22 наурыз мейрамы — құттықтау тілектер
22 наурыз мерекесі құтты болсын!
Ата, асқар таудай ақылшым, бұл күні берген ақ батаң қабыл болсын! Немере-шөберелеріңнің қызығын көріп, көпті көрген тағылымыңмен бала-шағаның бағдаршамы болып жүре бер! Төрт түлігің ақты болсын! Өрісің малға, үйің жанға толсын!
***
Әже, тәлім-тәрбиенің көмбесі, өнегең мен тәлімің түгесілмесін! Наурыз мерекесі саған дүниенің бар жақсылығын әкелсін!
***
Әке, Ұлыстың ұлы күні 22 наурыз саған көктем күнінің күшін әкелсін! Шаңырақтың сүйеуі, отбасының тірегі болған сүйікті әкем, саялы бәйтеректей алақаныңнан жылу кетпесін!
***
Ана, 22 наурызда шаңырағымызға береке, ырыс кірсін! Әз Наурыз әлемді тербеткен ақ жүрегіңе қуаныш пен шаттық сыйласын! Бала-шағаңның қызығын көруге жазсын!
***
Бауырым, тай құлындай тебісіп бірге өскен ардақты жан, 22 наурыз күні арманың орындалып, көктем саған бар жақсылығын әкелсін! Отбасының еркесі, жанарымыздың нұры, ата-ананың ақ үмітін ақтап, өмірден өз орныңды тапқайсың!
***
Досым, ыстық-суықты бірге көрген жанымның бөлшегі, саған көктем күнінің шуағын тілеймін! Келесі 22 наурызда да бір-бірімізге ыстық тілектер айтып отыруға жазсын!
***
Әріптесім, 22 наурыз құтты болсын! Жеке өміріңе бақыт, жұмысыңа шығармашылық шарықтау тілеймін!
***
Көк Тәңірі нұрыңды аяма,
Жер тәңірі ырысыңды аяма!
Әділ жанды тағынан тайдырма,
Әз халықты бағынан айырма.
Басыма бас қос,
Жасыма жас қос,
Асыма ас қос!
***
Аяулы халқым, қыстан аман-есен шығып, наурыз мерекесін үлкен қуанышпен тойлап жатқан жалпақ жұрт, 22 наурыз мерекесі баршаңа жаңа бақытты өмір әкелсін!
***
Ақ таңыңыз күлімдеп ата берсін,
Қариялар кемсеңдеп бата берсін.
Наурыз мерекесі күлімдеп кеп,
Ұлыстың ұлы күні бақ әкелсін!
Жылыстап жеткен Жаңа Жылымыз — төл мерекеміз 22 наурыз арда халықтың басына бақ құсын қондырсын!
Молшылық, бақыт, береке, бірлік, бейбіт өмір тілейміз!