«Айналайын, Анашым» балабақшадағы мерекелік ертеңгілік

"Айналайын, Анашым" балабақшадағы мерекелік ертеңгілік

«Айналайын, Анашым» балабақшадағы мерекелік ертеңгілік

Тақырыбы: Айналайын, анашым!

Мақсаты: Балаларға көктем туралы, 8-наурыз мерекесі туралы түсінік беру, отбасындағы ананың орнын, анаға деген құрметті ұғындыру. Еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыру. Адамгершілік, қамқорлық, достыққа, ұйымшылдыққа баулу және әдемілікті сезіне білуге үйрету.

Жүргізуші:

Қымбатты аналар, әжелер, қонақтар 8-наурыз халықаралық аналар мерекесі құтты болсын!

Ана деген өмірдегі ұлы есім,
Бақ тілесе анадай-ақ тілесін.
Ана деген ардақты ат,сен оны,
Ана жайлы ән тыңдасақ білесің.

Ән хормен: «Құттықтаймын мама, туған күніңмен»

Аналарға арналған тақпақтар:

1. Жыл басы – Наурыз мереке,
Ақ нұрға әсем боянды.
Аналар тойы береке,
Тіршілік жаңа оянды.

2. Мерекесі бүгін
Алтын анамның
Сыйлайыншы гүлін
Жарқын даламның
Күлімдеген көзі
Күннің нұрындай
Ұлым деген сөзі
Ақын жырындай.

3. Шалқып тасып әніміз
Жадыратып жанымыз
Ана сені құттықтап
Әндетеміз бәріміз.

4. Бізді өсіріп баптаған,
Жақсы болсақ шаттанған.
Алтыным деп мақтанам,
Айналайын ақ мамам.

5. Көбісін бұзып көп мұздың,
Ағыл да тегіл су қылып.
Жылғаға басын соққыздың,
Көктемім сенде мол қылық.

Музыка әуенімен залға қуыршақ кіреді

Қуыршақ:

Мен көңілді қуыршақ,
Қарақатпын әдемі.
Ойын ойнап, би-билеп,
Көтерейік көңілді.
Алақанды соғайық,
Аяқты да қозғайық.
Барлық бала бірігіп,
Көтерейік көңілді.
Аналарды құттықтап,
Би-билейік шаттанып.

Қуыршақтар биі: Еркеназ, Сұлу, Гүлназ, Нұрбибі, Асылжан, Дильназ, Жасмира, Жанерке.

Қуыршақ:

Балалар менің аяқтарым шаршады дем алып алайын.

Жүргізуші:

Қуыршақ, дем ал. Ал біздің балалар әжелерімізге арнап, тақпақтар айтсын.

Әжелерге арналған тақпақтар:

1.Құрт пен майын жинаған,
Балаларға сыйлаған.
Бұл әжемнің өмірі,
Таусылмайтын жыр маған.

2.Әже деген көп шығар,
Әжедейі жоқ шығар.
Мейірімді бұл кісі,
Қандай әсем күлкісі.

3.Менің әжем сымбатты,
Әжем маған қымбатты.
Құрт пен майын жинайды,
Бізге оны сыйлайды.

4.Ертек қандай көп еді,
Күнде айтып береді.
Қуанатын балаша,
Менің әжем тамаша.

Ән: «Әжем менің айдай». Орындайтындар: Дильназ, Нұрбибі, Сұлу, Еркеназ.

Жүргізуші:

Балалар, қуыршақ қатты шаршап, ұйықтап қалыпты.
Біз ойын ойнайық «Кім жылдам?».

Музыка әуенімен мысық кіреді

Мысық:

Мен әдемі мысықпын, мяу-мяу-мяу, тез жүгіре аламын, жылы жерде ұйықтағанды жақсы көремін. Менен тышқандар да қорқады, мяу-мяу-мяу.

Сәлеметсіздерме, балалар!

Жүргізуші:

Мысық, сен неге көңілсізсің, бүгін мейрам емес пе?

Мысық:

Аналардың мейрамына қардан тоқаш илеп едім, қар еріп, су болып ағып кетті. Енді не істеймін, ой-ой-ой.

Жүргізуші:

Балалар, мысыққа көмек керек. Қуыршақтан сұрап көрейік. Ол әлі ұйықтап жатыр

(Балалар қолдарын шапалақтап қуыршақты оятады)

Қуыршақ:

Ой, мен сондай тәтті ұйықтап, біраз дем алдым. Сәлеметсіңбе, мысық! Неге көңілсізсің?

Мысық:

Қуыршақ, маған көмектесші тоқашты қалай пісіреді?

Қуыршақ:

Мысық, тоқашты қардан емес ұннан пісіреді.

Ән: «Апам үшін күнде де». Орындайтындар: Еркеназ бен Бибарыс.

Жүргізуші:

Ал қазір балалардың аналарға арналған тақпақтарын тыңдайық.

1.Әркім сүйер өзінің,
Мақтан етер анасын.
Бәрі жақсы ананың,
Бәрін сыйлау керек-ау.
Бірақ әрбір баланың,
Өз анасы бөлек-ау.

2.Сенен өскен балалар,
Батырлар мен даналар.
Құттықтаймыз мейраммен,
Құрметті аналар.

3.Аналарды сүйеміз,
Сөзін ойға түйеміз.
Әжені де ардақтап,
Әдеппен бас иеміз.

4.Қанаттанса балапан,
Қалайынша ұшпайды.
Әрбір қыз,әр балапан.
Анасына ұқсайды.

5.Ақ жүректе сақтаған,
Жақын жүзің бақ маған.
Ақ бетіңнен сүйемін,
Келші,келші ақ мамам.

Мысық:

Жарайсыңдар, балалар енді мен тоқашты дәмді етіп ұннан пісіремін. Қазір балалар ойын ойнайық.

Ән хормен: «Көктем, көктем көктемде»

Гүлдер биі: Гүлназ, Дильназ, Сұлу, Еркеназ, Асылжан, Нұрбибі, Жасмира,
Жанерке.

Мысық:

Қуыршақ, екеуіміз ұннан тоқаш пісіріп алып келейік.

Жүргізуші:

Жарайды, онда балалар ойын ойнайық.

Ойын:«Гүл жинау»

Тақпақтар:

1.Ойлы қызы халқының,
Отаным деп тұрады.
Бос жібермей әр күнін,
Ана жолын қуады.

2.Анашым анам,
Ризамын саған.
Тіліңді алам,
Ақылды болам.

3.Анашым анам,
Ыстықсың маған.
Тәрбие бердің,
Көп алғыс саған.

4.Жер бетінің ғұмыры,
Күн нұрымен арайлап.
Біздің үйдің жылуы,
Анамыздан тарайды.

5.Аялап алақан,
Әлпештеп өсірген.
Аяулы жан анам,
Қатемді кешірген.

6.Анашым жан анам,
Балдан тәтті бал анам.
Үйге келсең мақтанам,
Құшақ жая қарсы алам.

7.Анам менің ақ мамам,
Балашым деп мақтаған.
Анам барда әрдайым,
Қуанамын шаттанам.

Жүргізуші:

Міне мысық пен қуыршақтың тоқашыда пісіпті, қане балалар дәмін жеп көріңдер. Дәмді ма, балалар?

Балалар: Ия.

Жүргізуші: Балалар, мысық пен қуыршаққа не дейміз?

Балалар: Рахмет!

Жүгізуші:

Ана! Ана! Не деген мейірімді, не деген шапағатты сөз еді. Осынау үш әріптен құралған қасиетті сөздің түп төркінінде қаншама ұлы сезім жатыр десеңізші. Жақсылық атаулының барлығы ананың сүтінен жаралған. Қадірлі әжелер, аяулы аналар, сүйікті де сүйкімді қыздар, мерекелеріңіз құтты болсын! Ертеңгілігіміз осымен аяқталды. Сау болыңыздар!

Добавить комментарий