагелдина.

Алайда шайлыққа жетпейтін айлықпен жастарды мектепке байлап ұстай алмайтындарын да мойындайды.

Білім басқармасындағылар жас мамандардың жағдайын жақсарту туралы ұсыныстарды Астанаға жыл сайын жолдап жүргендерін айтады. Бірақ әзірге өзгерген дүние жоқ.

Керісінше, бала оқытудан безіп жатқан жастар көп. Ал зейнеткер атаулыны көзі көрмей қалғанша мектепте ұстау да меселенің шешімі емес. Сондықтан ұстаздар қауымы үкіметтен бұл мәселені жан-жақты зерттеп, нақты шешім қабылдауды сұрайды.

0 пікірлер

Пікір қалдыру

Есім:*
E-Mail:
  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кодты еңгізіңіз: *
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив