41-жылдың балалары

Сәтбаев қаласы әкімдігінің «№3 жалпы орта білім беретін мектебі» КММ

бастауыш сынып мұғалімі Альжанова Сауле Гайнетденовна

Тақырыбы «41-жылдың балалары»

Мақсаты:  1941- 1945 жылғы  Ұлы Отан  соғысында неміс басқыншыларын  талқандауда Қазақстан халқының майданда және тылда көрсеткен   ерен ерлігін паш ету, жас ұрпақты отан сүйгіштікке,  елжандылыққа тәрбиелеу. Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлікпен рухани бас иіп, ардагерге құрмет көрсету.                                                                                        

  Соғыс жылдары тылда еңбек еткен қарттар, аналар, балалар жайлы естелікті ардагерлердің өз аузынан тыңдау.

Көрнекіліктер: слайд, фотоальбомдар, буклеттер.

   Барысы:

Слайд қойылып тұрады.

І. Қырық бірінші жылдың июні,

    Күндердің  қауырт қиыны,

    Тарықты елдің базары,

    Соқты да соғыс құйыны.

ІІ.Орман да көкпен таласқан,

    Өксіді өмір, ақ аспан.

    Қан жоса боп қара жер,

    Қақырап түсті қара аспан.

      І. Айнала шапқын жер мен көк,

    Теңселіп кетті төңірек.

    Жанданды құдай жердегі,

    Жалмауыз жуан зеңбірек.

 ІІ.Ауылға жетті атқан оқ,

    Жаныштап ажал ызғары,

    Қайғыдан жүрек мұздады.

 

І. Армысыздар,  құрметті бүгінгі кешіміздің қонақтары - ардагер ата-әжелер, қымбатты ұстаздар, оқушылар! Бүгінгі Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «41-жылдың балалары» атты кездесу кешімізге қош келіпсіздер!

 

ІІ. Осыдан 74 жыл бұрын бүкіл әлемді дүр сілкіндірген соғыс атты сойқан басталды. Неміс фашистері КСРО-ға басқыншылық шабуылын жасады.

 І. Ұлы Отан соғысының алдында Қазақстанда 6,2 млн. Адам тұратын еді. Соғыс жылдары Республикада 1196164 адам қару асынып майданға аттанды. 700 мың адам еңбек армиясына жіберілді.  Олардың басым көпшілігі ұрыс даласында қаза тауып, хабар-ошарсыз кетті.

ІІ. Соғыста көрсеткен ерліктері үшін 96638 қазақстандық жауынгерлер Кеңес Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталды. 497 қазақстандыққа Кеңес Одағының батыры атағы берілді. Олардың 98-і қазақ. Бұлардың қатарында қазақ қыздары – пулеметші М.Ж.Мәметова, мерген Ә.Молдағұлова болды. Қазақстандық ұшқыштар Т.Бигелдинов, И.Павлов, С. Луганский Кеңес Одағының Батыры атағын екі мәрте алды.

 

І. Қару ұстауға жарайтын ерлер қатардан қалмай майданға аттанғанда, елде қалған қарт аталар мен әжелер, аналар мен балалар қару орнына еңбек құралын алды. Жауынгерлер қан майданда жаумен арпалысып жатқанда, тылдағы халық күндіз-түні тыным тапқан жоқ. Ойын баласы соқаның өгізін мінді. Жер жыртты, масақ терді. Аналар мен қыз-келіншектер киім тігіп, шұлық тоқып майданға жіберді.

 

ІІ. Бүгінгі Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «41-жылдың балалары» атты тәрбие сағатымызда 41-жылдың балалары, яғни қазіргі Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Жеңіс сағатын жақындатуға үлкен көмектерін тигізген, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қиындықтар мен ауыртпалықтарды басынан өткерген ардагер ата-әжелеріміз отыр. (таныстыру).

 

І. Биыл Ұлы Жеңіске 70 жыл. 70 жыл бұрын Жеңіс  туын желбіреткен аталарымыз бен әжелеріміздің қатары сиреп барады. Олардың алдында бәріміз қарыздармыз. Фашизм құлдығынан азат етілген күллі әлем қарыздар. Ендеше Ұлы  Жеңіс мерекесі қарсаңында ардагер ата-әжелерді құттықтай отырып, «Мың тағзым, сіздерге!» дейміз.

ІІ. Жеңістің 70 жылдығына арналған алғашқы құттықтау сөзді мектебіміздің басшысы Адамьянова Шолпан Советқызына береміз.

 

      Сахнада дала қосының макеттері. Егін даласында жұмыс істеп жатқан кәрі адамдар, жас аналар, балалар. Қариялар орақтарын қайрап жатса, балалар егінге су тасып жүр.

      Егін даласындағы жұмыс көрсетіліп жатқанда, сахнаның арғы жағында жүргізуші өлең оқып тұрады.

 

І. Ашу мен кек оятты ел намысын,

Отан үшін жан пида болды үлкен сын.

Ер азамат жауменен арпалыста,

Әйелдер терін төкті майдан үшін.

 

ІІ. Аналар қоштасқанда асылымен,

Арулар қош айтысты ғашығымен.

Балалықтың базарын ерте жауып,

Талай жұмыс істеді бала-өркен.

 

І. Үдетіп соғыс оты қайғы-мұңды,

Төрт жыл өтті, соғыс әлі бітпей қойды.

Кемпір-шал, әйел-бала ауылдағы

Сеніммен күтуші еді Жеңіс тойды.

 

Егін даласындағы әйелдердің бірі: Мына сұрапыл пәле, соғыста бітпейді-ау... Азаматтарымыздың хабары да жоқ, ошары да жоқ.

  1-әйел: Қайта соған қуансайшы. Өткен жолы білесің бе, анау көрші кемпірдің баласынан хабар келеді деп жүргенде, қара қағаз келгенін. Қазір хабар жоғына қуану керек. Әйтеуір, тірі дағы. (Осы кезде сахнаға бригадир келеді).

 -Ә, Әбеке, амансыңдар ма? Балалар да шаршаған болар? Мен сендерге демалыс бере келдім. Дамылдап алыңдар кішкене. Демалындар.

 

(Арнайы дайындаған орынға отырған, бір-екі қарт майдан жаңалығы  туралы әңгіме-дүкен құрады. Қастарында екі-үш бала тыңдап отыр).

     1-қарт: Әбеке-ау! Біздің армия жайлы, майдан жайлы қандай хабарың бар, айта отыр. Бізге қарағанда сауаттысың ғой.

   

2-қарт: Ой, құдайға шүкір, біздікілер герман жеріне басыбайлы кіріп фашист жауызыңды ойсырата жеңіп жатқанға ұқсайды.

1-қарт: Әп, бәрекелді. Арам қатқырларға, иттерге де керегі сол.

   Ей балам, су әперіп жіберші. Тамағы құрғыр кепті-ау.

    

Отырған балалардың бірі су әперіп сұрақ қояды.

  • Ата, осы фашист деген ит қандай екен?

 

1-қарт: Әбеке, мына баланың сауалына жауапты өзің берерсің.

2-қарт: Балам-ау, «фашист» деген кәззап қой. Басына кішкене қазанды төңкере киген, үстіне бүкіл жер бетіндегі темір-терсек атаулыны,мата біткенді жамыла салған. Қолына қайқиған шолақ мылтық ұстаған сайтанның сапалағы секілді. Өздері адам да емес, жануар да емес аяғы қисық бірдеңе. Әркімнің жерін жаулап аламыз деп еді, енді ауыздарына құм құйылыпты ғой.

    Осы кезде бір бала жүгіріп келеді.

  -Пошташы Наурызбай атам келе жатыр.

Дауыстар: Мына пошташы Наурызбай ақсақалдың жүрісі өзгеріп кетті.

  • Ей, мына кісіге не болған?
  • Бұл кісіге не болған, бұлай қатты жүрмеуші еді ғой.

Наурызбай: Сүйінші! Халқым, жұртым, сүйінші! Неміс фашистері кеше тізе бүгіп, жеңілгендерін майындапты. Жеңіс! Жеңіс! Біз жендік!

  Әйел: О, жасаған! Аузыңа май, шыныменен қарғыс атқан соғыстың біткені ме?

 Дауыстар: Ақсарбас! Ақсарбас! Шынымен тәңірім, көз жасымызды көргені ме?

 

Жұрт біткен пошташыны қаумалап, сүйіп, сүйінші сұрап жатады.

  Іле-шала көңілді сазбен бірге бастаушының сөзі оқылуы керек.

 

  1. Күткен жеңіс жарқ етті сәуле шашып,

Жеңіс келді, қуандық көңіл тасып.

Жауды жойды батырлар елге оралды,

Ата-анамен қауышты құшақ ашып.

 

ІІ. Мамыр келді ағаштар бүрін жарып,

Бейбіт өмір оралды күні жарық.

«Шүкір» деп әжелер жүр ақ жаулықтың

Ұшымен көздің жасын сығып алып.

 

І. Аспанда күн жарқырап күліп тұрды,

Бейбіт өмір шаттығы тұнып тұрды.

Соғыстан соңғы сәби күлкісімен

Қара күндер қайғысын ұмыттырды.                                                      

Ән. «Соғыстан қайтқан солдаттар»

Ән айтылып жатқанда қолдарында гүлдері бар балалар, ақ жаулықты аналар жауды жеңген солдаттармен қауышып өтіп жатады. Өлеңнің аяқталар тұсында көкесін таба алмаған қыз бала ортаға шығып, майданнан оралмаған әкесімен қиялдап сөйлесіп монолог айтады.

-Әке! Әке!

Тілдесші менімен, әкешім!

Әлде хат жазуға уақытың жоқ па?Хат неге жазбайсың, әке?Тым болмаса аманмын,жапондармен мына жерде шайқасып жатырмын деп бір хабарласшы,әке? Сағындым сені, әке!

   Сендер соғысқа кеткелі ауыл тіпті өзгеріп кетті ғой. Бұрын ерлер тындыратын жұмысты қазір біздер де істеп жүрміз.

   «бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деп ұрандаған бір адам. «Жеңіс!» деген сөз бізге үлкен күш берді. Сенің Шығыстағы Жапонияда шайқасып жүргенің алаңдатады. Бір жағынан қорқамыз да, апамның да сені талмай күтіп жүргенін ішіміз сезеді. Мүмкін ерлігіңіз үшін медаль алып та қойған шығарсыз, әке? Құттықтауыма болатын шығар, бәлкім?

      Сіздермен бірге кеткен ағалардан қара қағаздар келуде.

     Оңалбай ағам дәл 9-мамыр күні Берлинді азат ету шайқасында мерт болыпты. Әйелі жынданып кете жаздады. Менімен оқитын Әсемгүл деген қызы үн-түнсіз жылаумен отырады. Бізбен көрші тұратын Орынгүл әжені білесің ғой, әке? Соның төрт бірдей баласынан қара қағаз келді. Байғұстың көзі жастан бір құрғамайды. Біздер барып жұбатқан боламыз. Осы жауластық кімге керек болды екен, әке?

Бала болсам да соғыс мені есейтіп жіберген сияқты. Фашистер неге сонша соғысқа құмар болды екен? Сендер Отан үшін, біздер үшін, арттағы ұрпақ үшін майданның нақ ортасында жүрсіңдер ғой. Ал, олар, сұмырай фашистер не үшін совет азаматын, әкесін баласынан, жарын күйеуінен айырады, әке? Аянып қалма, әке!.. Мен үшін, болашақ ұрпақтың бақыты үшін кездескен жаудың көзін жоя бер. Үйге жеңіспен қайт, әке! Мен сені қатты сағындым! Тезірек аман-сау оралшы, әке!

 (М.Мақатаевтің «Аманат» өлеңі)

Міне, өздеріңіз көргендей соғыс жылдары балалардың басынан көптеген қиыншылықтар өтті. Майдандағы әке, ағаларының аман-сау оралғанын тіледі. Майдан үшін, жеңіс үшін өз көмектерін көрсетті.

  Ардагерлерге сұрақ қойылады.

  «Армандар-ай, армандар» өлеңі. Ж.Ахметов.

 Ардагерлерге сұрақ қойылады.

 

 І. 70жыл бейбіт көктем таң атқалы,

 70 жыл шуақты күн таратты әнін.

 70 рет көктемде содан бері,

 Ашылды жеңіс күннің парақтары.

 ІІ. Жеңіс деген жақсылықтың сыңары,

Жігер менен құштарлықтың құралы.

Күрескердің арманы мен ұраны,

 Қуаныш пен мерекенің ұраны.

І. Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңісіміз достықты шыңдаған, бірлікті жырлаған, ер намысы болып аталған, ел дауысы болып шақырған жеңіс. Халқы үшін құрбан болған қаһармандарымыздың асқақ рухы есімізде мәңгі сақталады. 

ІІ. Арын жалау етіп, жанын алау етіп, жауға аттанған ел ұландары Отанымыздың байтақ жерін қорғады, айдын көлін қорғады.

І. Солардың қасиетті рухы бүгінгі бейбіт тіршілігіміздің  нұрындай мәңгі, шуағын шашпақ .

Осымен бүгінгі Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған кездесу кешіміз өз мәресіне жетті. Жеңісті күндерде кездескенше хош сау болыңыздар! (от шашу, құттықтаулар)

 

0 пікірлер

Пікір қалдыру

Есім:*
E-Mail:
  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кодты еңгізіңіз: *
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив