Сабақтың тақырыбы: Наурыз – Ұлыстың ұлы күні — тәрбие сағаты
Мақсаты: Наурыз мейрамы туралы түсінік беру. Балалардың ойлау, қабылдау, зейін қабілеттерін дамыту. Грамматикалық талғада жүйелі сөйлеуге, мерекелік көңілін көтеру, елге деген сүйіспеншілікпен бірге, салт-дәстүрді құрметтеуге тәрбиелеу.
Көрнекіліктер: Наурыз мерекесіне арналған суреттер, интерактивті тақта, Наурыз көже, слайдтар
Наурыз – Ұлыстың ұлы күні
Сабақ барысы:
1-ші оқушы:
Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар!
Босқа қарап тұрмаңыздар!
Наурыз тойы басталды,
Наурыз туын көтеріп,
Жар салайық әлемге!
Жүргізуші:
Сәлеметсізбе, құрметті ұстаздар, балалар, қонақтар! Бүгінгі Наурыз мейрамына арналған «Наурыз – Ұлыстың ұлы күні» атты ашық сабағымызды бастауға рұқсат етіңіздер!
Міне Наурыз да келді. 22 наурыз жыл басы. Наурыз үлкен мейрам.
Көптен күткен Наурыз тойы арайлы,
Нұрға бөлеп міне жатыр маңайды!
Мал біткеннің бал татыған ұызды,
Қуат болып қанымызға тарайды.
Төрт түлік мал халқымыздың сүйері,
Көңілімнің күмбірлеген күйі еді.
«Аман ба» деп мал жаның?
Бірін-бірі құшақтасып сүйеді.
Жүргізуші:
Ал, балалар! Құрметті ұстаздар! Бәріміз тұрып бір-бірімізді құшақтап, бір-бірімізге жақсы тілектер айтып, Наурыз мейрамымен құттықтайық!
Наурыз – Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!
Ақ мол болсын!
Жаңа жыл бақ, береке, молшылық әкелсің!
2-ші жүргізуші:
Наурыз шығыс күнтізбесінде жаңа жыл басы деп саналады. 21-22 наурызда күн мен түн теңеледі. Наурыз деген сөздің өзі «нау» — жаңа, «руз» — кун деген сөздерден алынып, жаңа жыл деген ұғымды білдіреді. Адамдар Наурызға дайындалады. Олар үй, арық, аула, көшені тазалайды. Ағаш, гүл егеді. Адамдар үйлерінде дастархан жаяды. Ән шырқап, би билеп, ойын ұйымдастырады.
Осыған байланысты бір ойын ұйымдастырып жіберейік. Қазақтың ұлттық ойыны қол күрес. Ал ағайлар балалармен қол күрестіріп жіберіңіздер
(оқушылар ағайлармен қол күрестіреді)
Қара жорға биі
(алты оқушы билейді)
1-ші жүргізуші:
Құрметті ұстаздар, балалар! Наурыз құтты болсын! Наурыз — бақыттың бастамасы, ұлылықтың ұйытқысы, жақсының жаршысы, ынтымақтың белгісі, өмірге нұр сыйлаған, сезімге гүл сыйлаған халық қастерлейтін күн.
2-ші оқушы:
Армысыздар? Аға-іні, бауырлар,
Қарындастар, әпке деген қауым бар
Жарқын жүзді ұстаздарым, армысың,
Наурыз – тойға хош келіпсіз барлығың!
3-ші оқушы:
Жаңа жылға жаңа тілек тілейік,
Ескі жылдың қадірін де білейік
Алдағы жыл орындалсын армандар,
Барлығымыз аман-есен жүрейік!
4-ші оқушы:
Есте қалсын мерекелік сәтті күн,
Тойлайық біз Наурыз-тойдың шаттығын
Билеңіздер, ойнаңыздар куанып,
Біз ашайық той-думанның сандығын
5-ші оқушы:
Ақ қар кетіп
Шырайлы жаз жетіп
Шаруаның бұл келген,
Күн мейрамы ежелден,
Құтты болсын Наурыз!
1-ші жүргізуші:
Наурыз мейрамымен бірге бізге Көктем Ару келді.
6-шы оқушы:
Қош келдін, Көктем Ару!
Арман тойы ананың
Қуанышы ғаламның,
Құтты болсын қадамың!
Сені тойлап қарсы алып,
Қол соғады барша қауым.
(Көктем Ару кіреді. Қолында конфеттер. Соны шашу ретінде таратады)
Көктем Ару:
Сәлем бердім, ұстаздарым!
Айналайын достарым!
Сәлем, халқым, тірегім!
Сендермен бір жүрегім!
Күн мен айға әлемнің
Берем ыстық сәлемін,
Орындалды ойларың,
Құтты болсын тойларың!
Құтты болсын Наурыз!
1-ші жүргізуші:
Жаса Наурыз, тойымыз!
Жаса, көктем тойымыз!
Ақын тойды басқарсын!
Алқалытой басталсын!
Оқушылар орындауында көктем туралы өлен
1-ші жүргізуші:
Ал енді Наурыз мейрамында Наурыз көже жасап жіберейік
Бұл күні басты тағам — Наурыз көже. Оны кем дегенде жеті түрлі дәмнен: су, сүрленген ет, тұз, май, дән, айран, құрт және басқа дәмдерден жасайды.
1-ші оқушы: Тұзды қосқаны тұз астың дәмін келтіреді. Тіпті «Тұз астын дәмін келтіреді, мақал сөздің мәнін келтіреді» деген де сөз бар.
2-ші оқушы: Сүт немесе ақ құйғаны — «Сүттей ұйып отырайық, көңіліміз ақ, таза болсын» деген ұғымды білдіреді. Қазақта: «Ағы бардың бағы бар» деген түсінік бар.
3-ші оқушы: Құрт қосатын себебі — құрт аурушаң адамдарға қуат беретін күшті ас.
4-ші оқушы: Ет қосқаны — ет қазақтың төл асы. «Қазан толсын, асар мол болсын» деген мақсатта сақталған сүр етті Наурыз көжеге мол етіп салған.
5-ші оқушы: Ал дәнді дақылдардың емдік қасиеттері бар.
Арпа, бидай бастаған
Жеті дәмнен аспаған,
Наурыз көже ежелден
Бұл тойдағы бас тағам.
2-ші жүргізуші:
Бұл күні барлық адам наурыз көжені тойып ішулері керек. Тойып ішкен адам жыл бойы тоқ жүреді, дені сау болады, отбасында береке-бірлік орнайды деген сенім бар. Орта Азияның кейір елдерінде мысалы, Өзбекстан мен Тәжікстанда бұл күндері «Сүмәләк» деп аталатын тағам жасалады. Бұл күні кем дегенде жеті үйге кіріп дәм татқан абзал.
1-ші жүргізуші:
Наурыз — бүгінде халықаралық мереке. Ол Орталық Азияның көптеген елдерінде: Қазақстанда, Өзбекстанда, Қырғызстанда, Түркіменстанда, Әзірбайжанда, Тәжікстанда және басқа да елдерде ресми түрде атап өтіледі.
2-ші жүргізуші:
Айта кеткен жөн, Наурызға қатысты әр түрлі сенімдер, дәстүрлер жетіп артылады. Соған қатысты біз біле бермейтін қызықты деректерді ұсынамыз.
1-ші оқушы: Наурыз — Жаңа жылдың басы. Бұл күн, яғни наурыз айының 21-нен 22-не қараған түні — аспан денелері өздерінің бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңеледі. Сондықтан халық санасында ол — Әз Наурыз деп аталады. Бұл күн — сонымен қатар жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы. Осы күннен бастап Жаңа жыл басталады. Адамның аузы аққа, малдың аузы көкке тие бастайды.
2-ші оқушы: Наурыз мерекесінің халық арасында аталып келе жатқанына, кейбір деректер бойынша 5 мың жылдай болған. Яғни, қазіргі дәстүрлі діндерден бұрын пайда болған.
3-ші оқушы: Кейбір елдерде Наурызға тыйым салынған. Мысалы Сирия мен Иракта. Сонымен қатар Түркияда 1991 жылға дейін Наурызға тыйым салынып келді.
4-ші оқушы: Наурыз — егер шығыс елдерінде бұған дейін соғыстар, қарулы қақтығыстар болып келсе, бұл күні олар тоқтайтын болған. Сонымен қатар, адамдар бұрынғы өкпе-наздарын ұмытып, бұл күні бір-бірімен татуласады. Бар жақсысын киініп, бір-біріне қонаққа барады. Бұл күндері әр түрлі ұлттық ойындар, жарыстар өткізіледі. Мысалы: бәйге, жамбы ату, палуандар күресі. Сондай-ақ алтыбақан құрылып, әндер шырқалады. Ақындар айтысы ұйымдастырылды. Қазақстанда Наурыз мерекесі жыл сайын кең ауқымда атап өтіліп келеді.
5-ші оқушы: Наурыздың Халықаралық мәртебесі. 2010 жылы 19 ақпанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-ші сессиясында «Әлем мәдениеті» атты күн тәртібінің 49 тармағы аясында «Халықаралық Наурыз күні» деп аталатын қаулы қабылданды.
6-ші оқушы: Наурыз сөзінің мағынасы. Наурыз сөзі парсы тілінен аударғанда «Жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Яғни, Наурыз, (парсыша «нау» (жаңа) және «руз» (күн). Орталық Азия халықтары арасында Жаңа жылдың басы болып саналады.
7-ші оқушы: Қыдыр ата. Мерекенің рухани бейнесі. 22 наурызға қараған түні бүкіл халық оның келуін күтеді. Бұл түнді «Қыдыр түні» атайды. Қыдыр ата — бүкіл халықтың қамқоры, оларға жақсылық жасаушы, ырыс, құт, несібе әкелуші, бақыт, береке, өмір сыйлаушы қасиет иесі, кемеңгер, әулие, көріпкел, жарылқаушы қарт. Ол Ұлыстың ұлы күнінде әр елге келіп, әр шаңыраққа соғып бата береді, деген сенім бар. Сондықтан әр үй Қыдыр атаның жолын күтіп, өздерінің жанын да, тәнін де, киер киім, ыдысы мен бұйымдарын да таза ұстауға тырысады. Үйдің іші-сыртын, қора-қопсыны тазартып, ағаш егіп, өсімдікке су құяды. Мұсылман қауымы мұндай үйге Қыдыр ата түнеп немесе бата беріп кетеді деп түсінген. «Қыдыр қонған», «Қыдыр дарыған» деген сөздер осындайдан шыққан.
8-ші оқушы: Батыс қазақтары Наурызды 14 наурыздан бастап тойлайды. Көне заманда мереке 13 күні бойы тойланған екен.
Жұмбақтар
Қалың қорық нуға бітем,
Қоры үзілген қуға бітем. (Сиыр)
* * * * * *
Қүнгейлі қара тасқа бітем,
Шаруа қуған басқа бітем. (Қой)
* * * * * *
Бетегелі белге бітем,
Найза ұстаған ерге бітем. (Жылқы)
* * * * * *
Бір аң бар қайраты көп, болған күшті
Басынан өткізеді әрбір істі. (Арыстан)
* * * * * *
Тұмсығы дөңгелек,
Денесі он бөлек. (Шошқа)
Қорытындылау
Қазақ халқының ежелгі салт-дәстүрінің бірі – бата-тілек білдіру. «Сөз арқылы жаратушыға жалынып, жалбарынып ықпал етуге болады деп түсінген ата-бабаларымыз.
«Жаңбырменен жер көгереді, батамен ер көгереді», «Баталы құл арымас» — деген ой-пікірді уағыздап, кейінгі ұрпағына ықылас білдіріп, ақ ниетпен бата беріп, тілек тілеуді дәстүрге айналдырған.
Осымен, құрметті қонақтар! Бүгінгі Наурыз мейрамына арналған тәрбие сағатымыз аяқталды. Назарларыңызға көп рахмет! Сау болыныздар!