Әжелер – отбасының берекесі — 8 Наурыз бен 22 Наурыз сайысы сценарий

Әжелер – отбасының берекесі - 8 Наурыз бен 22 Наурыз сайысы сценарий

Әжелер – отбасының берекесі — 8 Наурыз бен 22 Наурыз сайысы сценарий

Мақсаты:

  • Балаларды халқымыздың ізгі қасиеттері имандылық, инабаттылық, іскерлік негізінде тәрбиелеп, әже өнегесінен үлгі алуға, тәрбиелік мәні бар салт-дәстүрлерді бойына сіңіруге баулу;
  • Баланы кішіпейілдікке тәрбиелеу;
  • Қарт адамдарды құрметтей білуге үйрету.

Түзету жұмысы: Ой-өрісін дамыту, өз ойларын еркін жеткізуге, жан-жақты ойлау қабілеттерін дамыту

 Сабақтың түрі: Сайыс

 Әдісі: Өнер көрсету, сұрақ-жауап

Көрнекілігі: Интербелсенді тақта, слайд

Сабақтың барысы:

Ұйымдастыру кезеңі: Оқушылармен сәлемдесу

Тәрбиешінің кіріспе сөзі

Тәрбиеші: Қадірменді қонақтар, ата-аналар, ұстаздар! «Әжелер – отбасының берекесі» атты сайысымызға қош келдіңіздер! Жас ұрпақты тәрбиелеудің маңыздылығын қазақ халқы ерте бастан түсінген. Бала – өмір жалғасы, халықтың мұрагері. Қазіргі заман қыз бала тәрбиесіне ерекше мән беруді қажет етеді. «Қыз бала тәрбиелеу» деген сөз – «ұлтты тәрбиелеу» деген сөз.

Отбасы – қоғамның бір бөлшегі. Әр қыз бала болашақ келін, отбасының ұйытқысы – әйел, ана. Бесігінде жақсы тәрбие алған қыз бала кейіннен де сол әдетті сақтайды. Әдептілік, инабаттылық, сыйласу, қонақ күту жағынан халқымыз алдына жан салмаған. Қыздың, болашақ келіннің қолынан іс келуі – міндетті жағдай. Мұны қазақ қызының өмірінің жақсы, бақытты болуының кепілі деп білген.

Жас ұрпақты ата-баба дәстүрімен тәрбиелеп, әже тәрбиесін үлгі етіп, ұлттық тәрбие беру біздің міндетіміз. Олай болса балалар, құрметті қонақтар, алтын ұя мектебімізге қош келдіңіздер! Ардақты да, асыл әжелеріміздің өнерін үлгі етуге арналған «Әжелер – отбасының берекесі» атты сайысымызды бастауға рұқсат етіңіздер.

Әжелер – отбасының берекесі сайысы

Сайыстың шарттары:

  1. Әділ қазылар алқасын таныстыру
  2. Әже мен немерені таныстыру
  3. Өз өнерлерін көрсету (би, ән айту, өлең оқу)
  4. «Сыр сандық» сұрақ-жауап сайысы.
  5. Салт-дәстүр көріністері (қырқынан шығару, бесікке салу, тұсау кесу, шашу)
  6. Қазақтың ұлттық тағамдары (ет асу, ірімшік, жент, бауырсақ, құрт)
  7. Сайысты қорытындылау.

 

  1. Әділ қазылар алқасын таныстыру

Тәрбиеші: Сайысты бастамас бұрын, әділ қазылар алқасымен таныстырамыз:

  • Мектеп-интернат директоры К. Х. Шакетова
  • Директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қ. Қиянбекова
  • Әдістемелік бірлестік жетекшісі Б. Қарабөпеева.

Тәрбиеші: Қадірменді қонақтар, ата-аналар, ұстаздар! Әжелеріміздің қадамы құт, мәртебесі биік болсын деген ниетпен, әжелерімізді немерелерімен ортаға ду қол шапалақпен шақырамыз:

  1. Айдана қызымыздың әжесі, немере қамын ойлай жүретін балажан әжесі Аққыз әжесін қарсы алыңыздар.
  2. Лаура қызымыздың нұр әжесі, гүл әжесі Шырынкүл әжесімен қарсы алыңыздар.
  3. Өзі сондай әдемі, күндей күліп жүретін Эленора қызымызды Алтынай әжесімен қарсы алыңыздар.
  4. Бізге әркез тілекші болып жүретін, қуанышымызға ортақ бола білетін, Ботагөз қызымызды Алтын анасымен қарсы алыңыздар.

Тәрбиеші: Сайысқа қатысушы әжелер немерелеріңізбен орындарыңызға жайғаса беріңіздер.

Ән: «Әжетайым»

Тәрбиеші:

Өнер қуып әжелер өтер дейміз,
Бір басына өнері жетер дейміз.
Сайысқа келген әжелер кезектесіп,
Таныстырып өздерін өтсе дейміз.

  1. Әже мен немерені таныстыру

Тәрбиеші: Айдана қызымызды Аққыз әжесімен қарсы алыңыздар.

Әжесі:

Сәлем берем, сәлем беру салтымыз,
Сәлемменен сөз бастаған халқымыз.
Аман-есен жүрмісіздер жалпыңыз.
Армысыздар, жиылған жұрт халқымыз.
Сұрасаңыз есімім Аққыз, руым аққорған.

Айдана:

Армысыздар, аяулы апаларым,
Ұстаздарым, аналарым, аталарым.
Ортаға шыққан қызың Айданаға,
Сіздердің қабыл болсын баталарын.
Қазақтың қызымын мен елін сүйген.
Бойына әдемілік нәрін түйген.
Шыққан тегім Қаюмов Рыскелді Кәрімұлы!
Батыр бабам рухына бас иемін,
Басқарып жанұяны тәлім берген.
Ал анам жан біткеннің сабырлысы,
Байыпеннен орындалар әрбір ісі.
Ақылы көркіне сай келеді,
Сүйсінгендей әрдайым көрген кісі.

Тәрбиеші: Келесі қатысушымыз Лаура қызымызды Шырынкүл әжесімен қарсы алыңыздар.

Әжесі:

«Сөз анасы – сәлем» дер дана халқым,
Өмір бойы сыйлап өскен ата салтын.
Сәлем бердім баршаңа,
Деніңіз сау, жүзіңіз болсын жарқын!
Көп айтып өз жайымды не қылайын,
Өнеріммен одан да таң қалдырайын!
Кішіге үлгі, үлкенге өнеге болып,
Сахнаның төрінде сән құрайын!

Лаура:

Қыз өсіру ата-ана ізгі арманы,
Алдарыңа үмітпен келіп тұрған,
Қазағымның тарихын зерделеген,
Лаура атты қазақтың қызғалдағы.
Жүріп келем өзін салған ізбенен,
Жақын болар әкесіне қыз деген.
….жүздің ….. руынан,
Асқар таудай әкем бар Ғабит деген.
Анашым бар Ахметова Гүлжамал!
Жүзінен төгілетін күннің нұры.
Атыңа кір келтірмей өтсем сенің,
Мойнымнан түсер ме екен перзент жүгі!
Бас жүлдеге мен де таласайын,
Өзімнің күшімді мен аямайын.
Бәріңізге сәттілік қарсыластар,
Осыменен сөзімді аяқтайын!

Тәрбиеші: Келесі қатысушымыз Эленора қызымызды Алтынай әжесімен қарсы алыңыздар.

Әжесі:

Иіліп сәлем берейін,
Бағымды сынап көрейін.
Жиылған жұртқа өзімді,
Таныстырып өтейін.
Әлім атты руданмын.
Өнер жолын қуғанмын.
Гүлжахан мен Жарылқап деген,
Ата-анадан туғанмын.
Сүрінбей сыннан өтейін.
Мақсатыма жетейін.

Эленора:

Армысыздар, аяулы асыл халқым!
Бас иіп сәлемдесу ата-салтым.
Мен Эленора Алдашова Саянқызы,
Тізейінші жыр маржанын сөзден алтын.
Таныстырсам ұлтым қазақ, руым….
Анашым Заринаға табынамын.
Арманым бар биік шыңға шықсам деген,
Құс болып көк әлемге ұшсам деген.
Бүгінгі сайыста жеңіп шығып,
Қанатымды кең сермеп, ұшсам деген.
Алтынайдай әжем бер шежірелі,
Әр қатемді ол менің кешіреді.
Ибалылық қасиетті үйретеді,
Қызы бол деп қазақтың тәрбиелі.

Тәрбиеші: Келесі қатысушымыз Ботагөз қызымызды Алтын анасымен қарсы алыңыздар.

Анасы:

Армысыздар, әділқазы алқалары,
Бұл сайыста сыналмақ менің өнер-бағым.
Таныстырып өтейін мен өзімді.
Тегім Алтын Алпамысқызы.
Ұлтым қазақ, руым кете.

Ботагөз:

Армысыздар ардақты менің ұстаздарым!
Армысыздар, әділ қазы алқаларым!
Алдарында шәкіртің мен қыздарың.
Бұл сайыста сыналар менің өнер-бағым.
Таныстырып өтейін мен өзімді
Тегім Абдраманова Ботагөз Орынбайқызы.
Бесінші сыныбының мен оқушысы.
Ақынның тұяғымын сартылдаған.
Асылдың сынығымын жалтылдаған.
Сайыста өнерімді көрсетемін.
Бұлақтай мөлдір суы тартылмаған.
Анам Алтынай, әкем Орынбай.
Тілеймін мен жақсылық,
Береке, бірлік, сәттілік.

  1. Келесі сайысымыз «Өз өнерлерін көрсету» (би, ән айту, өлең оқу)

  • Айдана би билейді, әжесі өлең айтады.
  • Лаура да, әжесі де өлең айтады.
  • Эленора да, әжесі де өлең айтады.
  • Ботогөз өлең айтады, анасы өлеңді мәнерлеп оқиды.
  1. Келесі сайысымыз «Сыр сандық» сұрақ-жауап сайысы

Сайысымыздың шарты бойынша қоржындағы нөмірленген асықтардың сұрақтарына жауап берулеріңіз керек.

  • Айдана қызымыз Аққыз әжесімен бірге сұрақтарға жауап берсеңіздер.
  • Лаура қызымыз Шырынкүл әжесімен бірге сұрақтарға жауап берсеңіздер.
  • Эленора қызымыз Алтынай әжесімен бірге сұрақтарға жауап берсеңіздер.
  • Ботагөз қызымыз Алтын анасымен бірге сұрақтарға жауап берсеңіздер.

Сұрақтар жауаптарымен бірге:

  1. «Ит көйлек» және «қырқынан шығару» ғұрып-салтының мағынасын түсіндіру.

Жауабы:

Ит көйлек – жас нәрестені қырқынан шығарғанда оның көйлегіне тәтті түйіп, иттің мойнына байлап жібереді. Итті балалар қуып жетіп, ит көйлекті шешіп алып, тәттілерін бөліп жейді. Көйлекті баласы жоқ келіншектер ырып етіп қалап алады.

Қырқынан шығару – әдетте балының туылғанына қырық күн толған соң, баланы ыдысқа 41 қасық су құйып шомылдырады.

  1. «Жасау» және «Енші» салттарының мағынасын түсіндіру.

Жауабы:

Жасау – ұзатылатын қызға берілетін ата-анасының дүние мүлкі.

Енші – балалары ер жетіп, жеке үй болғанда ата-анасы оған отау тігіп, дүние, мүлік мал береді. Бұны енші деп атайды.

  1. «Жеті атаны» ретімен, таратып айт
  • Ата
  • Әке
  • Бала
  • Немере
  • Шөбере
  • Шөпшек
  • Немене
  1. «Жет қазынаға» нелер жатады
  • Ер жігіт
  • Сұлу әйел
  • Ақыл, білім
  • Жүйрік ат
  • Берен мылтық
  • Жүйрік тазы
  • Қыран бүркіт
  1. Ұлыс күні жасалатын тағам. (Наурыз көже)
  2. Қазақ халқының ұлттық тағамдары. (Қазы-қарта, жалы-жая)
  3. Балаға байланысты қазақ халқының салт-дәстүрлері (шілдехана бесік той, сүндет той, тілашар той)
  4. Шілдехана (дәстүр) – жаңа туған нәрестенің құрметіне жасалатын ойын-сауық той.
  5. Базарлық (дәстүр) – алыс сапарға шыққан адамдар әкелетін сыйлық.
  6. Байғазы (дәстүр) – балалардың, жастардың жаңа киім үшін, заты үшін берілетін сый.
  7. Тілашар (дәстүр) – баласы 7 жасқа толған соң балаға жаңа киім, оқу жабдықтарын дайындап, шағын той өткізеді.

Ән: «Қазағымның дәстүрлері-ай»

  1. Салт-дәстүр көріністері (қырқынан шығару, бесікке салу, тұсау кесу, шашу)

Тәрбиеші: Келесі сайысымыз қазақтың салт-дәстүрінен көрініс көрсету. Әрбір отбасы қазақтың салт-дәстүрінен бір-бір көрініс көрсетеді (қырқынан шығару, бесікке салу, тұсау кесу, шашу)

Тәрбиеші: Бірінші ортаға Лаура қызымыздың әжесі Шырынкүл әжені шақырамыз. Сіз қандай салт-дәстүрді көрсетесіз?

  1.  «Қырқынан шығару»

Туғанына қырық күн толғанда баланы қырқынан шығарады. Қырқынан шығаруға жиналған әйелдер баланы теңге, сақина салған суға шомылдырады. Әйелдердің үлкені «Отыз омыртқаң жылдам бекісін, қырық қабырғаң жылдам қатсың» деп баланың үстіне қырық қасық су құяды. Сақиналарды баланы шомылдыруға қатысқан «әйелдер бөліседі. Келесі кезекте баланың шашын, тырнағын алады. Шашын шүберекке түйіп, киімінің иығына қадайды. Тырнағын адам баспайтын жерге көмеді. Бала қырқынан шыққанға дейін киген иткөйлекке тәттілерді түйіп, иттің мойнына байлап қоя береді. Балалар итті қуып жетіп, тәттілермен бөліседі.

Тәрбиеші: Екінші ортаға Айдана қызымыздың әжесі Аққыз әжені шақырамыз. Сіз қандай салт-дәстүрді көрсетесіз?

  1. «Бесікке салу»

Бесік – қасиетті, құтты мүлік. Жаңа туылған баланы бесікке салу елеулі дәстүрлердің бірі. Бесікке салу үшін үлкен, тәрбиелі, өнегелі әжелерге тапсырылады. Бесікті адыраспандап, аластап алады.

Алас, алас, алас, иесі келді пәле қаш
Алас, алас, бәледен алас.
Көзі жаманның көзінен алас,

Тілі жаманның тілінен алас, — деп аластайды. Бесікті аластап болған соң, «тыштырма» ырымын жасап бесікке салады. Осындай қуанышты күнде «бесік жыры» айтылады.

Ән: «Бесік» жыры

Тәрбиеші: Үшінші ортаға Эленора қызымыздың әжесі Алтынай әжені шақырамыз. Сіз қандай салт-дәстүрді көрсетесіз?

  1. «Тұсау кесу»

Тұсау кесу – сәби қаз тұрғаннан кейін, тез, жығылмай, сүрінбей жүріп кетсін, болашағы жарқын болсын деген тілекпен жасалатын дәстүр. Ала жіппен тұсау кесу баланың келешекте ешкімнің ала жібін аттамай, адал болып өссін деген ниеттен туған.

Әже:

Жолын болсын деселік,
Жолына нұр төселік.
Жарылқасын алдыңнан,
Тұсауыңды кесейік,
Күрмеуіңді шешейік – деп сәбидің тұсауын ала жіппен кеседі.

Тәрбиеші: Төртінші ортаға Ботагөз қызымыздың анасы Алтын анасын шақырамыз. Сіз қандай салт-дәстүрді көрсетесіз?

  1. «Шашу»

Шашу – қуаныш айғағы ретінде жасалатын, өте сұлу да салтанатты дәстүр. Келін түскен, жақсылық күндерде, алыс сапардан жолаушы келгенде, құда келгенде, тойда зор қауанышты күндерде әйелдер кәмпиттен, күміс теңгеден шашу шашқан. Шашылған шашуды тойға қатысушылар теріп алып, ырым қылып балаларына апарып берген. Шашуды әйелдер ғана шашқан.

Әже:

Шашу, шашу шашайық,
Ақ сандықты ашайық,
Бұл мереке бұл тойда,
Керек рәсім жасайық.

  1. «Қазақтың ұлттық тағамдары» (ет асу, ірімшік, жент, бауырсақ, құрт)

Тәрбиеші: Әжелеріміз қандай ұлттық тағам түрлерін дайындаған екен. Ұлттық тағам көрмесін тамашалайық.

Әділ-қазылар алқасы сайысымыздың бағасын бергенше бір ән тыңдайық

Ән: «Мереке»

Тәрбиеші: «Әжелер – отбасының берекесі» атты сайысымызды қорытындылау үшін сөз кезегін мектеп-интернат директоры К. Х. Шакетоваға береміз.

Әжелер марапаттау

  1. «Білгір әже»
  2. «Мейірбан әже»
  3. «Шебер әже»
  4. «Парасатты әже» номинациялары бойынша марапаттау

«Әжелер – отбасының берекесі» атты сайысымызға белсене қатысқан қыздарымызға алғыс білдіреміз.

  1. Сайысты қорытындылау.

Тәрбиеші: «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» демекші әжелер ақ батасын берсін.

Бата

Жас ұрпақ өнерлі болсын.
Тұрмысы көңілді болсын.
Ата-анаға мейірлі болсын.
Ағайын-туысқанға пейілді болсын.
Өнер-білімге зейінді болсын.
Халқым деген жүрегі болсын.
Жаманшылық көрмесін.
Аумин!

Немерелеріне сырға толы әңгіме шертетін, тойға барса қасына ертетін әжелеріміз аман болсын, сау болыңыздар!

Добавить комментарий