Мен тәуелсіз елдің азаматымын — 1 мамыр тәрбие сағаты

Мен тәуелсіз елдің азаматымын - 1 мамыр тәрбие сағаты

Тақырыбы: Мен тәуелсіз елдің амазатымын

Сабақтың мақсаты: Оқушылардың бойында Отанға және туған елге деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін қалыптастыру, Отаншылдық сезім мен тұрақты моральдік мінез құлқықтың беки түсуіне ықпал ету; адамгершілікке, ұлтжандыққа тәрбиелеу.

Көрнекілігі: нақыл сөздер, буклеттер, шарлар, слайдтар

Сабақ барысы:

1-жүргізуші:

Армысыздар, мұғалімдер әз жандар,
Білім іздеп инемен құдық қазғандар.
Құшақ жая қарсы аламыз сіздерді,
Би де билеп, ән де бүгін шырқалар.

2-жүргізуші:

Ізгілікті өн бойына жинаған,
Бөбегіне жан жылуын сыйлаған,
Қалап берген ірге тасын өмірдің,
Хош келіпсіз, ата-ана, сыйлаған.

1-жүргізуші: Құрметті қонақтар, ұстаздар, оқушылар! Бүгін 5-ші сынып оқушыларының дайындаған «Мен тәуелсіз елдің азаматымын» атты тәрбие сағатына қош келіпсіздер!

2-жүргізуші: Құрметті қонақтар! Біздің тәрбие сағатымыз 1 мамыр Қазақстан Республикасы Халықтарының достастығы күні мерекесі қарсаңында өтіп жатыр. Бұл мерекeмен баршаңызды құттықтай отырып, еліміздің іргесі тыныш болып, аспанымыз әрқашан ашық болсын деген тілекпен ашық тәрбие сағатымызды бастаймыз.

1-жүргізуші: Біздің туған жеріміз, алтын бесігіміз — кең байтақ Қазақстан. Қазақстан — біздің Отанымыз. Ал біз тәуелсіз қазақ елінің ең жас ұландарымыз. Сондықтан өз елімізді, өз жерімізді әкелер мен аталарымыз сияқты қадірлеуге, сүюге, қорғауға тиісті екенімізді естен шығармайық.

2-жүргізуші:

Көп аузынан түспейтің
Отан деген немене?
Оның тұлға, түс, кейпін
Достым, білгің келе ме?

1-оқушы:

Әуелгі Отан-ана алды,оттың басы,
Ауыл алды,аунаған шөптің қасы
Сағынғанда тым ыстық көрінеді
Жазда ойнаған үйшік қып сайдың тасы.

2-оқушы:

Отан дейміз от жаққан жерімізді,
Отанымыз дейміз өсірген елімізді.
Отан дейміз туған жер, атамекен
Биік тау, орман, тоғай, көлімізді.

3-оқушы:

Отан дейміз кең – байтақ астананы,
Жасыл жайлау, жаңа жол, жас қаланы.
Отанның шеті де жоқ, шегі де жоқ,
Ол бірақ өз үйіңнен басталады.

4-оқушы:

Отан — тарих, Отан — тіл,
Жасаған елің, өз халқың.
Отан — өлең, Отан — жыр
Көтерген көкке ел даңқын.

5-оқушы:

Отан — сенің ата-анаң,
Отаның — досың, бауырың.
Отан — өлкең, астанаң,
Отан — аудан, ауылың.

Хормен:

Отан — осы, достарым,
Көңілге мұны түйе біл!
Отан деп өс, жас қауым,
Оны ардақтап сүйе біл!

2-жүргізуші: Егемен Қазақстан — біздің еліміз, жеріміз, Отанымыз тіліміз, дініміз. Ал біз өз Отанынын сүйетін, бойында намысы бар ұлтжанды азамат боламыз деп сөз береміз.

1-жүргізуші: Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Тәуелсіздік бізге қазақтың басы мен жұлын – жүйкесі Кенасары арқылы, қайқы қара қылышты Бауыржан арқылы, уыз сезімді Қайраттар арқылы келді.

Көрініс: «Ата мен бала»

Алматы қаласы, Республика алаңы, Тәуелсіздік монументінің қасында ата мен немере. Атасы терең күрсінеді

2-жүргізуiші:

Қырмызы қыздар
Қызғалдақ қыздар құлпырған.
Өздерің жайлы кеудеде біздің жыр тұнған
Қазақтың биін билеңдер қане майысып,
Отырған халқым сүйсініп қалсын сыртыңнан.

— дей отырып ортаға биші қыздарымызды «Бипыл» биімен шақырамыз.

1-жүргізуші: Біз ежелден ер деген даңқы шыққан халықтың ұрпағымыз, ел бірлігі жолында әрқашан намысын бермеген халықтың ұланымыз. Біз алтын күн бедерленген, көк байрағын әлем биіктерінде желбіреткен бейбітшіл елдің азаматтарымыз. Кең байтақ жерінде бірлігі жарасқан алуан ұлт-ұлыстардан тұратын біртұтас халықпыз.

2-жүргізуші: Қазақстандық болу — бізге тағдыр сыйлаған ұлы бақыт. Біз оны әрдайым зор мақтаныш сезіммен ұрпақтан – ұрпаққа табыстайтын боламыз. Отанымыз Қазақстан туралы өлең жолдарына назар аударайық.

1-оқушы:

Менің елім — Қазақстан, жүрегім,
Тек өзіңсің Отан-ана, тірегім.
Аман болсын елім, жерім, ұрпақтар,
Тәңірден осы менің тілерім.

2-оқушы:

Жаса елім, жаса достық, бірлікпен,
Көштен қалма, қалма және тірліктен.
Елім менің — Қазақстан, Отаным,
Алға өрле үшінші мыңжылдыққа

3-оқушы:

Мен қазақпын, ұланымын елімнің,
Мен қазақпын тірегімін жерімнің.
Ұланымын туын көкке көтерген,
Қиындығын қазағымның әрқашан
Қайыспайтын қара нардай көтерер.

4-оқушы:

Көз тойғысыз қазағымның жері бар,
Ну орманы, тауы, өзені, көлі бар.
Қазағымның жерін, елін қарғайтын
Жас жеткіншек ұланы бар, елі бар.
Міне осындай егеменді еліміз,
Кең жазира, ұлан-байтақ жеріміз.
Туған елін, туған жерін сүйетін
Біз қазақтың ұланымыз, еріміз

1-жүргізуші:

Жыр айтқан балалардан айналамын
Елім деп еміренсе жанданамын,
Жүректер Қазақстан деп күнде соқса,
Марқаямын, мақтанам, қуанам! — дей отырып 5-ші сынып оқушыларының орындауында хор «Атамекен»

1-жүргізуші: Қазақ қашаннан да бауырмал халық қой. Әр кезеңдерде елімізден пана іздеп «Жат» жұрттардың бәрін бауырына басып, төрінен орын беріп, қандай қиын кезеңдердің өзінде бір үзім нанды бөліп жеді емес пе?

2-жүргізуші: Бүгін елімізде 130-дан артық ұлт пен ұлыстың өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр.

1-жүргізуші: Халықтар бірлігі, достық туралы мақал-мәтелдер мен өлең
жолдарын тындайық

  • Ел бірлігі — ел теңдігі;
  • Елдің елдігі — ауызының бірлігі,
    Ердің ерлігі — етінің тірлігі;
  • Ұрыс ырысты қашырар, ынтымақ халықты асырар;
  • Кең киім тозбайды, кеңесшіл ел азбайды;
  • Тірліктің күші – бірлікте;
  • Бірлік болмай, тірлік болмас;
  • Бірлікті ел бұзылмас;
  • Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады;
  • Бірлік жоқ болса, ұйым жоқ, ұйым жоқ болса күйің жоқ;
  • Татулық — табылмас бақыт;
  • Достыққа бірлік пен теңдік дәнекер;
  • Ырыс алды — ынтымақ;
  • Бірліксіз елдің мәні болмас, ынтымағы жоқ елдің сәні болмас;

1-оқушы:

Ынтымақ, достық, береке,
Бағымыз біздің жайнаған.
Ынтымақ — бақыт, мереке,
Шаттыққа толы айналам.

2-оқушы:

Ынтымақ тасқанымен тастым да мен,
Кең жайдым құшағымды досыма мен.
Біргеміз өмір-бақи, отандастар,
Жалғасар өміріміз достықпенен.

3-оқушы:

Дәуірле, дарқан ел,
Шын достықтың сенімді тірегі!
Даңқты Отанның көгілдір туына
Айнымас адалмыз, әрқашан сенеміз!

4-оқушы:

Ақпыз, қара, сарымыз,
Ағайынбыз бәріміз.
Ортақ болсын асқар тау,
Жемісі толы бақша бау.
Болсын жер мен су да ортақ,
Болсын бізге ту да ортақ.

Ән: «Бала тілегі»

Би: «Көңілді балақайлар» биі

1-жүргізуші: Біз расында бақытты жастармыз! Еліміз тәуелсіз — Қазақстан Республикасы. Халқымыз тату-тәтті, мектебіміз ұстаздары – білімді, жаңа технологияны білім беру саласында қолдана білетін ұстаздар.

2-жүргізуші:

Келді жайнап бала көктем,
Күткен еді дала көптен.
Шалғынды тербей есті ерке самал,
Жібектей жаңа леппен — дей отырып көктемдегі құстар биін тамашалайық

Би: «Құстар» биі

1-жүргізуші: Құрметті қонақтар, ұстаздар! Адамгершіліктің басы — адамдық. Бүгін біздің тәрбие сағатымызға еліміздің тұтқасын ұстаған адам да, елге қызмет ететін азаматтарымыз да ант беру үшін келіпті. Енді соларды ортаға шақырайық.

1-оқушы: Мен Қазақстан азаматы — ұстазбын. Халқыма адал қызмет етуге ант етемін!Азаматтардың тегін орта білім алуына кепіл бола аламын.

2-оқушы: Мен Қазақстан азаматы — оқушымын. Мен достарымның алдында сабағымды жақсы оқып, тәртіпті бала болуға ант беремін. Біздің елімізде түріне, түсіне қарамай бар баланың тегін білім алуға құқығы бар.

3-оқушы: Мен Қазақстан азаматы — дәрігермін. Халқыма адал қызмет етуге ант етемін. Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең.

4-оқушы: Мен Қазақстан азаматы — жауынгермін. Халқыма адал қызмет етуге ант етемін. Елімізді қорғау — әр азаматтың қасиетті парызы.

Хормен:

Әлемге атың жайылсын жарқын,
Жасай бер, жаса Қазақстан!
Баянды болсын бақытың, халқым,
Жасай бер, жаса Қазақстан!

1-жүргізуші: Біз, тәуелсіз Қазақстанның жас азаматтары, кең байтақ еліміздің келешекте еңселі де іргелі елге айналуына үлесімізді қосамыз.

2-жүргізуші: Құрметті ұстаздар, оқушылар «Мен тәуелсіз елдің азаматымын» атты тәрбие сағатымызды аяқтаймыз. Зер салып тыңдағандарыңызға рахмет.

Добавить комментарий