Қош келдің, әз — Наурыз! — қазақша сценарий

Қош келдің, әз - Наурыз! - қазақша сценарий

Қош келдің, әз — Наурыз!

Мақсаты:

  1. Ата-бабамыздың ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан ұлттық мерекесі — Наурыз туралы түсінік беру. Ұлыстың ұлы күні айтылатын тілектер, бата, наурыз көженің маңызы туралы айту.
  2. Оқушылардың санасына халқына деген мақтаныш сезімін ұялату, ана тілін, оның тарихын, өнерін, мәдениетін қастерлей отырып, дамыта отырып ұжымшылдыққа тәрбиелеу.
  3. Оқушыларға қазақ халқының ұлттық ойындарын, ұлттық тағамдарын, нақыл сөздерін қастерлей отырып оқушыларға ұғындыру.

Көрнекілігі: слайдтар, суреттер, шарлар, гүлдер, көбелектер, нақыл сөздер.

Ұйымдастыру кезеңі

Психологиялық кезең

Кіріспе сөз

Қазақ халқы үшін үлкен мейрам – Наурыз жаңа жыл болып саналған. Наурыздың 22-сінде күн мен түн теңеледі, қыс өтіп, көктем келеді. Міне, біз де халқымыздың салты бойынша Наурыз мерекесін ата-аналармен бірлесе өткізіп отырмыз. Мұндағы мақсат, балалардың Наурыз мерекесін ұғынуы, сезінуі және ата-аналар өз балаларының өнерін тамашалау. Міне, сыныбымыздың «Қош келдің, әз-Наурыз!» атты тәрбие сағатын тамашалаңыздар.

Бәрі бірге:

Келіңдер, Наурыз күнін қарсы алайық,
Билейік, жыр жырлайық, ән салайық.
Қаһарлы қыстан өтіп, Наурыз келді,
Арқаңды кеңге созшы, уа, халайық!

Ата–ана:

Қызыр баба баршамызға ақ тілек, оң батасын берсін!

Қызыр баба:

Армысыңдар, жамағат.
Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын,
Қайда барсақ жол болсын!
Ұлыс бақты болсын!
Төрт түлік ақты болсын,
Ұлыс береке берсін,
Бәле-жала жерге енсін!
Ұлы халқым тоқ болсын!
Көйлектерің көк болсын!
Қайғы уайым жоқ болсын!
Қуаныштарың көп болсын! Әумин!

Қызыр баба, сіз төрге шығып отырыңыз. Ұлыстың ұлы күні «Наурыз» әнін айтайық.

Хор: «Наурыз – біздің әніміз»

Қызыр баба:

Ой, рахмет, айналайындар! Өркендерің өсіп, талаптарыңа нұр жаусын!

1-Оқушы:

Ал, халайық, тұрмайық,
Әндетейік жырлайық!
Ортамызды ашайық,
Ырыс тілеп бұл жылға,
Жырдан шашу шашайық!

2-Оқушы:

Қыс өтіп қар кетті,
Жырлайық жаз жетті.
Мейрамы ежелден
Құтты болсын Наурыз!

3-Оқушы:

Әнім де саған, биім де,
Құт қонақ өзің үйімде.
Қуаныш сыйлар еліме,
Күлімде, Наурыз, күлімде.

4-Оқушы:

Күн менен түн теңелді,
Жер шуаққа кенелді,
Қуанышта ел енді.
Наурыз келді салтымыз:
Көгерсін деп халқымыз
Көшеге тал егеді.
Наурыз тойы — береке,
Наурыз тойы – жыр – аңыз

5-Оқушы:

Ақпан кетті араз боп наурызбенен,
Наурыз жүр жоғалаған бағын іздеп.
Көктем жетті көрісіп, жанын үзген
Қыс аттанды қоштасып тағы бізбен.

«Қара жорға» биін орындау

«Наурыз көже» қалай жасалады?

(сұрақ – жауап арқылы нақтылау)

Ата-аналарға сөз беру, наурыз көже туралы айтып береді.

Слайд: «Наурыз қалай тойланады?» суреттерді тамашалау.

«Наурыз бата» туралы түсінік беру.

Жастар бұл күні үлкендерден бата алуға тырысады. Көпшілікке үлкеніміз ақ батасын берсін.

Тағы да баршаңызды наурыз-ұлыстың ұлы күні мерекесімен құттықтаймыз. Барлықтарыңызға бақыт тілейміз.

Осы, міне мереке басталғаны,
Наурызым, көңілдердің тасқан шағы.
Сәнді болсын қазақтың жарастығы,
Дәмді болсын жайылған дастарқаны.
Ал, құрметті қонақтар, дастарқаннан дәм татайық.
Міне, біздің елден алар бағамыз,
Көңіл кілтін адалдықтан табамыз.
Әр наурызда жолықтырсын аман-сау! — деп тәрбие сағатымызды аяқтаймыз.

Добавить комментарий