Қызылордалық мұғалім ағылшын тілін бомждан үйренген

«Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алған қызылордалық мұғалім Абзал Іскендір ағылшын тілін бомждан үйренген.

Ол мұндай қадамға неге барғанын Baq.kz агенттігінің өңірдегі тілшісіне айтып берді.

Абзал Жандәулетұлы Қазалы ауданындағы Ж.Жабаев атымен аталатын №234 мектепте физика пәнінен сабақ береді. Жақында Жапонияның маңдайалды оқу орындарының бірі Осака университетінің дипломын алып шықты. Алайда, бұл білім ошағына түсу Абзалға оңайға түскен жоқ. Ағылшын тілін жетік меңгеру жолында тынбай еңбектеніп, табандылық танытты.

«Әуелі «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түсу үшін құжаттарымды жинап, Қызылорда қаласында сынақтан өттім. Содан кейін, 2014 жылдың қаңтар айында Англияға аттандым. Ол жақта, Норвич қаласындағы Шығыс Англия университетінің тілдік орталығында ағылшын тілін үйрене бастадым. Алғашқы уақытта қиын болғаны рас. Сабақты академиялық тұрғыда оқып, ағылшын тілінде диссертация жазу керек болды. Мұғалімдерім берген тапсырмалардан бөлек, өз жоспарымды бекітіп алдым. Әр күннің әр сағатын тиімді пайдалануға тырыстым. Бір мезгіл ағылшынша кітап оқысам, бір мезгіл тынығып алам, яғни құлаққаппен музыка тыңдап, кино қарауға көңіл бөлдім. Менің бір байқағаным, ағылшын тілін теория жүзінде қанша үйренгеніңмен біреумен сөйлеспесең, оны жетілдіре алмайды екенсің. Ал мұнда біреумен ағылшынша сөйлесейін десем, тұманды Альбионда бір танысым жоқ. Сондықтан, мен бір қулыққа көштім. Өзім тұратын ауданда жүретін көше қаңғыбасымен (бомж) келісіп, күн сайын ағылшынша әңгімелесіп жүрдім. Әрине, тегін емес. Әр сөйлесуге барған сайын оған ыстық тамақ алып берем, соның ақысына ол менімен ағылшынша сөйлеседі. Өйткені, тәуекел етіп үлкен қадамға барған соң, мойнымда зор жауапкершілік тұрды. Осылайша, он бір ай Норвич қаласында ағылшынымды дамытып, оқып, Шеффилд қаласына бардым. Онда тағы да бес ай білім алдым. Нәтижесі жаман емес, IELTS-тан тест тапсырып шықтым. Сөйтіп, Жапониядағы үздік оқу орындарының бірі Осака университетін таңдап, оқуға түсіп кеттім», – дейді Абзал Іскендір.

Қызылордалық қарапайым мұғалім 2015 жылдың 1 қазанынан бастап Жапониядағы Осака университетінде физикафакультетінде оқи бастайды. Оның айтуынша, Осака университетінің оқытушылары өз саласының білгірлері ретінде әлемге танылған. Солардың ішінен Нобель сыйлығын алған Юкава деген профессорды ерекше атап өтті.

«Осака университетінде жоғары дәрежелі білім берумен қатар, студенттердің тұрмыстық жағдайына қатты көңіл бөледі. Мысалы, ол жақтағы жатақханалардың өзі хан сарайынан кем емес. Жатақхана бойдақ, баласы жоқ отбасылар және балалары бар отбасылар үшін болып үшке бөлінеді. Мен отбасыммен бірге барған соң екінші категориядағы жатақхананы таңдап, еш уайымсыз бар уақытымды білім алуға жұмсадым. Екі жылдық оқуымды аяқтап, қазан айында Осака университетін бітіргенім туралы дипломды қолыма алдым. Қазіргі таңда Қазалыдағы мектепте оқушыларға физика пәнінен сабақ беріп жүрмін», – дейді Абзал Іскендір.

Ал №234 мектептің директоры Марат Құдайбергеновтің айтуынша, «Болашақ» бағдарламасының түлегі 33 жастағы Абзал Жандәулетұлының ізденімпаздығы, шетел асып, білімін шыңдап келгені мектептердегі жас педогогтарға ғана емес, оқушыларға да өнеге болды.

«Жалпы, мектептерге «Болашақ» сияқты жобалардан қанаттанып шыққан мамандар көптеп керек. Олардың мол тәжірибесі, жаңашылдығы педагогтар қауымына оң әсер етеді», – дейді мектеп директоры.

0 пікірлер

Пікір қалдыру

Есім:*
E-Mail:
  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кодты еңгізіңіз: *
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив