ФИЗИКА ПӘНІН ОҚЫТУДА ХАЛЫҚТЫҚ ПЕДАГОГИКА ӘДІСТЕРІН ПАЙДАЛАНУ

ФИЗИКА ПӘНІН ОҚЫТУДА ХАЛЫҚТЫҚ ПЕДАГОГИКА ӘДІСТЕРІН ПАЙДАЛАНУ

Дәуітова Нағима Тәжмұратқызы

Маңғыстау облысы,Ақтау қаласы

Маңғыстау политехникалық колледжі

физика пәнінің оқытушысы

Қай заманда, қандай қоғамда болсын алдында тұрған зор міндеттердің бірі – болашақ ұрпағын тәрбиелеу. Жан – жақты жетілген, ақыл парасаты мен мәдениеті мол, саналы ұрпақ тәрбиелеуде әр халықтың салт – дәстүрінен дамуындағы бағалы байлықтың нәрін біртіндеп сіңіру арқылы ғана жүзеге асыруға болады. Басқа халықтар сияқты қазақ елінің де ұрпақ тәрбиелеуде мол тәжірибесі, жиған – тергені, озық ойлары мен өзіндік ерекшеліктері бар. Осындай мол мұраның «дәнегін мәпелеп екпейінше» жастарды ізгілік пен парасаттылықты тәрбиелеу мүмкін емес. Халықтың жазбаша жазылмаған, бірақ ұрпақ есінде мәңгілікке сақталып, бір ұрпақтан бір ұрпаққа ауызша жалғасып келген нақыл – өсиет, өнеге қағида болып таралып келген тәлім – тәрбие тағылымының бай мұрасы бар. Ол халықтық педагогика деп аталады. Халықтық педагогика отбасылық тәрбиеден басталып, ел – жұрт, ауыл – аймақ, тіпті бүкіл халықтық қарым қатынастан берік орын алған тәлім – тәрбиенің түрі. Ендеше халық педагогикасы қоғам дамуының барлық сатыларынан өтіп, тәжірибеде жүйеленіп, ғылыми педагогикалық дәрежеге жеткенше ұрпақ тәрбиесінің қайнар көзі, алтын діңгегі болып келгені даусыз.

Еліміздің әлеуметтік – экономикалық дамуын жақсарту қоғамдық өмірдің барлық саласында түбегейлі терең өзгерістер жасауды, ең алдымен, адам санасын шыңдауды, жаңаша ойлар қалыптастыруды, халқының өткен тарихи –мәдени мұраларын игере отырып шығармашылықпен еңбек етуді талап етеді.

Қазіргі кезде көп ұлтты мемлекетіміздің алдында тұрған ұлы міндет, біріншіден біртұтас білім кеңістігін қалыптастыру болса, екіншіден, халықтық педагогиканы тәрбие үрдісінде пайдалана отырып ұлттық тәрбие беруде жеткіншектерге тілі мен әдебиетін, тарихы мен өнерін қастерлеп, салт-дәстүрін меңгерту-тарихи қажеттілік.

 

Халық педагогикасының мақсаты – білімалушылардың бойында адамгершілік, отансүйгіштік, елжандылық, имандылық қасиеттерін қалыптастыра отырып, болашақта еліміздің тізгінін ұстайтын жастарды тәрбиелеп шығару. Халық педагогикасы – ұрпақтан –ұрпаққа  жалғасып келе жатқан дәстүрдің өзегі, алтын діңгегі, халықтың ең берекелі, ең парасатты тәжірибесі. Ол ғасырлар бойы жинақталған сан алуан іс-тәжірибелер мен ой-пікірлер негізінде қалыптасты. Оның мұралары уақыт талабы мен өмірге қайта оралып, мектептің оқу – тәрбие жұмыстарында кең қолданылуда.  Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында «Біз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезімімен өз еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін дамытуға тиіспіз» дегені мәлім.  Сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында да «Қазақ халқының мәдениеті мен дәстүр – салтын оқып үйрену үшін жағдайлар жасау бірінші кезектегі міндеттердің бірі» деп атап көрсетілген. Халықтық тәрбие, ол ұлттың ұлт болып қалыптасуымен бірге дамып келе жатқан көне тарихи жүйеге жататыны кімге болса да аян.  Халқымыздың ұлттық педагогикасының ұрпақ тәрбиесінде алатын орны ерекше. Ерекшелігі сол: жас жеткіншектерді есті, адал, еңбекқор, парасатты болсын деген үмітпен ата-баба тәлім –тәрбиесін әрқашан мұра тұтып келген және оны талап етіп отырған. Ұрпағын жаман әдеттерден жирендіріп, жақсылыққа жетелеп, өсиет сөздерін күнделікті бойына ұялатып отырған. Әр халық өзінің жас ұрпағын қайырымды, адал, үлкенді құрметтейтін, әділ, ер жүрек, ізгі ниетті, ар-ожданы мол болып өссін деп армандайды, бұл мәселені өзінің тұрмыс-салтына байланысты шешіп отырады. Ол үшін ғасырлар бойы қолданып, сұрыпталып, өмір тәжірибесінен сыннан өткен салт-дәстүрлерді, педагогикалық әдіс-тәсілдерді пайдаланып келеді.

Салт-дәстүр халықтың белгілі бір әдет-ғұрыптары мен байланысты туады. Салт дегеніміз – халықтың кәсіп, сенім, тіршілігіне байланысты қалыптасып, ұрпақтан ұрпаққа ауысып отыратын дәстүрдің бір түрі. Ұлттық дәстүр дегеніміз – тарих барысында қалыптасып ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отыратын әдет-ғұрыптар, салт-сана, қоғамдық тәртіп, заң, мінез-құлық қалыптары. Мысалы, бала тәрбиесімен байланысты: шілдехана өткізу, сүйінші сұрау, балаға ат қою, бесікке салу, тұсау кесу, атқа мінгізу, сүндетке отырғызу тойлары; үйлену, үй болумен байланысты: құда түсу, есік-төр көрсету, келін түсіру тойлары, қалын-мал алу, жасау беру т.б. салт-дәстүрлер, түрлі кәде-ырымдар, өлген адамды жерлеумен байланысты: арыздасу, қоштасу, естірту, көңіл айту, жұбату, жоқтау, өлген адамның жетісін, қырқын, жылын беру т.б. ырым-жырымдар қазақ халқында ежелден сақталған. Мұны салт-дәстүрлері деп атайды.

Білімалушылардың басым көпшілігі физика пәнін тек қаптаған жалаң формулалар мен  заңдылықтар деп түсінеді. Осы себептен де физика сабағында халықтық педагогика негізінде ұлттық салт-дәстүрлерді уағыздап,  жас ұқпақ санасына дарытуды,  осы арқылы пәнге деген қызығушылығын арттыруды мақсат еткен жөн.  

Білім – адамзаттың терең және үйлесімді дамуын бекітетін құралдардың бірі, прогрестік, әлеуметтік тұрақтылық пен ұлттық қауіпсіздіктің маңызды факторы. Қазіргі білім беру үрдісі адамның ішкі табиғи мүмкіндіктерін ашып,  сыртқы әлеммен әлеуметтік қарым-қатынастарда өз орнын табуға, өзін шығармашылықпен өзгертуге белсенділік танытуға ықпал етуі тиіс. Бүгінгі таңдағы қоғам кәсіби білімі жетік, құзіретті, бәсекеге қабілетті мамандарды талап етеді. Білікті ұстаз, білімді маман болу үшін - әрбір мұғалім өз білімін үздіксіз көтеріп отыруы тиіс.

Мұғалімнің кәсіби құзіреттілігі-оның жан-жақты білімінен ұстаздық шеберлігімен, оқытудың жаңа әдістерін меңгерумен өлшенеді. Мұғалім қаншалықты білімді, шығармашыл болса, оның құзыреттілік аясы да соғұрлым кең болмақ.

Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы бүгінгі басты міндеттердің бірі- ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып білімалушыларға терең білім мен тәрбие беру.

Әр пәнді оқыту кезінде сабақты қазақ халқының тұрмысы,әдет- ғұрпы,үлгілі дәстүрлерімен шебер ұштасып,студент бойында ұлттық мақтаныш,ұлттық патриоттық сезімін қалыптастыру,оны бүгінгі күн талабына сай мазмұнды да,пәрменді жүргізуге күш салу- пән мұғалімдерінің басты парызы.Ұлттық ерекшеліктер ұғымын жалаң тұрғыда емес,физикалық құбылыстарға үйлесімділікпен енгізу,яғни физикалық ұғымдарды ұлттық таным- талғам арқылы танудың маңызы зор.

Физика сабағында білімалушыларға қазақ халқының мәдениеті мен салт- дәстүрін оқып үйрету бір-бірінен бөліп алуға болмайтын үш міндетті атқарады.Олар-білім беру,оның тәрбиелік мәні,танымды кеңейту міндеттері.

Физиканы оқытуда бұл міндеттерді жүзеге асыру білімалушылардың логикалық ойлауын,өз бетімен жұмыс істеу дағдыларының дамуына себебін тигізеді,оқу процесін жандандырып,жаңа тақырыпты жеңіл түрде меңгеруіне  мүмкіндік береді. Сондықтан физиканы халық даналығымен байланыстыра өткізген  сабақтардың үлгісі  туралы айта кетуге болады.

Халықтық педагогиканың бір саласы – ұлттық ойындар.  Біріншіден, ойын сергіту сәті болса,  екіншіден, білімалушылар ойынға қатысу үшін өз білімдерін үнемі толықтырып отырады. Үшіншіден, өтілген материалды қайталау тұрақты түрде жүзеге асады.  Бұдан білімалушы есінде көп нәрсе қалары сөзсіз.  Себебі,  қайталау – оқу анасы.  

Қазақтың байырғы аңшылық және жауынгершік қаруы садақ атуды серпінділік күші арқылы түсінуге болады. Садақ мықты ағаш немесе аңның мүйізінен жасалатын қару. Садақтың кермесінің созылуы, неғұрлым көп болса, соғұрлым серпінділік күші көп болады. Садақ жебесінің кинетикалық энергиясы потенциалдық және кинетикалық энергиялар арқылы, тербелген алтыбақанда, аспалы бесікте энергия түрлерінің бір-біріне айналуы. Садақты тартқан кезде кермесінің потенциалдық энергиясы, ұшып бара жатқан жебенің кинетикалық энергиясына айналуы механикалық энергияның бір түрінің екінші түрге айналуы арқылы түсіндіріледі.

Арқанның созылуы. Үзеңгі, тартпа, желбауға түсетін күштер дененің салмағы. Серпінділік күші мен дене массасының арасындағы байланыс арқылы түсіндіріледі. Садақтың оғы – жебе. Садақтың адырнасын кері тартқанда тарту күшіне қарама-қарсы серпінділік күші пайда болады. Қолдың тарту күшін жойғанда серпінділік күшінің әсерінен жебе атылады.  Арқан тарту ойынында бір топтағылардың күштері қосылады. Қарама-қарсы топтағылардың бірі жеңеді. Садақ кермесінің созылуы, ондағы күштің аз, көп болуы күштерді қосу тақырыбымен түсіндіріледі.Алғашқы адамдардың шақпақтағы үйкесу арқылы от жағуы, ұршық, ұн тартатын қол диірмен қозғалысы,көшкенде пайдаланатын арба, шана қозғалысы үйкеліс күшінің әсерінен. Ат тағасы, ат тағалау себебі,адамның аяқ киімін тағалауы да үйкеліс күші арқылы түсіндіріледі.

Қымыз құятын мес пен тұсаған кезде уызынан арыла қоймаған қойларды сауып,  торсыққа құяды да аузын буып, ыстық күлге көміп тастайды. 5-10 минутта қою уыз қата қалады. Қойшы жан торсығының аузын шешіп, айналдыра қойса ақ уыз домаланып түсе қалады, себебі отынның ыстық күліне көміп қойған ыдыс ішіндегі уызға жылу мөлшерінің берілу себебі уызқағанақ жасау.

           Уызқағанақ – тасқорық қой сүтінен жасалған қойшы тамағы. Алдымен айналасынан тезек теріп от жағады. Дөңгелене қаланған от ортасына қаз жұмыртқасындай 6-7 тас тастайды. Сонан соң белінен сапты аяғын шешіп алады да, өзіне мәлім сауын қойлардың 3-4-еуін сауып алады. Мұнан соң қойшы саптыаяқ толы сүтін от басына әкелгенде тастар әбден қызып қалады. Тал теректің айыр бұтағын шымшуыр етіп алып, қызған тастың біреуін от ортасынан шымшып алады. Шымшып алған бетінде күлін үрлеп жіберіп, саптыаяқтағы сүтке батырса, күйген сүттің иісі шығады. Осылайша қойшы екінші тасты, үшінші тасты сүтке батырып алады. Ал, төртінші, бесінші тасты батырғанда саптыаяқтағы сүт суынан арылып, сап –сары болып, бүлк-бүлк етіп қайнайды. Тасторсық дайын болады. Бұдан шығатын қорытынды: отқа салған тасқа одан жылу алатындағы, ол тасты саптыаяқтағы сүтке батырып алғанда сүт тастан жылу мөлшерін алатындығы. Отқа салатын тастардың массалары әртүрлі, температуралары бірдей болады.Уызқағанақ және тасторсық дайындағанда жылу процесіндегі энергияның түрлену және сақталу заңдары орындалады.

Мес, торсық, сабан, көнек, шәйнек, құмған ыдыстарының жасалуы қатынас ыдыстар ұғымы бойынша түсіндіріледі.

Қазақ халқы алғаш егіншілікпен айналысқанда жерді ат соқамен жыртқан. Ат соқаның қуаты трактордың қуатынан аз, бірақ экологиялық жағынан пайдалы әрі тиімді. Бұл құбылысты жұмыс пен қуат ұғымы арқылы түсіндіруге болады.

Сүймен, әкпіш, иін ағаш, алмақ-салмақ рычагтар жай механизмдерге жатады.

         Бесіктің қазақ өміріндегі орны ерекше. Бесіктің көшпелі өмірге ыңғайлы жеңілдігі, мықтылығы, бала денсаулығын сақтаудағы бесіктің маңызды орны бар

Қазақтың әдет-ғұрып,  салт-санасында кездесетін кейбір элементтерді физика сабағында қолдануға болады. Біз осыдан жазу-сызуы болмаған халқымыздың табиғат құбылыстарын дұрыс түсіне білгендігін,  көргендігін,  данышпандығын аңғарамыз. Мысалы,“Диффузия құбылысы” тақырыбын өткенде айран ұйыту,  құрт қайнату,  нан ашыту қалай орындалатынын айтып кеткен орынды. Айран ұйытқанда немесе нан ашытқанда судың жылы болуы,  температура жоғарылаған сайын молекулалардың бір заттан екінші затқа өтуі шапшаң жүретінін көреміз.

“Қысым” тақырыбын өткенде бабаларымыздың ағаш қазықтың ұшын неге үшкір етіп жасағанын түсіндірген тиімді. Аз күш жұмсап қазықты жерге тез кіргізудің тәсілін ерте игерген.

    Ал “Жылу өткізгіштік” тақырыбын оқытқанда малдың,  аңның терілерінен тіккен киімдердің жылуды жақсы сақтайтынын білгенін,  соған байланысты тұлып,  ішік тігіп кигенін түсіндіру керек. Не себепті киіз үйге ақ киіз жабатынын,  не себепті ақ киім киетінін нақты мысалдар арқылы дәлелдесе, оқушылар санасында тақырып ұзақ сақталады. Сондай-ақ, “Ньютонның қозғалыс заңдарын” өткенде қазақтың ұлттық спорт ойындары – “Арқан тарту “,  “Күш сынау”,  тағы басқаларын айтса,  сабақтың мазмұны байып,  құндылығы артады,  білімалушылардың білімі молаяды.

        Ұлттық ойындар «Тас ату», «Найза ату» кезіндегі лақтырылған тас пен найзаның жерге түскенге дейінгі қозғалысы Жердің барлық денелерді өзіне тарту құбылысы арқылы түсіндіріледі.

Бәйге түрлері: аламан бәйге, бәйге, жорға жарыс, жаяу жарыс, көш керуен, өгіз аяң. Бәйгеге сөреге жеткен аттың бірден тоқтай алмауы. Атпен қатты келе жатқан адамның аты сүрінгенде үстіндегі адамның құлауы. Дененің жылдамдығы тек оған басқа дене әсер еткенде ғана өзгеретіндігін, инерцияның тұрмыста білінуі арқылы түсіндіріледі.

Қорытындылай келгенде, мұндай көзқарастың қалыптасуы патриоттық сезімі жоғары, өркениетке табан тірейтін ,ұлттық мәдениеті жоғары тұлға тәрбиеленуіне алып келеді деуге әбден болады.

Мұғалімнің шығармашылық ізденіспен жаңаша жүргізілетін күрделі жұмысы – физика-математика пәніне халықтық, ұлттық салт-дәстүрлерді,  ұлттық атауларды,  ұлттық тіл өрнектерін,  ұлттық ойындарды көптеп қолдана білу.  Оған даяр жоба ұсынуға болмайды.  Сабақты тартымды,  қызықты өткізу мұғалімнің шығармашылық жұмысына,  талантына,  біліміне байланысты. Егер мұғалім сабақта бір тақырыпты оқытуда шәкірттерді ойландыруға,  тәжірибе жасап,  оған қорытынды жасай білуге,  сөйлесу мәдениетін дамытуға көңіл аударса,  келесі бір сабақты мүмкіндігіне қарай халқымыздың дәстүрлі ұлттық тұрмыс,  салт-сана көріністеріне,  қазіргі жеткіншек жете біле бермейтін ұғым-түсінігін бүгінгі өмірге жанастыра көңіл аудартса,  сол арқылы танымдық мақсат қояды. Сөйте отырып,ұлттық салт-дәстүрді қадірлей білуге, адамгершілікке, ізгілікке, ұлттықтәлім-тәрбие беруге назар аударылады.  Ғасырлар бойы күнделікті тұрмыста қазақ халқы физика ілімінің атауларын,  салтын,  дәстүрін қолданып келген,  қолдана береді де. 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Педагогикалық энциклопедия.Түсіндірме сөздік.2002 ж

2.Әдістемелік журнал  «Білімдегі жаңалықтар»

  1. Выготский Л.С. Психология. – М., 2000.
  2. Бегалиев Т.Б.Педагогика. 1999ж.

5.Республикалық ғылыми- әдістемелік журнал «Физика». 2010 №2

6.Сапарғалиева А.Оқушылардың оқу-зерттеушілік әрекетінің жоғары құзіреттілік, шығармашылық, жігерлілік және кәсібилікке бағытталуы. 2009ж.7.Құлыбаева Д. Халықаралық типтегі мектептердің білім беру жүйесін басқарудың әдіснамалық негіздері.Алматы, 2010ж.

0 пікірлер

Пікір қалдыру

Есім:*
E-Mail:
  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кодты еңгізіңіз: *
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив