Мерекелі де, берекелі - Наурызым

Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Бейнеу гуманитарлық-экономикалық

  колледжінің  информатика пәні  оқытушысы Қаржауова Базаргул

 

Сабақтың тақырыбы:  «Мерекелі де, берекелі -  Наурызым!»

Сабақтың мақсаты: Қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлерін нәсихаттай отырып, ұлтжандылыққа, отаншылдыққа тәрбиелеу. «Наурыз» мерекесін қастерлей білуге үйрету.

Көрнекілігі: Интерактивті тақтада слайдтар көріністері, суреттер, шарлар.

Сабақтың барысы:

І. «Атымда менің сырым бар».(Таныстыру)

ІІ. «Нақыл – тұнған ақыл». (Мақал-мәтел)

ІІІ. «Өнерлі өрге жүзер». (Өз өнерін көрсету)

ІV. «Ойы байдың, сөзі бай».(Салт-дәстүрге байланысты танымдық сұрақтар).

  1. «Салт-дәстүрлерін қастерлей білейік». (Көрініс)
  2. «Ас – адамның арқауы». (Тағам дайындауға бейімділігі)

Жүргізуші:

Бүгін міне, сәтті күнде,

Жиылдық біз халайық.

Сәлемдесу дәстүрімен,

Амандасып алайық.

Сәлеметсіздер ме, жиылған қауым! Елімізге қадам басқан көктем мезгілі өзімен бірге шуақты, шаттығы мен қызығы мол, қуанышты мерекелерді тарту етті. Оның бір көрінісі – ақ жаулықты аналарымыз бен аяулы апа-сіңілдеріміздің мерекесі болса, келесі бір нұсқасы – тіршілік атаулының бәрі оянып, жер бетіне сұлулық тарайтын «Амал» мерекесі. Ал, бұлардың ішіндегі ең ұлысы қазақ халқының жаңа күн, жаңа жыл деп, тілге тиек ететін ұлы мейрамы «Ұлыстың ұлы күні - Наурыз».

 

Келіңдер, Наурыз тойға бәрің бүгін,

Аямай өнерпаздар ән мен жырын.

Тойлайық халық тойын Наурызымның,

Шуағын жерге төккен бақыт күнін.

«Наурыз» мерекесін тойлау еліміздің барлық жерінде атап өтілуде. Өз кезегінде біз де, бүгінгі тәрбиелік сағатымызды  «Мерекелі де, берекелі -  Наурызым!»  деп атадық. Ендеше, атаулы мерекеде баршаңызды құттықтай отырып, бүгінгі мерекелік шараны ашық деп жариялаймын.

Сонымен, ортаға бүгінгі кештің сайыскерлерін шақырайық. Сайысқа түсетін 1-топ: «Амал» тобы;

2-топ: «Наурыз» тобы;

3-топ: «Наурызша» тобы.

Өнерге бақ тілеп, қуанышқа балайтын,

Сезімтал мен зерегін таразылап көретін,

Таныстырсақ сіздерді қазылармен бұл кештің,

Келіндердің бағасын әділ шешіп беретін.

Бүгінгі кеште келіндеріміздің өнерлерін бағалап, әділ шешіп беретін қазылар алқасымен таныстырып өтейін.

Құрметті көрермендер! Енді бүгінгі байқаудың шарттарымен таныстырып өтейін:

 І. «Атымда менің сырым бар».(Таныстыру)

ІІ. «Нақыл – тұнған ақыл». (Мақал-мәтел)

ІІІ. «Өнерлі өрге жүзер». (Өз өнерін көрсету)

ІV. «Ойы байдың, сөзі бай».(Салт-дәстүрге байланысты танымдық сұрақтар).

  1. «Ас – адамның арқауы». (Тағам дайындауға әзірлігі)
  2. «Салт-дәстүрлерін қастерлей білейік » (Көрініс)

І. Таныстыру

Таныстыршы өзіңді байқап гүлім,

Көрінетін бір қырыңнан сайыс бүгін.

Бір мінің жоқ бойында, көңілің ашық,

Ата-енеңе ибалы, сұлу келін. (Әр топ өздерін таныстырады.)

 ІІ. «Нақыл – тұнған ақыл». (Мақал-мәтел)

ІІІ. «Өнерлі өрге жүзер». (Өз өнерін көрсету)

Тілге шешен, тілі орамды дана халқымыз «Өнерлі өрге жүзер», «Қызға қырық өнер, жігітке жеті өнер аз» деп, өнерге ерекше баға беріп, жас ұрпақты жастайынан өнерге баулып, өнер үйренуге тәрбиелеген. Ендеше, бүгінгі сайыскерлеріміздің өнерлерін тамашалауға кезек берейік.

ІV. «Ойы байдың, сөзі бай».

Қазақ халқы ежелден ырымдарды, салт-дәстүрлерді қадір тұтып, ерекше бағалаған. Оларды білу – әрбір адамның парызы деп есептеген және келер ұрпаққа мұра ретінде қалдырып отырған.

1 – билет.

  • «Күйеу аяқ» дейтін қандай ырым?
  • Малдың басы қандай қонаққа тартылады?
  • Пышақты пышаққа жанамайды. Неліктен?

2 – билет.

  • «Айдар» дегеніміз не?
  • Қыз-келіншектер қара орамалды басына салмайды. Себебі ...
  • Күйеу жігітке малдың қай бөлігі ұсынылады?

3 – билет.

  • Келін барған жерінде босағаға соғылмай кіруі керек. Неліктен?
  • Бес дұшпанды атаңыз?
  • Жас балаларға тіл, таңдай не себептен тартылады?

4 – билет.

  • Қазақта жаңа түскен келін отқа сәлем бергенде: «От-ана, май-ана жарылқа!» деп тілеу тілейді және ...
  • Дүниеде не қымбат?
  • «Ұлболсын, Ұлтуған» деген сенімді тілеу аттар қойылуының себебі неде?

5 –билет.

  • «Тоқымқағар» дегеніміз не?
  • «Сүтақы» дегеніміз не?
  • «Құйымшақ» қандай қонақтарға беріледі?

6 – билет.

  • «Наурыз» сөзінің мағынасы қандай?
  • «Енші» дегеніміз не?
  • Адамды екі нәрсе қартайтпайды. Олар : ...

V.«Ас – адамның арқауы». (Тағам дайындауға бейімділігі)

Ас – адам өмірінің мазмұны. Қазақ халқы «таспен ұрғанды, аспен ұр» деп, өкпе-реніштерін ас арқылы жасырып, астың құдіреттілігін ежелден-ақ пайымдаған. Ендеше, кезекті ұлттық тағамдарымызға берейік.

 

Күй: «Адай»

Жақсыбаев Ерболаттың орындауында «Адай» күйі

 

  1. «Салт-дәстүрлерін қастерлей білейік». (Көрініс)

Мәнге толы, қазағымның тірлігі,

Сан ғасырдың ашылып тұр тұғыры.

Кеше ғана керексіз ғып тастаған,

Ғажап екен әдебі мен ғұрыбы.    – демекші, келесі кезекті сайыскерлеріміз дайындаған салт-дәстүрлерінен үзінді келтірейік. «Бесікке салу», «Ат қою» дәстүрі.

Наурыз қайтып оралды, аты да аңыз,

Сұрамаймыз, алғыс та ақы да біз.

Кең дастархан даламыз, сахнамыз,

Ұлы мейрам «Наурыз»ды аяқтаймыз. Осымен, бүгінгі « Мерекелі де, берекелі -  Наурызым!» атты тәрбие сағаты аяқталды. Хош, сау болыңыздар

 Жауаптары

Қазақта «Күйеу аяқ» дейтін ырым бар. Жігіт қалыңдығын өз үйіне түсіргеннен кейін, қызын ұзата барған енесін қошаметпен қайта жеткізіп салады. Сонда ата-енесі күйеу балаға мал атайды. «Күйеу аяқ» дегені – сол. Бұл күйеудің аяғы жеңіл болсын, көңілі ашық боп қайтсын дегені.

 Малдың басы құдаларға беріледі.

Себебі : пышақты- пышаққа жанау – араздықтың, соғыстың белгісі.

Баланың төбе шашын ұзын өсіріп, моншақ араластырып өріп қояды. Бұл «Айдар» деп аталады. Айдарлы адам айбарлы көрінеді, оған тіл-көз тимейді деп біледі.

Себебі: қара киім – қайғының белгісі деп ырымдалады.

 

Күйеу жігітке төс тартылады.

 

Келін босағаға соғылып қалса – үйдің берекесі қашады, келін баянды болмайды деп жориды.

 

Бес дұшпан: өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ.

 

Тіл – сөзге шешен болсын, таңдай – жезтаңдай әнші болсын деп беріледі.

 

Қазақта жаңа түскен келін отқа сәлем бергенде: «От-ана, май-ана жарылқа!» деп тілеу тілейді және басқа әйелдер отқа май құйып, алақандарын қыздырып алып, келіннің бетін сипайды.Бұл – келіннің жүзі жылы, дидары ыстық болсын, тіл-көз тимесін дегені.

 

Дүниеде ата-ана, отан қымбат.

«Ұлболсын», «Ұлтуған» есімдері,  келесі перзенті «ұл» болсын деген ниетте қойылады.

«Тоқымқағар» деген ырым, ұзақ жолға аттанарда жолаушының жолы болсын деп,көрші-қолаңға шай-тамақ беріледі.

Сүтақы – қыздың анасына берілетін сый.

«Құйымшақ» қыздар мен құдашаларға беріледі.

«Наурыз» сөзінің мағынасы парсы тілінен алғанда, «жаңа күн», «жаңа жыл» дегенді білдіреді.

Енші –  балалары үй-жайлы болғаннан кейін, ата-ананың беретін мал-мүлкі.

Олар: жақсы мінез, жақсы сөз. 

0 пікірлер

Пікір қалдыру

Есім:*
E-Mail:
  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кодты еңгізіңіз: *
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив