Қош келдің, Әз Наурыз! — сценарий

Қош келдің, Әз Наурыз! - сценарий

Қош келдің, Әз Наурыз!

Мақсаты:

  • Наурыз мейрамының пайда болу тарихымен таныстыру.
  • Еліміздің салт-дәстүрімен таныстыра отырып, әдет ғұрып мәдениетін меңгерту.
  • Халқымыздың дархан қасиетін дәстүрін оқушылар санасына сіңіру, дүниетанымын арттыру.
  • Ұлтжанды, дәстүрді сыйлай білетін өмірлік ұстанымы бар тұлға тәрбиелеу.

Көрнекілігі: ұлттық киімдер, шарлар, жалаушалар, қабырғаға ұлағатты сөздер, мерекелік суреттер ілінген, сынып бөлмесін мерекеге сай безендіру.

Техникалық құралдар: проектор, презентация.

Мұғалім:

Құрметті қонақтар, ата-аналар, ұстаздар, кішкентай балаларым! Бәріміздің көптен күткен мерекеміз Наурыз мерекесі келіп жетті. Наурыз «Жаңа күн!» деген мағына беретін сөз екен. Бұл мереке ата-бабаларымыз тойлаған, ежелден келе жатқан ұлы мереке. Ұлыстың ұлы мерекесінде сіздерге тілерім еңбектеріңіз өнімді болсын! Балалар жаңа жылда үлкен жетістіктерге жетіп, тек жақсылықтарымен жоғарыдан көрінсін!

1-жүргізуші: Құрметті халайық! Наурыз мерекесіне арналған ойын-сауық кешіне қош келдіңіздер!

2-жүргізуші: Мерекелеріңіз құтты болсын!

1-жүргізуші: Наурыз ән-күйдің, достық пен ынтымақтастықтың мерекесі. Бұл мерекеде адамдар бір-біріне сыйлық тартып, біріне-бірі қошемет көрсетеді.

2-жүргізуші: Ау, достым тоқтай тұр. «Әке тұрып, ұлы сөйлегеннен без, ана тұрып қызы сөйлегенннен без» демекші алдымен үлкендерді тыңдайық.

Ортаға әжелер шығады

1 әже:

Наурыз айы шығыс күнтізбесінде жылдың алғашқы айы. Бұл айда күн мен түн теңеледі, жер көгереді.

2 әже:

Наурыз көже тойға тән ерекше мерекелік тағам. Оны жеті түрлі дәмнен пісіреді. Дастарханға бауырсақ, құрт, ірімшік секілді ұлттық тағамдар қояды. Балаларға дәм берейік.

Мұғалім:

Балалар, теледидарда «Наурыз думан» тақырыбында керемет бағдарлама көрсетуде. Назар аударайықшы.

(Слайд көрсетіледі)

Жүргізуші: Рахмет, әжелер! Ендігі кезекте оқушылардың сый тартуын тыңдаңыздар.

  1. Жүріңдер Наурызға басып аяқ,
    Қалыс қадам болмасын некен саяқ.
    Ән шырқап, би-билейік, қауым болып.
    Тұрмайық уақыт келді өнерді аяп.
  2. Құтты болсын Наурыз той
    Құлпырып тұр қыр мен ой
    Күн мен түн теңелді,
    Жер шуаққа бөленді.
  3. Көптен күткен Наурыз тойы арайлы
    Нұр толтырып жатыр міне маңайды.
    Мал біткеннің бал татыған уызы
    Қуат болып қанымызға тарайды.
  4. Наурыз тойы мерекесі ұлтымның,
    Берекесі ырысы мен құтының.
    Тәуелсіздік думаны мен бір келген
    Ұлы күні, ұлыс күні жұртымның.
  5. Наурыз айы-гүл айы,
    Наурыз айы-нұр айы.
    Наурыз айда халқымның
    Құлпыра түсер шырайы
  6. Орайы бар даланың
    Аманбысың жаңа күн
    Сәлем халқым тілегім
    Сендермен бірге жүрегім
  7. Орындалды ойларың,
    Құтты болсын тойларың.
    Күн мен айға әлемнің,
    Бердік ыстық сәлемін.
  8. Қарттарыма сүйеніп
    Сәлем бердік иіліп,
    Орындалды ойларың.
    Құтты болсын бүгінгі,
    Наурыз атты тойларың

Қыздардың орындауында ән «Қазақтың дастарханы»

Ортаға жігіттер шығады:

— Жігіттер, Ыбырай атаны мерекесімен құттықтап, немересіне құтты болсын айта шығайық.
— Жүріңдер, жүріңдер.
— Ассалаумағалейкүм, ақсақал!
— Ата, мереке құтты болсын, немереңіздің бауы берік болсын!
— Рахмет айналайындар, өркендерің өссін!
— Жігіттер, тойға әкелген әнмен, жырдан шашуымызды шашайық.
— Рахмет балаларым, сәбиге бата беріп, біз де тұрайық.

Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын!
Ұлыс бақты болсын,
Төрт түлік ақты болсын!
Ұлыстың ұлы күнінде
Ұлыс оңға қонсын!
Менің берген бұл батам
Алланың құлағына шалынсын!
Ал немереміз
Алланың сүйікті құлы болсын,
Халқының қадір тұтар ұлы болсын!
Ақындардың жырлайтын жыры болсын!
Аспанымыздың күндей нұры болсын!
Әумин!

Ақсақал, жігіттер шығып кетеді

Жігіттердің орындауында ән «Қазағымның дәстүрлері»

1 әже:

Сәбиді арамыздағы үлкен анамызға бесікке салдырып алайық.

Ортаға бесік пен сәбиді алдырамыз.

Бесік қасиетті, киелі мүлік сәбидің алтын ұясы, бесікті аластап, тыштыма жасап алайық. Бала сұлу болсын деп, жастығының астына айна-тарақ, шошымасын деп пышақ қоямыз. Үстіне жеті қадірлі затпен жабамыз.

Бесік жырын айтайық.

Ән мен биге орын берейік:

  • Наурыз әні
  • «Аққу» биі
  • «Жаса Қазақстан!» әні

1-жүргізуші: Ал енді, қорытынды сөз қонақтарда.
2-жүргізуші: Ата-аналардың наурыз тілектерімен кешімізді аяқтаймыз

Добавить комментарий