Бір белестен өттіңдер!
(4 сыныптардың бастауышпен қоштасу сценарийі)
Тақырыбы: «Бір белестен өттіңдер!»
Мақсаты:
- Білімнің сара жолы бастауыштан басталатынын, бастауышта алған білімнің негіз болып қаланатынына көз жеткізу.
- Бастауыш сыныбымен, алғаш қолына қалам ұстатқан алғашқы ұстазымен қоштаса отырып, орта буында дәріс беретін ұстаздармен таныстыру, әр баланың ерекшелігін таныта отырып, сәт – сапар тілеу.
- Білім берер ордасы — мектепті, ұстаздарын құрметтеп, білімге деген құштарлығын арттыру. Өз Отанының адал ұлы мен қызы болуға тәрбиелеу.
Көрнекілігі: «Шуағын төккен 4 жыл» слайдтары, қанатты сөздер мен тақырып.
Мұғалім: Қош келіпсіздер, құрметті ата – аналар, қымбатты әріптестер, оқушылар! Бүгінгі күн осында отырған бәріміз үшін ерекше күн. Оның ерекшелігі сол, осыдан 4 жыл бұрын мектеп табалдырығын жүрексіне аттаған балаларыңыз білімнің негізі болатын бастауышта оқып, білім алып, қанаттарын қатайтып бастауыш сыныппен қоштасқалы отыр. Бүгінгі ертеңгілігіміз бастауышпен қоштасқалы отырған балаларымыздың тек бастауышпен ғана емес, бал балалық шағымен де қоштасар сәті деп есте қалсын деп ертегі желісінде өткізгенді жөн көріп отырмыз. Ендеше ертегімізді бастайық.
Мұғалім:
(Арнайы дайындалған видео көрсетіледі)
Ерте, ерте ерте ме екен, әлде қазір ме екен «№5 орта мектеп патшалығы» атты кішкентай ел болған екен. Бұл патшалықтың басқа патшалықтан бір ерекшелігі айнала әсем гүлдер, көк, жасыл ағаштар жайқалып патшалыққа ерекше бір сән беріп тұрады екен. Келген жанның жасыл орманының сұлулығына көздері тоймайды екен.
Бір ғасырдан астам бұл патшалықта өмір сүріп келе жатқан әр ұлт тұрғындары сондай ақылды, білімді, өнерлі болады екен. Ол патшалыққа жамандық атаулы мүлде жоламаған екен, себебі бұл патшалықта әр ұлт өкілдері тату — тәтті өмір сүреді екен. Бұл патшалықты бір ғасыр бойы хандар басқарып келсе, биылғы жылы хан тағына өзі сұлу, көрікті жас Әлия есімді ханым отырыпты.
Ол патшалық екі хандыққа бөлініпті. Бірі «Бастауыш хандығы», екіншісі «Орта буын хандығы» екен. Ол екі хандық тату қарым — қатынаста тұрған екен. Ең кіші «Бастауыш» хандығында кішкене бүлдіршіндер өмір сүріпті. Тәп — тәтті бүлдіршіндер кез келген мейманды тәтті қылықтарымен баурап алады екен. Оны патшалықтың ауласында жайқалып өсіп тұратын гүлдердің бірі Раушан гүлімен аттас Раушан есімді ханшайым басқарады екен.
Ал екінші «Орта буын» патшалығын Нейля есімді орыс ханымы басқарыпты. Сонымен уақыт өте келе 10 жасқа толған «балбұлақтықтар» көрші «Орта буын» хандығына өтеді. Осындай күн 2024 жылы «Бастауыш хандығының» табалдырығын аттаған, 10 — ға толған 4 сыныбының тұрғындарының басына да жеткен екен. Сөйтіп олар «Орта буынға» жол тартыпты.
(Слайдтан бастауыш мектептен шығып келе жатқан оқушылар көрсетіледі)
Мұғалім: Сонымен 2024 жылғы «Бастауыш хандығының» түлектері жақындап қалған екен, қарсы алайық.
(Ортаға 4 б сынып оқушылары шығады)
Мұғалім:
Бесіктегі баланың,
Күлгенін көрген бір мұрат.
Алдына түсіп ананың,
Жүргенін көрген бір мұрат — дегендей, мұны көру де бір бақыт деп ойлаймын.
Сіздердің алдарыңызда тұрған мына бүлдіршіндер, 4 — ші сынып оқушылары осыдан төрт жыл бұрын 6 жасар бала болса, бүгін міне, ес біліп, етек жиған шәкірттер бастауыш сыныппен қоштасқалы отыр. Ендеше осы бастауыш сынып түлектерін құттықтау үшін, «№5 орта мектеп патшалығының» ханымы, директоры Әлия Пауединқызын шақырамыз
(Ә. П. Әбдіғапарова сөз сөйлейді)
Мұғалім: Рахмет сізге, Әлия Пауединқызы. Балалар бүгінгі мерекемізге екі хандықтың хашайымдары да келіп қалыпты ғой.
(Ортаға екі жүргізуші шығады, олар бастауыш пен орта буын хандығының ханшайымдары болып мерекені жүргізеді)
«Бастауыш хандығының» ханымы:
Ханым, менің хандығымнан тағы бір қарлығаштарым ұшқалы отыр. Ақ батамды тілеп, сенің хандығыңа өткелі отырған бүлдіршіндерім 2020 жылы тарыдай болып патшалық табалдырығын аттаған кішкене бүлдіршіндер, бүгін міне ақыл – ойлары толысып, оң мен солын танып, жақсы мен жаманды ажырата алатын шәкірт болды.
«Орта буын хандығының» ханымы:
Е, ханым, уақыт деген сиқыршы ғой! Міне көзді ашып – жұмғанша кешегі кішкене бүлдіршіндер де есейген екен.
«Бастауыш хандығының» ханымы:
Армандасаң да, қиялдасаң да балалық шағың көз алдыңа келеді. Өйткені, биік асуға беттеген аяулы ғұмыр, ғажайып өмір осынау бал күлкілі балалық шақтан басталады. Балдырғандар өміріне өшпес із қалдырған бастауыш хандығымен қоштасып, ханым өзіңнің қанатыңның астына барғалы отыр.
«Орта буын хандығының» ханымы:
Сенің хандығыңнан менің хандығыма өтетін балдырғандарға өте разымын. Десек те, сен білесің, менің хандығыма өту оңай емес. Мен хандығыма өнерлі, білімді шығармашыл балаларды қабылдаймын.
«Бастауыш хандығының» ханымы:
Ханым, жылдағы дәстүрді бұзбағым жоқ! Ендеше сол балалардың өнері мен білімін көрсетер сәт те келген екен. Ендеше қызықты да ғаламат өзгерістер сыйлаған, білім нәрімен сусындатқан, өмірде өз жолдарын табуға жол сілтеген ұстаздарына, ата — аналарына, балдырғандарымыз өз өнерлерін көрсетуге дайын. Міне, менің патшалығымның ұшқалы отырған мақтаныштары. Сынақты бастасақ бастайық.
«Орта буын хандығының» ханымы:
Көріктеріне ақылдары сай, тамаша балдырғандар екен. Бастауыш патшалығында 4 жыл бойы жетістіктерге жетіп жүрген балдырғандар бар ма?
«Бастауыш хандығының» ханымы:
Бастауышта шырқалмаған жыр бар ма?
Бастауышта айтылмаған сыр бар ма?
Бастауыш алған білім, жырларын
Көрсетеді бүгін міне ортада
Мұғалім:
Бұл күнге жайдан-жай жете салмағанымызды ескерсек, бүгінгі күні сіздердің алдарыңызда рахаттана еске алатын сәттеріміз де аз емес. «Шуағын төккен 4 жыл» атты слайдқа назар аударыңыздар! Бір сәт елестетер болсақ
(Слайд көрсетіледі)
«Бастауыш хандығының» ханымы:
Ал енді бастауыштан ұшқалы отырған түлектерге сөз берейік, ұстаздарына айтар тілектері бар шығар.
Аружан:
Бала шаққа болашақты жырлатып,
Шәкірттерге ой түзеткен сымбатты.
Күн нұрындай сәуле құйған көңілге,
Армысыздар, ұстаздарым қымбатты!
Армысыздар әжелер мен аналар
Ұрпағыңыз күнде өзіңнен бата алар.
Ел дәстүрін мәңгі сыйлап оқы деп,
Үйреткен ғой Абай, Ыбырай бабалар
Гүлсамал:
Армысыздар өр тұлғалы әкелер!
Қыран құстай балапанын мәпелер.
Бүгін міне бастауышпен қоштасады,
Азамат боп, кешегі сәби — еркелер!
Армысың сен, алтын ұя мектебім
Саған айтар жыр — алғысым көп менің
Жүректерге жаққан білім шырағын,
Мектебіме арналады бұл әнім!
Еркін:
Дұрыс айтасың, бұл мектептен қаншама адам тәлім алған десеңші. Менің атам да, әжем де, әкем де, анам да, енді мен де мектептен тәлім алудамын.
Мұғалім:
Олай болса алтын ұя мектебіміздегі ұстаздарымызға арнап «Ұстазым» әнін Сандуғаш орындап береді, қабыл алыңыздар.
Ән: Ұстазым
Мұғалім:
Иә мектебімізге, ұстаздарымызға қандай жыр арнасаң да жарасады. Ендеше балалардың мектепке арнаған жырларын тыңдайық.
Тұрсынбек:
Мектебім — білім берер алтын ұям.
Ер жетіп сенде сөзім, артты санам.
Баулыған 4 жыл бойы ата — анамдай.
Әрқашан қасиетті атың маған.
Әнуар:
Арада өтсе дағы дүркіреп жыл,
Әр күні балалықтай бір жүрек бұл.
Өзіңе борыштармын өмір бойы
Есейген шәкіртіңнің серті деп біл.
Ернар:
Армысың сен алтын ұя мектебім,
Саған айтар жыр алғысым көп менің.
Жүректерге жаққан білім шырағын,
Мақтан етем сені мәңгі мектебім.
Алида:
Ұлылықты ардақ тұтар үнемі,
Алтын ұя, ақ босаға киелі.
Қанат қаққан білім алып өзіңнен,
Күллі шәкірт саған басын иеді.
Жангелді:
Мектебім, алтын ұям, нұрың жарық,
Жайнаттың үмітімнің гүлін жарып.
Сүйкімді сенің күміс қоңырауың,
Тұрады құлағымда сыңғыр қағып.
Олжас:
Мектеп – үйім, ұстазым менің – ата — анам,
Сеннен өсіп, сеннен ғана нәр алам.
Саяң ыстық, сен мәуелі бәйтерек.
Тамырланып, сан тарапқа тараған.
«Бастауыш хандығының» ханымы:
Мен өзімнің хандығымның балдырғандарына риза болып отырмын. Әрі қарай балалардың өнерін тамашалайық! Ханым біздің балаларымыздың арасында «Бояулар сыры» өнер мектебінің үйірмесінің он саусақтарынан өнері тамған, болашақта хандығымыздың сурет өнерін әлемге паш етемін деп отырған суретші, он қолдарынан өнері тамған балғындарымыз да бар.
«Орта буын хандығының» ханымы:
Қане тамашалайық өнерлерін.
(Сурет көрмесінен суреттер көрсетіледі. Оқушылар салған суреттерін көрсетіп, сурет сыры жайлы әңгімелейді)
Мұғалім:
Құрметті қонақтар, алдарыңызда сурет лицейіне қатысатын 4 сынып оқушылары өздерінің туындыларымен.
Самат:
Сурет өнері – рухтың, құмарлық пен ынтызарлықтың, әр алуан көңіл күйдің ісі.
Майя:
Өнермен айналыссам деген адамның ақыл — ойы – айқын, ерік — жігері – зор, тілек — мақсаты – адалдыққа қызмет етуге талап жолында болуы шарт.
Мереке:
Өнерді меңгеру дегеніміз – өнерге қатысты мәселелерді ақыл арқылы ұғыну және талғам қабілетін игеру.