Сабақтың тақырыбы: Ауа — газдар қоспасы. Ауаның ластануы және экологиялық проблемалар
Сабақтың мақсаты: Оқушы ауаның құрамы әртүрлі газдар қоспасынан тұратынын және ластанудан қорғау қажеттігін түсінеді.
Міндеті:
- А) Ауаның құрамын анықтауға жүргізілген тәжірибемен танысады.
- Б) Қоршаған ортаны, ауаны ластанудан сақтау, қазіргі кездегі экологиялық проблемалық тұрғысында ой қозғайды және қоршаған орта мен адам арасындағы байланысты,оны қорғау маңыздылын сезінеді.
- В) Оқушылар қойылған сауалдарға жауап береді, туындаған мәселелер төңірегінде ой бөліседі
Сабақ түрі: жаңа оқу материалын оқып, үйрену сабағы
Әдісі: СТО әдістері (ортада қаламсап, эссе жазу, РАФТ)
Бағалау: теориялық білімін көрсетеді, қолдана алу және өз ойын жеткізе алу мүмкіндігіне қарай.
Ауа — газдар қоспасы. Ауаның ластануы және экологиялық проблемалар
Сабақ барысы
І. Ұйымдастыру бөлімі. Сынып үш топқа бөлінеді.
ІІ. Өтілген тақырыптарға шолу сұрақтары:
- Оттегі табиғатта қалай таралған?
- Оттегінің физикалық қасиеттері
- Оттегін алу
- Оттегінің химиялық қасиеттері
- Оттегі қайда қолданылады?
- Жану реакциялары дегеніміз не?
- Оксидтер дегеніміз не?
- Озонның қасиеттері
- Аллотропия дегеніміз не?
- Озон қалай түзіледі?
- Озон қабатының маңызы қандай?
ІIІ. Мағынаны тану (слайд арқылы түсінік беру)
Мұғалім сөзі
Атақты орыс дәрігері Ф.Ф. Эрисман «Таза ауа — адамның бірден бір санитарлық және эстетикалық қажеттілігін құрайды» деді. Ежелгі грек философы Анаксимен (б.э.д. 560-450) алғаш рет ауаның денелер түзетін негізгі элемент екенін айтса, Аристотель (б.э.д. 384-322) ауаның екі қасиеттің : ылғал мен жылу көзі болып табылатынын 4 заттың бастауы екенін айтқан болатын. Ауаның құрамына алғаш тәжірибе жасаған француз ғалым А. Лавуазье.
Тәжірибе жасау
Ауаның сапалық құрамын анықтау үшін мынадай тәжірибе жасайық.
Кристалдандырғышқа су құйып алып, судың бетінде қалқып жүретін пенопластка жіңішке шырақ (парафиннен жасалған) орнатып, оны жағып суға саламыз да, шырақты сыртында 5 бөлікке бөлінген белгісі бар, цилиндрмен жабамыз. Біраздан кейін су цилиндр бойымен оның көлемінің 1/5 бөлігіне көтерілгенін байқаймыз. Бұдан шығатын қорытынды — ауаның көлемі бойынша 20%-ы оттегі, ол шырақтың жануына жұмсалды.
Мұғалім сөзі:
Жердің ауа қабаты — атмосфера деп аталады. Атмосфера — қажетті табиғи қор. Ал атмосфераны ластайтын заттар өте көп. Әртүрлі өндірістік қондырғылар мен қозғағыштардың шектен тыс жұмыс істеуі, көліктерден шыққан түтіндер атмосфераның ластануына әкеп соғады, сөйтіп тірі ағзалардың тіршілігіне қауіп тудырады. Өйткені ауа уланып бұзылады. Міне, сондықтан қазіргі уақытта ауаны таза ұстау, ластаудан сақтау және космостық радиация тозаңдарынан қорғау мәселелеріне ерекше мән берілуі орынды.
Адам денсаулығы — қоғамдық құндылық, бірақ адамның іс әрекеті адамзат тіршілік ортасының нашарлауына әкеліп, қазіргі кездің келелі мәселесіне айналып отыр. Енлеше, қоршаған ортаның ластануы, оны қорғау мәселелері жөнінде сабағымыздың келесі бөлімінде сөз қозғаймыз.
ІІІ. «Өзім үшін жаздым», «Ортада қаламсап » стратегиялары бойынша әр топ жұмыстанады.
«Ауаның ластануы және экологиялық проблемалар» тақырыбында оқушылар өздері дайындаған деректері мен мәліметтерін ортаға салып әңгімелейді. (әр топ өз мәліметтерін презентация арқылы баяндайды)
IV. Ой толғаныс кезеңі. «Эссе жазу» стратегиясы
«Ауа — өмір өзегі» тақырыбында оқушылар эссе жазады, оқиды.
«Егер де мен…» (әкім, ғалым, оқушы ) «РАФТ» стратегиясы қолданылады.
Тақырып: «Ауа тазалығын сақтауда және экологиялық проблемаларды шешуде қандай шаралар жүргізер едіңіз?»
Жаттығу жұмысы
- І топ: Есеп. NO2 ауа бойынша салыстырмалы тығыздығын есепте.
- ІІ топ: Есеп. Массасы 20 г сутек газының стандартты жағдайдағы көлемін есепте.
- ІІІ топ:Есеп. KMnО4 құрамынан оттегінің массалық үлесін есепте.
V. Сабақты қорытындылау
Кестені толтыру
- Нені білдім
- Не білгім келеді
Үйге тапсырма: & 26 оқу. «Ауа — тіршілік көзі » мәнжазба дайындау
VI. Бағалау
Атырау қаласы
№23 орта мектебінің
химия пәні мұғалімі
Әділғалиева Гүлжихан Бағытжанқызы