Ер есімі ел есінде — 9 мамыр тәрбие сағаты

Ер есімі ел есінде - 9 мамыр тәрбие сағаты

Сабақтың тақырыбы: Ер есімі ел есінде

Сабақтың мақсаты: Балаларға Ұлы Отан соғысының мазмұнын әңгімелеп, осы соғыста ерлік көрсеткен батырлардың ерліктерін жыл сайын Жеңіс күнінің мерейлі мерекесін бүкіл халық тойлап отыратынын айтып, Отанды сүйіп, оны қорғауға, ер жүректілікке, патриоттыққа тәрбиелеу. Сондай-ақ, сабақта айтылған әнгіменің мазмұнына, балалардың көркемдік талғамы мен ой-қиялын шарықтатып, шығармашылық белсенділігін арттырып, қағаздан құрастыруға оригами өнеріне арналған әдіс-тәсілдері және құрал-жабдықтарына олардың назарын аударып, ұқыпты пайдалану арқылы жұмыс істеу іскерліктеріне жаттықтыру көзделеді.

Көрнекілігі: Жауынгер батырлардың суреттер сериясы, майданнан, тылдан сурет-көріністер көрнекілікке пайдаланылады. Оригами арқылы құрастыру қағаздан құрал-жабдықтарға (ақ қағаз, қайшы, бояу) қолданылады.

Әдіс-тәсілдер: Әңгімелесу, сұрақтар, мақал-мәтелдер, тақпақ, өлеңдер, ойын, бүктеу арқылы оригами өнері.

Сабақ барысы: Залда соғыс жылдарына арналған әуен үнтаспадан естіліп тұрады. Қолдарында гүлдері бар балалар әуен ырғағымен залға кіріп, ардагерді қарсы алып, келген қонақтармен амандасады.

Тәрбиеші: Балалар! Бейбіт жатқан елімізге 1941 жылы фашистік Германия соғыс ашты. Осы соғыста көп ұлттың жауынгерлері Отан қорғауға қатысып, жандарын құрбан етті. Осы Ұлы Отан соғысындағы фашизмге қарсы күреске қазақ халқы да белсене қатысты. Сол жеңіс жылы туылған бала қазір 79 — жастағы азамат, қария болды.

Тәрбиеші: Осы соғыста ерлік көрсеткен жауынгер-батырларды білесіңдер ме, балалар?

Балалар: Мәншүк Маметова, Әлия Молдағұлова, Талғат Бигелдинов, Рақымжан Қошқарбаев, Иван Панфилов, Қасым Қайсенов, Мәлік Ғабддулин т.б.

Тәрбиеші: Дұрыс айтасыңдар, балалар, біздің әр облыстарымыздан көптеген батырлар қатысқан.

Тәрбиеші: Сонымен қоса соғыс жүрген жерде көптеген каһарман қалалар зардап шекті. Кім айтады, қандай қалаларды білесіңдер?

Балалар: Тула, Брест, Ленинград, Волгоград, Минск, Киев т.б.

Тәрбиеші: Жауынгер солдаттарымыз қасықтай қандары қалғанша соғысып, сендендерге бейбіт өмір – Жеңіс күнін сыйлады. Балалар,  осы жеңіс күнін сыйлаған ардагерлерімізге ризалығымызды білдірейік.

1-бала:

Жеңіс күні құтты болсын,
Құтты болсын, аталар.
Ұмытпайды ешқашан да,
Жауынгерді балалар.

2-бала: Жеңіс күндеріңіз құтты болсын, құрметті ардагерлер!

Тәрбиеші: Міне, балалар, бүгін бізге ардагер атамыз қонаққа келіп отыр. Қазір ардагер атамыз сендерге өзінің көрсеткен ерліктері жайлы айтып береді.

(Ардагерлерге гүл тапсыру)

Тәрбиеші: Ал енді, осы батырларымыз жайлы жазушыларымыздың жазған тақпақтарын тыңдайық.

  1. Бауыржан Момышұлы жайында.

1-бала:

Қайтпаған дауылдан
Кек алған жауынан.
Халқамнаң қастерлі
Жайсаңы Бауыржан.
Қазақтың қамы үшін
Жүрегі ауырған.
Елінің намысын
Қорғаған Бауыржан.

  1. Әлия Молдағұлова жайында

2-бала:

Жер мен көктің арасын
Шарпығанда қалың өрт
Әлия орыс қаласын,
Азат етіп болды мерт.
Ол жеңісті көрген жоқ –
Келді кейін азат күн.
Бірақ мәңгі өлген жоқ,
Батыр қызы қазақтың.

  1. Мәншүк Мәметова туралы

3-бала:

Сонау жылы жер көкті
Соғыс бұлты торлаған.
Сонда Мәншүк әпкеміз
Жауды елден қорғаған.
Үстінде сұр шинелі,
Дулығасы болатттан.
Мәншүк әпке күн – түні
Жауға оқты боратқан.

  1. Генерал Панфилов жайында

4-бала:

Әр солдаттың қамқоры,
Әкелік мол мейірім.
Қадірлейді халқы оны,
Көрсетіп кең пейілін.
Қысылтаяң болғанда
Саспай тұрды генерал.

  1. Талғат Бигелдинов туралы

5-бала:

Батыр Талғат ағамыз,
Құртып талай жау мысын,
Мейірімді кескін жүз,
Елге біткен мінезі.
Кеудесінде қос жұлдыз,
Екі рет батыр – бір өзі.

Тәрбиеші: Міне, балалар, жауынгер батырларымыздың ерліктері, мінездері жайлы жазушы ағаларымыз өте әсерлі, тартымды өлеңдер жазыпты. Олардың есімі біздің де мәңгі есімізде қалады. Енді балалар, бәріміз қолдарымыздағы гүлдерді мәңгі от алдына қойып, сол соғысып қаза болған жауынгерлерді 1 минут үнсіздікпен еске алайық.

(Еске алу сәті)

Балалардың орындауында И. Сапарбаевтың сөзіне жазылған «Жеңіс күнін тойлаймыз» деген ән айтылады

Тәрбиеші: Балалар, әңгіме болған қазақстандық батырларымыздың өмірлері жайлы айталық. Мына суретте кімдердің суреттерін көріп тұрсыңдар?

Балалар: Әлия, Мәншүк.

Тәрбиеші: Дұрыс айтасыңдар. Соғыс кезінде тек қана ерлер ғана батыр атанған жоқ, біздің Әлия мен Мәншүк апайларымыз да ерлік көрсеткен. Қазақ халқы қыздарын әрқашан жоғары бағалаған. Ал батыр қыздары Әлия мен Мәншүкті шығыстың қос жұлдызы деп, қос батыр деп атаған.

Батыр апаларымыздың өміріне назар аударайық. Қай жерде туылғандары жайлы әңгімелейміз.

1-бала: Әлия Молдағұлова Ақтөбе облысы, Қобда өңірінде дүниеге келген. Соғыс басталғанда Ленинградта болған. Ол мергендігімен ерлік көрсетті.

2-бала: Мәншүк Мәметова Орал облысы, Орда ауданында дүниеге келген. Балалық шағы Алматыда өткен. Соғыс кезінде пулеметші болған.

3-бала: Ұлы Отан соғысы кезінде Алматыда дәрігерлік оқуда болған Мәншүк Мәметова өз еркімен соғысқа аттанған.

4-бала: Мәншүк Мәметова Невель қаласы үшін болған кескілескен ұрыста жауға пулеметтен оқ боратқан бойы қаза тапты.

5-бала: Батыр апаларымыздың туып өскен жерлерінде және Алматы қаласында мұражайлар бар.

Тәрбиеші: Міне, балалар, осы екі ержүрек батыр апаларымызды естен шығармай, осы батырлар сияқты Отан сүйгіш, ер жүрек, Отанын қорғайтын батыр болуларымыз керек.

Енді осы батырлар, Отан жайлы мақал-мәтелдер білеміз бе?

Балалар:

  1. Отан оттан да ыстық.
  2. Ер есімі ел есінде.
  3. Отан үшін отқа түс, күймейсің.

Сергіту сәті:

Орнымыздан тұрамыз.
Оңды солды болжаймыз.
Отырамыз, тұрамыз
Бір тынығып аламыз.

Тәрбиеші: Балалар, бейбітшілік құсы деп қандай құсты айтады?

Балалар: Ақ көгершін

Тәрбиеші: Дұрыс айтасыңдар, балалар бейбітшілік құсы – Ақ көгершін.

Тәрбиеші: Ендеше, біз қазір балалар бүктеу оригами өнері арқылы осы көгершінді жасап, бейбітшілік тілеп, соғыс болмасын, тыныштық болсын деп ұшырамыз.

(Балаларға тәрбиеші оның жасалу әдіс – тәсілдерін түсіндіріп, көмек көрсетеді).

Қорытынды: Балалардың жұмысына талдау жасалынып, мақтау, мадақтау айтылады. Жасаған көгершіндерін қонақтарға бейбітшілік болсын деп сыйға тартады.

Добавить комментарий