Ауғанның отты жылдары
Мақсаты: Өз Отанына шексіз берілген, патриоттық рухы жоғары, қайсар жауынгер ағалар ерлігін үлгі ету, Ауған соғысында опат болған боздақтар рухына тағзым етуге, есімдерін қастерлеуге, соғыс ардагерлерін құрметтеу, жас ұрпақтың патриоттық сезімдерін оятып, елжандылыққа, отансүйгіштікке, ізгілікке баули отырып тәрбие беру.
Әдісі: Кездесу, сұхбат
Көрнекілігі: Бейнетаспа, қанатты сөздер, безендірулер, слайдтар
Барысы:
- Тарих беттеріне үңілсек
- Уақыт-керуен
- Болашақ
Мұғалім сөзі: Құрметті ұстаздар, оқушылар және кешіміздің қонақтары! Ауған соғысы — жүректе жазылмайтын, тарихта орын алатын ерекше беттер. Отан үшін жанын қиған ержүрек батырларымызды мәңгі есте сақтап құрметтеу, кейінгі ұрпаққа ерліктерін дәріптеу, насихаттау үлгісі ретінде Отан алдындағы борышын абыроймен атқарған, ауған соғысына қатысқан ержүрек ағаларымыздың құрметіне арналған «Ауғанның отты жылдары» атты тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер!
1-жүргізуші: КСРО басшысы Л. И. Брежнев КОКП ОК Саяси бюросының мүшілері Ю. Андропов, А. Громыко, М. Суслов және Д. Устиновтің келісімімен 1979 жылы 25-желтоқсанда Ауғанстанға әскер кіргізу жөнінде шешім қабылдайды. Бұл шешімнің салдары 9 жыл, 1 ай, 25 күнге созылған соғысқа әкеп соқтырды.
2-жүргізуші: Бейбіт өмірге Отан алдындағы борышын өтеп жүрген өрімдей жас жігіттер Ауған соғысына аттанды. Мұнда қаншама жас қыршыннан қиылып, қаншама жас мүгедек болып оралды. Он жылға тарта созылған ауған соғысына 23 мың қазақстандық қатысқан, соның ішінде 749 қайтыс болды, 26 із-түссіз жоқ, 1000 астамы мүгедектер, 1000 соғыстан кейін қайтыс болғандар.
I. Тарих беттеріне үңілсек
(Интерактивті тақтада бейне көрініс көрсетіліп тұрады)
1-жүргізуші: «Паншер королі» мен «Паншер арыстаны» арасындағы 1982 жылғы келісім.
1-оқушы: Бұл оқиға талай-талай шығармаға арқау болған Гиндукуштың Паншер шатқалындағы «Мұсылман батальонының» командирі Борис Керімбаев пен ауған көсемі Ахмад шах Масудтың арасында болған ұрыс қимылдары туралы оқиға. Кеңес одағы әскерінің Ауғанстандағы соғыс қимылдары барысында Паншер шатқалына бақылау жасау басты стратегиялық міндетке айналды. Көтерілісшілерге келетін қару-жарақтың 70%-ы осы шатқал арқылы тасылса, моджахедтердің оқу-жаттығу лагерлерінің басым бөлігі де осында орналасқан. Шатқалда ауған әскеріне қолбасшы Ахмад шах Масуд басшылық жасайды.1982 жылы мамыр айында кеңес әскері шабуылға шығып зор шығынмен, шатқалды басып алды. Біраз әскерімен Ахмад шах Масуд Пәкістан аумағына өтіп кетті. Шатқалды алуын алғанымен кеңес әскері үшін оны ұстап тұру қиынның қиынына айналды. Қыстақтарға сіңіп кеткен моджахедтер дүркін-дүркін партизандық шабуылдар жасап кеңес әскерін зор шығынға ұшыратты. Оның үстіне Пәкістанға өткен Ахмад шах жалпы жұрттың алдында құран ұстап, бір айдан кейін Паншер шатқалын басқыншылардан тазартуға ант беріпті. Енді не істеу керек?
2-оқушы: Кеңес әскерінің басшылығы моджахедтерге арнайы дайындықтан өткен «мұсылман батальонын» қарсы қоюға шешім қабылдады. Ол — ауған соғысы тарихында ерліктің өшпес үлгісін жасаған «Қапшағай батальоны» еді. Батальон 1981 жылы қаңтар айында құрылып, Алматы маңындағы Қапшағай қаласына орналастырылған болатын, командирі кәсіби барлаушы, майор Борис Керімбаев. 1981 жылы 29-қазанда «Қапшағай батальоны» Ауғаныстан жеріне кірді. Сол күні — ең алғашқы шайқасқа түсіп, оқ пен отты көрді. Тоқтаусыз жүргізілген ұрыс қимылдары 32-сағатқа созылды. «Қапшағай батальоны» жаумен 8 ай бойы жеңісті шайқастар жүргізді. Ақыры ешкімге иелік беріп көрмеген «Паншер арыстаны» келісімге келуге мәжбүр болды.
3-оқушы: Ахмад шах Масуд алғаш рет кеңес әскері басшыларымен келісім жасасты. Келісім бойынша Ахмад шах Масуд 1984 жылдың 21 сәуіріне дейін Паншердегі кеңес әскеріне қарсы соғыс қимылдарын жүргізбеуге, өзі бақылайтын аймақта бейбітшілкті сақтауға уәде етті. Кеңес өкіметінің өкілдері Ахмад шах бақылайтын аймақтағы жергілікті биліктің ісіне қол сұқбауға тиіс болды. Ахмад шах Масуд уәдесінде тұрды. Сөйтіп, ауған соғысында 2 жылға жуық уақыт бойы бейбітшілік орнады. Бұл кезеңде қаншама қыршын жастың өмірі сақталып қалды десеңізші!
2-жүргізуші: 1989 жылы 15 ақпанда талай ата-аналарымыздың боздақтары қаза тапқан қасіретті де қайғылы Ауған соғысы аяқталды. Ауған жерінен Кеңес Одағы әскерінің шығарылғанына биыл 35 жыл. Осындай ауыр өмір мен өлім белдескен қанды шайқасқа қатысып, батырлық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қаһарман ағаларымыз — бүгінгі күні біздің ортамызда.
II. Уақыт-керуен
1-жүргізуші: Бүгінгі кешке қатысушы қонақтарымыз:
Әбдіқазғанов Әзімхан Халиуллаұлы, Кәрімбаев Алмас, Баймураев Ержан Хайбурахманұлы ағаларымызды ортаға шақырамыз.
2-жүргізуші:
Заманым бейбітшілік өрлесінші
Сұм соғыс бейбіт күнді бөлмесінші
Қан кешіп өтіпкелген ағалардың
Көргенін кейінгі ұрпақ көрмесінші.
Әрине, қырғын соғыс ортасынан елге аман-есен жеткеннің қуанышы бір бөлек. Сол Ауған соғысы кезіндегі отты жылдар оқиғасынан әңгімелеп берсеңіздер.
Сұрақ-жауап бөлімі: Оқушылар өздерінің көкейлеріндегі сұрақтарын қойып сұхбаттасады.
III. Болашақ
2-жүргізуші:
Азаматтық — ел жүгін атқару ол,
Асулардан аттайтын қатпары мол.
Ауғанның ащы дәмін татқан ағаларым,
Алаштың арқа сүйер мақтаны бол!
Майдангер ағаларына арнап өздерінің сәлемін жолдау үшін сахнаға бір топ ұландарымызды шақырамыз.
4-оқушы:
Сендер бірақ Отан үшін оққа тостың кеудеңді
Ерлігіңді, өрлігіңді ел көрді
Бірге аттанған бауырларың жер жастанды, жерленді
Жебейді олар аруағымен седерді.
5-оқушы:
Аналардың көп боп ақты көз жасы
Жетімдермен жесірлерді ойлашы
Сол күндерді көрмесін бұл халқымыз
Елі үшін құрбандық тек ер басы.
6-оқушы:
Бүгін біздер солдатымыз егеменді қазақтың
Туды міне жас ұрпаққа ғажап күн.
Біздер көрген азаппенен тозақтың
Енді құдай бетін әрі қаратсын
Енді атса, тек бейбітшілік таңы атсын.
7-оқушы:
Еске алайық құрметтейік құрбандардың рухын,
Қабірлері нұрға толсын, суық көрде жылысын.
Есіл ерлер ескерткішке айналсаң да біз үшін
Мәңгі бақи тірісіңдер, тірісің.
Бәрі бірге: Бізге соғыстың керегі жоқ. Біз бейбітшілікті сүйеміз.
Мұғалім:
Менде адаммын жаралған сүйек еттен.
Жырым бар жүрегiмде жан тербеткен.
Қазақтың қарапайым бiр ұлымын.
Жанымды арым үшiн құрбан еткен. — деп жырлаған Бауыржан Момышұлы атамыз.
Ауған соғысында қатерге бел буып, батырлық пен қайсарлықтың үлгісін көрсетіп, қаһармандық танытқан, өздерінің Отан алдындағы парызына адал болған ағаларымызды мәңгі есте сақтау, бүгінде еліміздің өркендеуіне атсалысып жүрген ауғандық ардагер жауынгерлерімізді қадірлеп-құрметтеу біздің борышымыз.
1-жүргізуші:
Үлгі бізге — ағалардың ерлігі,
Ұлағатты өнегесі, еңбегі.
Тәуелсіздік туын ұстап жоғары,
Бүгінгі ұрпақ болар елдің ертеңі.
2-жүргізуші: Құрметті қонақтар! Бейбіт өмірдің баға жетпес бақытты күндері амандықпен жүздесейік.
Ән: «Елім менің»