1 қыркүйек Білім күні тақпақтары. Бірінші қыркүйек Білім күні мейрамына арналған қазақша тақпақтар. Алғашқы қоңырау мерекесіне арналған қазақ тілінде балабақша, мектеп құттықтау тақпақтар
***
Алғашқы қоңырау
Киімі де, сөмкесі де көркем-ді,
Білім жолда арманы асқақ желкен-ді.
Мектебіне бара жатыр ұлтыңның
Әлиханы, Ахметі ертеңгі.
Бір-бір үйдің қызы – айы, ұлы – күн,
Бола берсін, еркелеу ме бірі тым.
Мектебіне барады олар ұлтының
Арқалап ап үкілеген үмітін.
Өткен дәуір көрсең де өмір бұрқағын,
Талай мәрте жеңіс жырын шырқадың.
Білім жолға бет түзеді, міне, енді
Санасы да, ойы да азат ұрпағың.
Ұл-қызым деп ана ұйқысы сан қашты,
Бесік тербеп, күн мен түні алмасты.
Солар үшін алдағы үлкен өмірдің
Соғылады қоңырауы алғашқы.
Бөбегінің оятса ана талғамын,
Тілейді енді жақсы шәкірт болғанын.
Сол бөбектер алып бара жатқандай
Өз ұлтының жалау етіп арманын.
Бесігінен асыққандай бүгінге,
Ұстазына ол ұмытпайды гүлін де.
Ұға жүріп заманының үнін де,
Сөйлейді олар бабасының тілінде.
Басталғанда білім жолдың асқары,
Қадамдарын үлкендер де қостады.
Олар үшін соғылса алғаш қоңырау,
Сол қоңырау – келешектің бастауы.
Маңызын да, мәнін де ұғып бұл күннің,
Міне, тағы биіктерге ұмтылдың.
Бара жатыр көшелермен мектепке
Бала шағы, болашағы ұлтыңның.
Авторы: Ғабиден Қожахмет
***
Білім күні құтты болсын, Мұғалім!
Жиып алып балғын шәкірт достарды,
Салтанатты сәтке бөлеп жас жанды.
Мектептердің қоңырауы қағылып,
Тағы, міне, білім күні басталды.
Сыңғырлы үнге жас балдырған тамсанды,
Ата-ана да осы күнді аңсар-ды.
Қол жеткізген жетістіктер еленіп,
Келешекке жоспарлар да жол салды.
Екшеп алып дұрысы мен бұрысын,
Күтеді деп тағы қандай ұлы сын.
Әз ұяда басталады сабақтар,
Естіледі ауласынан күміс үн.
Шәкірт бойда болады әр кез сан қылық,
Солар барда болашаққа жанды үміт.
“Апай, апай, мен айтайын!” деген үн,
Тұрады енді сыныптарда жаңғырып.
Әуелейді білім атты асқар ән,
Осы жолда қандай сынақ тоспаған.
Жас мамандар кіреді алғаш именіп,
Барі солай еңбек жолын бастаған.
Білім қымбат, оны жұрттар біледі,
Жетелейтін ұстаз соған үнемі.
Шәкіртімен достарындай сырласқан
Сенсің, Ұстаз, мектебіңнің жүрегі.
Қосылсыншы білім атты сырға сыр,
Өзгерсе де уақыт атты жыл, ғасыр.
Білім жалғар дәуірлердің арасын,
Білімдіні ұнатады бұл ғасыр.
Осы жолға ұмтылады бүгін жұрт,
Келешектен асқаралы ұғым күт.
Азат елдің арманы да – осында,
Азат елдің аңсары да – білімді ұлт.
Ғасырың бар тоса қояр сынағын,
Соны игерсең, заманыңа ұнадың.
Білім күні құтты болсын, Ұстаздар!
Білім күні құтты болсын, Мұғалім!
Авторы: Ғабиден Қожахмет
***
Қоңырау сыңғырла, асыға,
Үн қосқан қиядан асуға.
Білім ал, еңбек ет, жас ұлан,
Өрле сен, биік шың басына!
***
Құтты болсын қарағым,
Білімге қадам басқаның.
Сөмке артып арқаңа
Мектеп есігін ашқаның.
Айналайын, дарын бол,
Жақсы оқып, ер жетіп.
Оқу оқып, ғалым бол,
Жанған оттай жалын бол!
***
Алдыңа кеп ұстазым,
Тұңғышқалам ұстадым.
Күлімдеген көзіңнен
Мейірімің сезілген.
***
Алты жасқа келгенім
Еркеліктен кеткенім
Кітабымды қолтықтап,
Мектебіме жеткенім.
***
Абзал жандар, биік тұлға байсалды,
Құшақ жая төл мерекең қарсы алды.
Қуанышпен жарқын тілек білдіріп,
Құттықтайды бірінші сынып баршаңды.
***
Мектеп ана күліп тұр тағы,
Шақырады қыркүйектің нұр таңы.
Асығуда әліппені алуға
Еліміздің тағы бір жас ұрпағы!
***
Сәлем, саған мектебім,
Алғыстарым көп менің.
Оқу, білім, тәрбие
Ой санама еккенің.
***
Қуаныш бүгін – мереке,
Шуағын шашып тұр әлем.
Мектепке келген алғашқы,
Жан досым, саған мың сәлем.
***
Бірінші қыркүйек күні мен
Аңқыған жұпар гүлімен
Келіп ем, қарсы алар мектебім
Сүйкімді қоңырау үнімен.
***
Биыл мен де мектепке
Біріншіге барамын.
Мақтанбаймын мен текке,
Дайын дәптер, қаламым.
***
Мектепке енді барамыз,
Біз оқушы боламыз.
Жақсы оқып сабақты,
Кілең бестік аламыз.
***
Отанның біз ұл-қызы,
Халықтың біз жұлдызы.
Оқимыз ақын-жырларын,
Оқимыз еңбек сырларын.
***
Сылдырлайды, сыңғырлайды
Мектеп жақта қоңырау.
Ұмытпаймыз бұл бір айды,
Гүлге толы омырау.
***
Гүл толы қала, дала да,
Гүл толы бүгін омырау.
Шақырып мектеп – анаға,
Соғылмақ тұңғыш қоңырау.
***
Аялар бейбіт күн нұры,
Мектебім, бізге жөргексің.
Алғашқы қоңырау сыңғыры
Ән болып сені тербетсін.
Сыңғырла қоңырау, сыңғыр қақ,
Жаңа оқу жылын ашқасын
Бал үнің сенің сырлы ырғақ
Сыныпқа бізді бастасын
Қоңырау үні шарықта,
Өзіңнің сиқыр тіліңде
Қызмет көрсет халыққа
Шақырып өнер – білімге
Жаңа оқу жылы жемісті
Мерейі үстем жыл болсын
Шәкірттеріміз өрісті
Елім дер қыз бен ұл болсын.