Мектептегі тамақтандыру саласына өзгерістер енгізіліп жатыр

Батыс Қазақстан, Атырау, Астана қалаларының бастауыш сынып оқушылары тегін тамақтана алады. Ата-ана баласының қандай тағам жегенін біліп отырады.

"Жаманнан жарты қасық ас қалар". Десе де ата-аналар мектептегі тамақтың 60-70 пайызының тіпті мал екеш мал жемейтіндей дәмсіз деп шулап жатады. Бәріне бірдей топырақ шашпасақ та, дауға ұласқан оқиғалар көп. Неге? Тағамның сапалы пісірілуін кім қадағалайды? Қабылданған қаулыға сай мектептегі ас мәзірі қандай болу керек?

Елімізде мектеп жасындағы балалар арасында ас қорыту жүйесі ауруларының көбейгеніне назар аударған жөн. 14 жасқа дейінгі жасөспірімдердің 21,5 пайызы, яғни әрбір бесінші жас жеткіншек артық салмақтың зардабын тартып отыр. Оның бәрі дұрыс тамақтанбағаннан туындап отырған мәселе екенін мамандар алға тартады.

Сондай-ақ, мектепте тағам рационы бойынша бірыңғай стандарттың енгізілгеніне екі жыл болса да, ол туралы оқушы түгілі ата-ана білмейді. Төрт апталық ас мәзірі туралы не білеміз? Іздедік. Таптық. Әуелі өзгерістерді шолып өтейік.

Оқушылар тамақ алу үшін ақшасын қолма-қол төлемейді

Биыл қазан айының бірі күні "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев еліміздің бес бірдей облыстарында асханасы немесе буфеті жоқ мектептердің бар екенін тілге тиек еткені естеріңізде болар. Міне, соның салдарынан балалардың дұрыс тамақтануына жағдай жасалмай отыр. Бүгінде елімізде осындай 538 мектептің бар екені белгілі болыпты.

Жыл басында "Нұр Отан" партиясы мектеп асханаларын жабдықтауға қатысты жаңа жоба ұсынған болатын. Яғни, онлайн-тамақтану жүйесін орнатуға болатынын көрсетіп берді. Сол арқылы ата-аналар балаларының не ішіп-жегенін қадағалай алады. Міне, осындай жүйе мектептерге енгізіліп жатыр.

Бұл тәсіл әлі-ақ еліміздің барлық өңіріне енгізілетін болады. Әзірше Ақтөбе мен Астана қалаларының оқушылары ғана карточка арқылы тағамды сатып алып отыр. Сол сәтте үйде немесе жұмыста отырған ата-анасының ұялы телефонына SMS-хабарлама келіп түседі. Онда баласының қай уақытта, қандай тағамды алып жегені көрсетілген.

Мысалы, супермаркетке кіріп, өзіңіз таңдаған азық-түлікті сатып аласыз. Сізге қолма-қол ақша бергеннен гөрі банк карточкасы арқылы төлеген ыңғайлы. Есеп айырысқан мезетте ұялы телефоныңызға хабарлама келеді. Қай дүкеннен, қай уақытта, не сатып алғаныңыз көрініп тұрады.

Бұл карта да тура сол сияқты. Оқушы оны тек мектептің асханасында ғана пайдалана алады. Оң-солын екшеп қарасаңыз, ата-ана баласының мектепте қандай тамақты жегенін біліп отырады. Оның үстіне ақшаны да орнымен жұмсап, үнемдеп үйренеді.

Асхана қызметкерлері де тағамды дәмді етіп дайындауға барынша тырысады. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің бала құқықтарын қорғау комитетінің бала құқықтары және халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы Ержан Жиренбай айтып берді.

Мектептің асханасы мемлекеттік және жеке әріптестікке ұзақ мерзімге берілуі мүмкін

Кәсіпкерлерге мектеп асханасын бір жылға ғана жалға алу тиімсіз. Өйткені, сол аралықта сатып алынған құрылғыларды да ақтап үлгермейді екен. 3-10 жылға асхананы жалға алу туралы жобаны Астана мен Қызылжар (Петропавл) мектептері қолдап отыр. Жүзеге асу үшін Білім және ғылым министрлігі қағидаға өзгеріс енгізу қажет.

– Тамақтанудың нормативтік-құқығы бойынша жаңа қағида әзірлеп жатырмыз. Жаңа мемлекеттік-жекешелік әріптестік ұғымы енгізіледі. Мектептер тамақтану қызметін мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы ала алады. Яғни, мектеп басшысы өнім берушімен ұзақ мерзімге келісім-шартқа отырады. Бұл әлі қарастырылып жатыр. Бүгінгі қолданылып жүрген тәсіл де бәз қалпында қалуы мүмкін, – дейді Ержан Жиренбай.

Бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақтандыру кімнің құзіретіне кіреді?

Бала құқықтары және халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы Ержан Жиренбайдың айтуынша, бұл мәселені әкім қарастырып, шешім шығарады. Бюджеттен бөлінген қаржы бастауыш сыныптарын бір рет ыстық тамақпен тегін тамақтандыруға жетіп жатса, неге қолға алмасқа? Бүгінде Батыс Қазақстан, Атырау, Астана қалаларында бастауыш сынып оқушылары мен Маңғыстау облысының 1 сынып оқушылары тегін тамақтанып жүр.

Айта кетелік, 2015 жылы "Қазақстандықтар мектеп оқушыларының ас-суын өздері төлеуі тиіс" деген шешім қабылданған болатын. Содан бері бастауыш сынып оқушыларына тегін түскі ас берілмейтін болды.

Заң бойынша тегін тамақ мұқтаждарға беріледі

Олар:

  1. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасы балаларына;
  2. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз отбасы балаларына (қыркүйек айындағы ең төменгі күнкөріс деңгейі – 28 690 теңге);
  3. Жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, қорғаншы отбасыларда тұратын балаларға;
  4. Төтенше жағдайлардың салдарынан зардап шегіп, қиын жағдайда қалып, шұғыл көмек қажет отбасы балаларына;
  5. Білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге санаттарына жататындығын растайтын құжаттары дайын болса, бюджет есебінен тегін тамақтана алады
Әрбір бала осындай уақыт аралығында тамақтану керек
Әрбір бала осындай уақыт аралығында тамақтану керек / myshared.kz сайтынан алынды

Оларға бір реттік тамақтану нормасы бекітілген

– Онда баланың дене-бітіміне, жас ерекшелігіне байланысты қандай тағамнан, сусыннан қанша грамм ішіп-жеу керектігі жазылған. Мысал келтірер болсақ, 6-10 жас аралығындағы бала бір күнде 33 грамм жеміс шырынын, 4 грамм кисель ішуі керек. Ал, 1 грамм ғана жұмыртқа жейді. Мектеп оқушыларының таға­мында тұздың ұсынылған мөлшері күніне – 5 грамм немесе 1 шай қасықтан аспауы тиіс.

Осы сияқты басқа тағам түрлерінің тізімі жалғаса береді. Осының бәрін асхана қызметкерлері ескеріп, әрбір тағамды таразыға тартып, өлшеу керек, – дейді Ержан Жиренбай.

Алайда мектептегі асханада оқушының жасына қарай тағамды таразыға өлшеп тұрғанын байқамаймыз. Балаларға бәрібір.

Білім мекемелері мектепке екі апталық ас мәзірін жібергеннен кейін бір реттік тамақтану нормасына сәйкес әзірленеді. Тегін тамақтанатын оқушыларға осы мөлшер бойынша беріледі. Биылдан бастап ас мәзіріне сүзбе, жеміс-жидек, сүт өнімдері мен бал қосылғанын айта кеткен жөн. Сәуір айында Қазақ тағамтану академиясының мамандары барлық тамақтар суға немесе буға пісірілген көкөністерден дайындалатынын, қуырылған тағамдарды тамақтандыру стандартынан алып тастағанын айтқан болатын. Ал, ақылы түрде тағам сатып алатындар ата-ана есебінен болған соң, қалаған тағамын таңдайды.

2016 жылдан бастап мектепте тағам рационы бойынша бірыңғай стандарт енгізілген

Барлық мектепте бір күнде бірдей тамақ әзірленеді. Жаз бен күз айларына, қыс пен көктем айларына арналған төрт апталық ас мәзірі көрсетілген. Оны мына сілтеме арқылы біле аласыз.

Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаменті 2016-2019 жылдарға арналған "Денсаулық" Мемлекеттік бағдарламасын дайындаған.

Жаз-күз айы. Төрт аптаның әрбір күнінде қандай тағам әзірленуі керектігі бекітілгені

Жаз-күз айы. Төрт аптаның әрбір күнінде қандай тағам әзірленуі керектігі бекітілген / mz.gov.kz сайтынан алынды

Қыс-көктем айы. Бұл мезгілде де оқушы қандай тағамды жиі жеу керектігі бекітілген

Қыс-көктем айы. Бұл мезгілде де оқушының қандай тағамды жиі жеуі керектігі бекітілген / mz.gov.kz сайтынан алынды

Тыйымды жүзеге асыру қиын

Былтыр мектеп асханасында оқушылардың денсаулығына зиянды тағамдарды сатуға тыйым салынған. Дегенмен, балалар мектеп сыртындағы дүкеннен сатып алып жүр.

– "Білім беру нысандарына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар" санитарлық Ережесінің 119 тармағына сәйкес, газдалған сусындар, пицца, сосиска сияқты арзан әрі сапасы төмен тағамдарды беруге рұқсат етілмейді, – дейді бала құқықтары және халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы.

Мұғалімдер де зиянды тағамдар туралы ашық сабақ өткізіп, өздеріне сурет салдырады

Мұғалімдер де зиянды тағамдар туралы ашық сабақ өткізіп, оқушылардың өздеріне сурет салдырады / atbasar.akmoedu.kz сайтынан алынды

Аталған өнімдер мектеп қабырғасында сатылса ше?

Ондай жағдайда не істеу керек? Бұл сұраққа Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің бас сарапшысы Сауле Тілегенова жауап берді.

– Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мамандар күнделікті тексеру жүргізуі мүмкін емес. Сондықтан, егер мектеп асханаларында немесе буфеттерінде сатуға тыйым салынған тамақ өнімдерінің сатылу фактілері анықталса, жергілікті аумақтық қоғамдық денсаулық сақтау басқармаларына жазбаша түрде өтініш жіберуге болады.

Сосын ҚР Бас Прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің аумақтық бөлімшелерінде өтініш тіркелгеннен кейін жоспардан тыс тексеру жүргізу арқылы шешіледі.

Тексеру жүргізудің басталатыны туралы кемінде күнтiзбелiк отыз күн бұрын айтылу керек

– Осы аралықта заңды тұлғаның басшысына немесе оның уәкілетті адамына, жеке тұлғаға жазбаша түрде хабарлауға мiндеттi. Жарты жылда 1 рет, яғни жылына 2 рет тексеріс болады. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармаларының мамандары тексеру жүргізу мектеп асханаларынан алынған тағам өнімінің сапасын анықтау үшін микробиологиялық және санитариялық-химиялық зертханалық зерттеулер жүргізеді, – дейді Сауле Тілегенова.

Сонда алдын ала білім беру мекемесіне "тексеріп келеміз" деп айтып қоятын болса, ол қандай тексеріс? Алдын ала ескертілген бұл тексеріс барысында жалдаушы кәсіпкерлердің сақадай сай отыратындығы айтпаса да түсінікті. Сол аралықта кемшіліктердің барлығын түзеп, комиссия мүшелері кеткеннен кейін бәз баяғы қалпына түспесіне кім кепіл?

Астанадағы №10 мектептің асханасын ата-ананың наразылығынан кейін тексерген болатын

Астананың №10 мектептің асханасында қарақұмықтан жасалған ас дәмсіз болғандықтан ешкім ауыз тимеген/ www.facebook.com/gulbanu.abenova

Биыл сәуір айында Астананың №10 мектептің асханасында дәмсіз тағам дайындалатынын айтып, Гүлбану Әбенова есімді ата-ана жағасын ұстап еді. Содан кейін комиссия келіп тексерген болатын. Ескертулерден соң ғана асханадағы ас мәзірі дәмді бола бастаған.

Тағамдар дәмсіз болғандықтан қоқысқа төгіліп жатыр

Дәмсіз тағам қоқыс шелекке төгіледі / www.facebook.com/gulbanu.abenova

Одан кейін мамыр айында білім басқармасы сегіз мектептің басшыларын асханасы лас болғаны үшін ескерту берді. Оның үстіне тағамдар белгілеген нормадан аз әзірленіп, өрт қауіпсіздігі сақталмаған болып шықты. Тағы да 14 мектепте ішуге болатын субұрқақтар іске жарамсыз екені анықталды. Сонымен қатар, өрт болған жағдайда шығатын апатты есіктің алды қоқысқа толғаны белгілі болды. Аз уақыттың ішінде қалпына келтіруге тапсырма берілді. Түзетілді. Осындай келеңсіздерді көзіңіз шалса, өңіріңіздегі білім басқармасына хабарласыңыздар.

Аспаздық өнімдердің сапасына органолептикалық бағалау жүргізіледі

Жоғарыда айтып өткеніміздей, маусымдық екі апталық мәзір жасалады. Мәзірді әзірлеу кезінде оқушылардың мектепте болу ұзақтығы, жас ерекшелігі ескеріледі, витаминді-минералдық кешенмен байытылған тағам өнімдері көзделеді.

– Мектеп асханаларында күн сайын медицина қызметкері немесе жауапты адам тағамдардың және аспаздық өнімдердің сапасына органолептикалық бағалау жүргізеді. Бұл дегеніміз – тағамдардың және аспаздық өнімдердің сапасын мерзімдік бағалау. Яғни, күн сайын бракераж комиссиясы тағамдардың дәмін татып, нормалардың қаншалықты ескерілгенін тексереді. Олар кімдер?

  • Міндетті түрде медицина қызметкері;
  • Әкімшілік қызметкер;
  • Өндіріс меңгерушісі;
  • Ата-аналар комитетінің өкілі білім беру басшысының бұйрығымен Комиссияның мүшелері ретінде айқындалады.

Қорытындыларын органолептикалық бағалау журналына енгізеді.

Тексеріс "мектептің терісін" теріс айналдыра ма?

2017-2018 оқу жылында қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы мамандар білім беру ұйымдарының ас блоктарына 4145 тексеру жүргізді.

Нәтижесінде жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың ішінде мыналар анықталған:

Біріншіден, өнімнің сақталу шарттары мен жарамдылық мерзімдерінің бұзылған.

Екіншіден, ас дайындайтын ыдыстар мен құрылғыларды санитариялық жағдайлары мен күтіп ұстамаған.

Үшіншіден, технологиялық, тоңазытқыш жабдықтары мен мүліктері таңбаланбаған.

Төртіншіден, жабдықтар мен мүліктерді сақтау және өңдеу ережелері бұзылған.

Бесіншіден, қызметкер жеке бас гигиенасы ережелерін сақтамаған.

Алтыншыдан, медициналық тексеріп қарау мерзімдері сақталмаса, тиісті шаралар қолданылады.

Тексеру нәтижелері бойынша жауапты тұлғаларға жалпы сомасы 70 млн 429 мың теңгеге айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолдану туралы 3188 қаулы шығарылды. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы бұзушылықтарды жою туралы 2807 нұсқама берілді, 5 іс сотқа жолданды, 291 адам жұмыстан шеттетілді. Мектеп асханаларында кездесетін бұзушылықтар барлық өңірде бірдей деңгейде деп айтуға болады, – дейді Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің бас сарапшысы Сауле Тілегенова.

0 пікірлер

Пікір қалдыру

Есім:*
E-Mail:
  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кодты еңгізіңіз: *
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив